«Астана» баскетбол клубының «Алматы Легионымен» өз алаңында өтетін қарымта қос ойыны COVID-19 нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты Щучинскідегі бейтарап алаңда өтеді.
«Алматы легионы» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Алматы қаласынан, 2006 жылы құрылған «Алматы» баскетбол клубының құрамына енеді.
Жетістіктері:
“Астана” биылғы маусымда “Алматы Легионымен” екі матч өткізген. Бұл ойындар өткен жылғы желтоқсан айының басында оңтүстік астанада өткен. Әрі біздің команда екі кездесуде де қарсыласын ойсырата ұтқан болатын. Жаңа жылда алматылықтар сапында қиындықтар туындады, соның кесірінен олардың құрамдары біршама әлсіреп қалды. Осылайша, “Астана” алдағы екі ойында сөзсіз фаворит болып саналады.
Команда құрамындағы өзгерістер: Жоғарыда атап өткеніміздей, “Легион” қаржы мәселесіне байланысты құрамын өткен екі матчпен салыстырғанда едәуір өзгертті. Командадан легионерлерінің бәрі кетіп қалды: Дмитрий Свиридов, Александр Кодола, Сергей Марихин және Роман Лагутин, соңғысы “Каспий” командасына ауысты. Сондай-ақ осы Ақтау командасына алматылықтардың тағы көшбасшысы ауысып кетті – Роман Марчук. Ал Әнуар Шәкіров Шымкенттің “Қазығұрт” командасына ойысты. Сонымен қатар, “Легион” құрамынан Константин Марзан да кетіп қалды. Олардың орындарын фарм-командасындағы жас ойыншылары басты: Райымбек Рахмедет, Арсен Ордоков, Диас Қалымбетов, Андрей Волков, Даниил Севергин, Әділ Тайыпов және Қайрат Райымов.
Команда көшбасшылары: Негізгі құрамдағы ойыншыларының басым бқлігі кетіп қалған соң «Легионның» жаттықтырушылары құрамы жастарға сенім артып жүр. Жаңа жылға дейін де тәп-тәуір өнер көрсеткен Вадим Коржов дәл қазір команданың ең тиімді және көп ұпай жинаған ойыншысы болып отыр. Негізгі құрамдағы “алыптар” рөлі Никита Тимофеев пен Даниелл Альбрантқа бұйырды. Сонымен қатар, қазір негізгі құрамда Темірлан Жүнісов, Вадим Фабрикантов, Станислав Сахипов және Максим Раковских ойнап жүр.
Турнир кестесіндегі жағдай: “Астана” Қазақстан чемпионатында бірінші орынды меншіктеп, ел біріншілігінде жеңілістің дәмін әлі татпай келеді. “Алматы Легионы” Жаңа жылға дейін, яғни қиын жағдайға тап болғанша, маусымды тәп-тәуір өткізіп келе жатқан, нақтырақ айтқанда, 14 ойында 7 рет жеңіске жеткен болатын. Бұл олардың үшінші орынға орналасуларына мүмкіндік берген еді. Алайда, құрамдары өзгеріске ұшыраған соң, олар Қостанайда екі рет ойсырай ұтылып қалды. Әйтсе де, маусымның бірінші бөлігінде еншілеген ұпайлары олардың әлі де үздік үштіктегі орындарында тұрақтай тұруларына мүмкіндік беріп келеді. Рас, егер олар алдағы екі ойында да ұтылып қалса, онда үшінші орынды “ Тобылға” босатады.
Матчтар сейсенбі және сәрсенбі күндері – 26 және 27 қаңтарда Щучинскідегі «Жақсы – 2» спорттық базасы аренасында өтеді. Бірінші матч астана уақытымен 18:00-де, ал екіншісі 15:00-де басталады. Матчтардың онлайн-трансляциялары сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
Солтүстің және оңтүстік астаналар арасындағы екі матчтық кезекті дода «Астана» баскетбол клубының қарсыласын күйрете жеңуімен басталды. «Алматы Легионының» жаңарған құрамы елорда ұжымының дүлей шабуылдарына төтеп бере алмады, ал біздің жігіттер есеп айырмасы бойынша маусым рекордын жаңартты. Осы орайда, Эмиль Райковичтің бұл матчқа тек Қазақстан ойыншыларын шығарғанын айта кетуге тиіспіз.
Есепті Роберт Пан ашты, ол біздің команданың ғана емес, осы ойындағы алғашқы алты ұпайды бір өзі еншіледі. “Алматы Легионы” бес минуттың ішінде бес ұпай алды, бірақ бұл кезде олар 10 ұпай айырмасымен ұтылып жатқан. Елорда командасы қарқындарын бәсеңсітпей, ойын тізгінін өз қолдарында ұстады. Бірінші кезеңнің соңғы минутында Вадим Щербак біздің басымдығымызды жиырма ұпайға жеткізді. Әрі бұл кезең «Астананың» үстем түсуімен аяқталды – 34:13. Екінші кезеңде де Эмиль Райковичтің шәкірттері айылдарын жимай, басымдық танытты. Бірақ жалпылама алғанда, ұпай еншілеу едәуір бәсеңсіп қалды. “Алматы Легионы” тәжірибесі мол “Астанаға” қарсы ешқандай қайрат көрсете алмай, есеп айырмасы минут сайын алшақтай берді. Кезеңнің жетінші минутында Дмитрий Гаврилов есеп айырмасын 30 ұпайға жеткізді. Ал матчтың бірінші жартысының нүктесін Максим Марчук қойды – 57:20.
Матчтың екінші жартысының басында Рустам Мырзағалиев бірден “Астана” басымдығын қырық ұпайға жеткізді. Ал үшінші кезеңнің ортасына қарай, Максим Марчуктың кезекті дәл соққысынан кейін есеп айырмасы елу ұпайдан да асып кетті. Үшінші кезеңде алматылықтар небәрі 11 ұпай еншіледі. Ал біздің команда осы уақытта өз есебіне одан он ұпай артық қосты – 21 ұпай. Соңғы кезеңнің басында командалар арасы тым алшақ болды – 78:31. “Алматы Легионы” қолынан келгеннің бәрін жасап, мейілінше тырысты-ақ, бірақ командалар деңгейі жер мен көктей болып шықты. Матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда Николай Бажин елорда командасының басымдығын алпыс ұпайға дейін жеткізді. Ал бір минуттан кейін ол біздің команданың осы ойындағы ұпай қорына жүз бірінші ұпайды салды. Әу бастан-ақ, екі команданың құрамы дайындық және тәжірибе деңгейі жағынан мүлде екі түрлі екені байқалған. Алайда ойынның аты ойын, “Астана” бүгін “Алматы Легионын” тас-талқан қылды – 109:41.
Салдары: Турнир кестесінің бірінші сатысын меншіктеген “Астанаға” енді ешқандай қауіп жоқ, ал “Легион” осы жеңілісінен кейін бір саты төмендеп, төртінші орынға ығысты.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Келесі матч: «Алматы Легионымен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 27 қаңтар күні Щучинскідегі «Жақсы – 2» спорттық базасы аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.