Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXIX Қазақстан чемпионаты
Атырау Барыстары
Атырау
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
30.11.2020, 18:00 Дс
Арена: AIROM ARENA (Атырау)
67:88
Негізгі уақыт
16:17 17:21 15:22 19:28
Ойын нөмірі: 40
Көрермен: 0
Астана
Астана

«Астана» түзде «Атырау Барыстарын» екі рет сүріндіріп, үшінші орынға ығыстырды

01.12.2020, 10:00    Просмотров: 231
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Ұлттық лига аясындағы екінші матчта да «Атырау Барыстары» табан тіресе тайталасса да, «Астана» баскетбол клубының командасы түзде тағы да ірі жеңіске қол жеткізіп, Атыраудан жеңіліссіз қайтты. Бұл ойында Эмиль Райкович алаңға тағы да Девин Марблге сенім артты, ал Майкл Томпсонның орнына Джеремайя Хилл шықты.

Бұдан бір күнгі матчтағы секілді, ойын есебін Антон Пономарев ашты. Әрі тура кешегі ойындағыдай, бірінші кезең тартысты өтті. Алаң иелері есепті бірден теңестіріп, намысты қолдан бермейтіндіктерін паш етті. Дмитрий Гаврилов біздің команданы қайтадан алға шығарғанда да, “Барыстар” кешіктірмей әрекет етіп, қауіп бұлтын сейілтті. Бірінші кезеңнің ортасына қарай атыраулықтар осы матчта бірінші рет алға шықты. Енді біздің жігіттер қуып жетуге тырысып, оған төрт минуттан артық уақыт жұмсады. Бірінші кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда, Девин Марбл таблодағы есепті теңестірді. Алаң иелері қолдарынан келгенінше, алға шығу үшін тайталасып бақты, бірақ бірінші кезең біздің команданың басымдығымен аяқталды. Алайда, бір ғана ұпай айырмасымен – 16:17. Екінші кезеңнің басы біздің сценарий бойынша өрбіді. Қорғаныста астана баскетболшылары 100% бар күш-жігерлерін салды, әрі алаң иелерін қауіпті ұмтылыстарымен тықсыра түсті. Бұл кезеңнің бастапқы бес минутында “Атырау Барыстары” небәрі бір ғана ұпай еншілей алды. Ал төртінші минутта Роберт Пан астана басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Кезең ортасында “Астана” қарсыласынан 12 ұпай озық тұрды. Командалар арасындағы екі таңбалы есеп айырмасы ұзақ тұрмады. “Атырау Барыстары” өздерін қамшылап, екінші кезеңнің басындағы сүреңсіз ойындарын түзеуге талпынды. Үлкен үзіліске дейін олар “Астанаға” біршама жақындай түсті, бірақ қуып жете алмады 33:38.



Матчтың бірінші жартысында, тура кешегідей, тартысты доп додасы болды. Егер екінші кезеңнің басындағы “Астананың” дүлей шабуылдарын есепке алмасақ, онда сенімді түрде командалар бір-біріне дес берген жоқ деуге болады. Үлкен үзілістен кейін Эмиль Райковичтің шәкірттері тағы да құйындай орап соға жаздады. Үшінші кезеңнің басталғанына бір минуттан артық уақыт өткенде Дмитрий Гаврилов есеп аырмасын қайтадан екі таңбалы санға жеткізді. “Атырау Барыстары” сонда да не сасқалақтамай, бар күш-жігерлерін жинап, жағдайды түзеуге лап қойды. Үшінші кезеңнің екінші жартысында барлық шабуылдарымызды Николай Бажин аяқтап отырды. Ол 9 ұпай еншілеп, алаң иелерінің есепті теңестірулеріне мүмкіндік берген жоқ. Сөйтіп, отыз минут ойын уақытынан кейін біздің команда 12 ұпай айырмасымен алда тұрды – 48:60. Соңғы кезеңде біздің жігіттер ойын тізгінін толықтай өз қолдарына алды. Бұл кезеңнің үшінші минутында-ақ Максим Марчук «Астана» басымдығын 15 ұпайға жеткізді. Атырау ұжымы біздің команданы қуып жетуге талпынып бақты, бірақ “Астана” оларға дес берген жоқ. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда Рустам Мырзағалиев есеп айырмасын қайтадан он бес ұпайға жеткізді. Алаң иелері жеңісті қолдан бермеуге тырысты, бірақ уақыт тым аз қалған еді. Екі таңбалы есеп айырмасы сол күйі сақталып тұрды. Көп ұзамай Девин Марбл оны 20 ұпайға дейін ұлғайтты. Қалған үш минутта “Астана” ойын тізгінін уысынан шығармай, атыраулық қарсыластарынан тағы да бір рет үстем түсті – 67:88.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Атырау Барыстары» – алаң иелері сапында ең көп ұпай жинаған ойыншы Эдвард Картер III болды – 22 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 4 пас. Павел Сизовтың еншісінде – 17 ұпай.
  • «Астана» – бар жағынан матчтың ең тиімді ойыншысы Николай Бажин болды – 22 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 5 пас. Девин Марбл 13 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды, 5 пас беріп, 3 рет допты “қиып” әкетті. Джеремайя Хилл еншісіне 10 ұпай жазды, 5 рет доп қағып алды және 8 пас берді. Ал Дмитрий Гаврилов 9 ұпай жинап, 7 рет доп қағып алды.


Салдары: “Астана” турнир кестесіндегі жағдайын нығайта түсіп, қазір өзінен кейінгі қарсыластарынан біршама ұзап кетті. “Атырау Барыстары” әзірше үшінші орынға ығысты.

Келесі матч: Жайық жағасынан оралған соң, біздің команда бір аптаға жетпес уақыт бойы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «Нижний Новгород» клубымен өз алаңында өтетін ойынға дайындалады. Бұл матч 5 желтоқсанға жоспарланып отыр. Ал Ұлттық лигадағы «Астананың» келесі қарсыласы – «Алматы Легионы». Олармен біздің жігіттер 8 және 9 желтоқсан күндері оңтүстік астанада додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2005 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: AIROM ARENA
Қала: Атырау Сайт: www.bcbarsy.kz

Сипаттамасы

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Атырау қаласынан.

«Атырау Барыстары» баскетбол клубы 2003 жылы құрылды. Бұған 2001 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясының құрылуы ұйытқы болды. 2003 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясы мен Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск баскетбол федерациясының күш-жігерлерімен «Атырау Барыстары» командасы құрылды.

Жетістіктері:
  • Қазақстан Чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019, 2019/2020, 2020/2021, 2021/2022
  • Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан Кубогының иегері: 2009, 2022
  • Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан Кубогының қола жүлдегері: 2020, 2021

Команданың жалпы суреті

Атырау Барыстары