Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXIX Қазақстан чемпионаты
Тобыл
Қостанай
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
18.01.2021, 18:00 Дс
Арена: ССК «Қостанай» (Қостанай)
82:110
Негізгі уақыт
16:31 25:26 19:28 22:25
Ойын нөмірі: 42
Көрермен: 0
Астана
Астана

«Астана» нәтижелігімен маусымдағы өз рекордын жаңартып, «Тобылды» тағы тізерлетті

19.01.2021, 10:00    Просмотров: 171
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

Қостанайдың «Тобылы» «Астана» баскетбол клубының Ұлттық лига маусымында елордалықтарға қайрат көрсете алмаған соңғы қарсыласы болды. Бұл ойында біздің бапкерлеріміз қазақстандықтармен бірге Майкл Томпсон мен Адонис Томасты алаңға шығарды.

Есепті Вадим Щербак ашты, бірақ алаң иелері келесі шабуылдарында-ақ алға шықты. Ойынның басында екі команда алма-кезек алға шықты. Алайда одан кейін біздің команда көсіле сілтеп, қара үзе бастады. Кезеңнің ортасында Дмитрий Гаврилов есеп айырмасын алты үпайға дейін жеткізді. Одан кейін, Адонис Томастың үш ұпайлық дәл соққысынан соң, “Астананың” ұпайы алаң иелерінің нәтижесінен екі есе артық болды. Бұдан кейін Роберт Пан елорда командасының басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Қостанайлықтар есеп айырмасын қысқартуға тырысты, бірақ екі таңбалы санды азайта алмай қойды. Бірінші кезеңнің соңындағы екі нәтижелі шабуыл да біздің командаға тиесілі болды – Рустам Мырзағалиев пен Максим Марчук өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Сөйтіп, бірінші он минуттық ойын уақытынан соң “Астана” 15 ұпаймен оқ бойы алда тұрды – 16:31. Екінші кезеңнің басында ойын тең дәрежеде өтті. Әрі есеп айырмасы 11-ден 18 ұпайға дейінгі аралықта тербеліп тұрды. Кезеңнің бел ортасынан матчтың бірінші бөлігі аяқталғанша біздің команданың ұпайларын тек легионерлер Майкл Томпсон мен Адонис Томас олжалап отырды. Командалар үлкен үзіліске екінші кезеңнің ортасындағы есеп айырмасымен шықты – 16 ұпай, ал есеп – 41:57.

Эмиль Райкович

Шығыршық ауыстырған соң “Астананың” басымдығын Томпсон мен Томас одан әрі ұлғайта берді. Адонис тіпті есеп айырмасын жиырма ұпайға дейін жеткізді. Келесі үш шабуылды Дмитрий Гаврилов сәтті аяқтады. Ал кезең ортасында Рустам Мырзағалиев шығыршыққа допты алыстан дөп түсірді. Алайда алаң иелері де өз шабуылдарын сәтті аяқтап отырды. Бірақ бұл біздің команданың одан әрі ұзап кетпеуіне жол бермеуге ғана жеткілікті еді. Үшінші кезеңнің ортасына қарай “Астана” 23 ұпаймен қара үзіп кетті. Ал бұл кезеңнің нүктесін Майкл Томпсон қойды – 60:85. Енді біздің команданың жеңіске жететініне ешкім де шүбә келтіре алмады. Алаң иелерінің бүгінгідей ойын өрнектерімен он минуттың ішінде 25 ұпай гандикапты жоюлары әсте мүмкін емес еді. Оның үстіне, біздің ұжым бауырын жазып, көсіле шауып, маусымдағы кезекті жүздігіне нық адымдап бара жатқан. Төртінші онминуттықтың басындағы нәтижелі шабуылдардан соң “Тобыл” кішігірім серпіліс жасап, есеп айырмасын біраз қысқартып, жиырма ұпайдан азайтты. Бірақ бұдан кейін біздің команда да жауап қатып, жиырма ұпайдан артық басымдықты қайта орнатты. Кезеңнің ортасына қарай Антон Пономарев есеп айырмасын отыз ұпайға, ал жалпы ұпай қорын жүздікке мейілінше тақай түсті. Келесі шабуылда Максим Марчук нысананы дәл көздеп, команадалар арасы 30 ұпайдан асты, ал “Астананың” ұпай қоры жүз ұпайдан асып түсті. Соңғы бес минутта “Астана” ұпай еншілеуін тоқтатпай, сабақтай түсіп, ақыры биылғы маусымдағы рекордқа қол жеткізді. Бұған дейінгі рекордты көрсеткішті де біздің команда қараша айында, “Каспиймен” өткен ойында, орнатқан болатын. Ал бүгінгі матчтағы ірі есеп – 82:110.

Ruslan Aitkali

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Тобыл» – Антон Быков бүгін қырық минут бойы толықтай тер төгіп, 26 ұпай еншіледі, 9 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Бүгін “Тобыл” сапында Павел Ильин де ойнап, 18 ұпай жинады, 6 рет доп қағып алып, 4 пас берді.
  • «Астана» –  бүгін біздің команданың барлық ойыншылары ұпай еншілеп, алтауы бірдей он ұпайдан артық жинады. Ең көп ұпай жинаған Майкл Томпсон болды – 18 ұпай, 9 пас және 2 рет допты тартып әкетті. Дмитрий Гавриловтың еншісінде – 17 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 2 рет допты тартып әкетті, 2 блокшот. Рустам Мырзағалиев 16 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды, 6 пас беріп, 2 рет допты тартып әкетті. Максим Марчук 14 ұпай, ал Адонис Томас пен Антон Пономарев 12 ұпайдан еншіледі, әрі Антон 8 рет доп қағып алып, 3 пас берді.


Салдары: “Астана” ел біріншілігінің финалдық кезеңіне шықты десек те болады, ал “Тобыл” плей-офф аймағынан мейілінше алыстай түсті.

Келесі матч: «Астана» келесі ойынын түзде, 24 қаңтар күні, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Красноярскінің «Енисей» командасымен өткізеді. Ал ел чемпионатындағы келесі ойындары 27 және 28 қаңтар күндері өз алаңында «Алматы Легионымен» өтетін болып жоспарланған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2003 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Қазақстан Арена: ССК «Қостанай»
Қала: Қостанай Сайт: www.bctobol.kz

Сипаттамасы

«Тобыл» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қостанай қаласынан.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2003/2004
    Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2004/2005, 2005/2006, 2006/2007, 2008/2009, 2009/2010, 2010/2011
    Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2017/2018, 2019/2020, 2020/2021
    Жоғарғы лига жеңімпазы: 2013/2014, 2015/2016, 2016/2017
    Жоғарғы лиганың күміс жүлдегері: 2010/2011
    Жоғарғы лиганың қола жүлдегері: 2014/2015
    Қазақстан кубогының иегері: 2005 ж
    Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2003, 2006, 2008, 2009, 2012, 2015, 219, 2020
    Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2018 

Команданың жалпы суреті

Тобыл