Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXIX Қазақстан чемпионаты
Астана
Астана
Ұлттық лига, Плей-офф Финал
08.05.2021, 15:00 Сн
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
94:80
Негізгі уақыт
25:26 29:17 20:23 20:14
Ойын нөмірі: 14
Көрермен: 0
Атырау Барыстары
Атырау

«Астана» Ұлттық лигадағы тоғызыншы чемпиондық атағына бір адым қалды

09.05.2021, 10:00    Просмотров: 401
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының Ұлттық лигада тоғызыншы чемпиондық мәртебесіне бір ғана жеңіс қалды. Олар финалдық кезеңдегі екінші ойында да жеңіске жетті.

Бұл ойында есепті Асқар Майдекин ашты, ол айып сызығынан бір мүмкіндігін мүлтіксіз орындады. Қонақтар да қарап қалмай, бір айып соққысымен есепті теңестіріп, іле-шала алға да шықты. «Астананың» ойын барысындағы алғашқы ұпайларын Оярс Силиньш еншілеп, әрі елорда ұжымының соны серпілісін бастады. Оны Майдекин мен Хилл қостай жөнелді. Джеремайяның үш ұпайлық добынан кейін, есеп айырмасы жеті ұпайға жетіп, қонақтар тайм-аут алды. Соның арқасында олар біздің команданың қарқынын тежеді. Эмиль Райковичтің шәкірттері алда ойқастап, қонақтар оларды қуып жетуге тырысумен болды. Әрі бірінші кезеңнің 8-ші минутында таразы басын теңестірді де. Осы уақыт аралығында бізден тағы да Оярс пен Джеремайя доп салған болатын. Бірінші онминуттықтың аяғына дейін екі команда алма-кезек алға шығып, дода көрігі қыза түсті. Рустам Мырзағалиев пен Вадим Щербак алғашқы ұпайларын еншілесе, кезең соңында Хилл үш айып соққысын мүлтіксіз орындады. Әйтсе де, бұл кезеңде “Атырау Барыстары” бір ұпай айырмасымен басым түсті – 25:26. Екінші кезеңде Антон Пономарев есепті тез теңестірді, содан кейін Силиньш пен Хилл біздің команданың кезекті серпілісін ұйымдастырды. Бірақ командалар арасы соншалықты алшақ болған жоқ, кезеңнің бел ортасында небәрі 4 ұпайға тең болды. Бұан кейін Максим Марчук осы ойындағы алғашқы ұпайларын еншілеп, ал Антон Пономарев «Астана» басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Кезең соңына дейін біздің жігіттер Хилл, Марчук және Майдекин салған доптардың арқасында осы 10 ұпай арақашықтықты ұстап тұрды. Ал матчтың бірінші жартысының қорытындысын Николай Бажин түйіндеді – 54:43.

Максим Марчук

Алаңдағы орындарын ауыстырған соң, екі команда кезең басында бір-бірінің шығыршығын атқылап, “Атырау Барыстары” есеп айырмасын 5 ұпайға дейін қысқартты. Бірақ Оярс бірден сазайын берді – екі мәрте үш ұпайлық доп салып, есеп айырмасы қайтадан екі таңбалы санға тең болды. Елорда командасы ойын тізгінін өз қолдарынан шығарған жоқ, бірақ ойын барысында үстемдік құра алмады. Джеремайя Хилл белсенді түрде ұпай қорымызды молайта берді, сондай-ақ Роберт Пан мен Дмитрий Гаврилов бұл ойындағы алғашқы доптарын салды. «Астана» соңғы кезең қарсаңында алда тұрды, бірақ есеп айырмасы небәрі 8 ұпайға тең еді – 74:66. Төртінші кезеңнің басында “Атырау Барыстары” есепті тез арада қысқартуға тырысты, әрі оны 5 ұпайға дейін кемітті де. Бірақ кезеңнің үшінші минутында Асқар Майдекин “Астана” басымдығын қайтадан екі таңбалы санға жеткізді. Максим Марчук кезекті ұпайларымен астаналық гандикаптың 10 ұпай шамасында сақталуына өз үлесін қосты. Матчтың аяқталуына үш минут қалғанда 9 ұпай айырмасымен ұтылып жатқан “Атырау Барыстарының” жаттықтырушылары тайм-аут алып, өз шәкірттерінің ойын өрнектеріне түзетулер енгізуге тырысты. Бірақ Атырау командасы бұдан да көп нәтиже шығара алмады. Кездесу соңында Оярс Силиньш пен Джеремайя Хилл доп салып, Дмитрий Гаврилов айып сызығынан 4 ұпай еншіледі. Сөйтіп, “Астана” финалдық додада екінші рет жеңіске жетті. Есеп – 94:80.

Салдары: «Астана» кезекті чемпиондық атағына бір қадам ғана қалды. «Атырау Барыстары» намысты қолдан бермеуге тырысып-ақ жатыр, бірақ енді қателесуге құқы жоқ. Үш жеңіске дейін созылатын финалдық додада «Астана» 1:0 есебімен алда тұр.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Джеремайя Хилл өзінің бар өнерін салып, 32 ұпай жинап, 7 рет доп қағып алды, 4 пас беріп, 3 рет допты тартып әкетті. Оярс Силиньш 20 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды және 1 блокшот. Максим Марчуктің еншісінде – 9 ұпай, 8 рет доп қағып алып, 2 пас берді және 2 рет допты тартып әкетті. Дмитрий Гаврилов пен Антон Пономарев 8 ұпайдан еншіледі.
  • «Атырау Барыстары» – қонақтар сапында Владимир Иванов ең тиімді ойыншы болды – 12 ұпай және 7 рет доп қағып алды. Ал ең көп ұпай жинаған ойыншы Олег Балашов болды – 18.


Келесі матч: Финалдық доданың үшінші ойынын 11 мамыр күні Атырауда өткізу жоспарланған. Бұл тіпті шешуші сындағы соңғы матч болуы да тиіс. Егер қажет болса, төртінші ойын да, 12 мамыр күні, сонда өтуі керек. Екі матч та астана уақытымен 18:00-де басталатын болып белгіленген. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2005 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: AIROM ARENA
Қала: Атырау Сайт: www.bcbarsy.kz

Сипаттамасы

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Атырау қаласынан.

«Атырау Барыстары» баскетбол клубы 2003 жылы құрылды. Бұған 2001 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясының құрылуы ұйытқы болды. 2003 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясы мен Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск баскетбол федерациясының күш-жігерлерімен «Атырау Барыстары» командасы құрылды.

Жетістіктері:
  • Қазақстан Чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019, 2019/2020, 2020/2021, 2021/2022
  • Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан Кубогының иегері: 2009, 2022
  • Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан Кубогының қола жүлдегері: 2020, 2021

Команданың жалпы суреті

Атырау Барыстары