Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXIX Қазақстан чемпионаты
Астана
Астана
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
10.11.2020, 19:30 Сс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
106:55
Негізгі уақыт
28:23 26:13 25:13 27:6
Ойын нөмірі: 13
Көрермен: 0
Ақтөбе
Ақтөбе

«Астана» Ұлттық лигада ұпай жинаудан рекорд жаңартып, «Ақтөбені» тағы тізе бүктірді

10.11.2020, 22:05    Просмотров: 358
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
“Астана” Ақтөбеден келген қонақтарын екінші рет өз алаңында қабылдады. Кешегі матчта елорда командасы қонақтарына ешқандай да мүмкіндік бермей, ойсырата жеңген болатын. Екінші ойынның алдында да біздің команданың жеңіске жететініне болжаушылардың бәрі кәміл сенді. Легионерлерден бұл ойынға тағы да Мартиньш Мейерс тіркелген болатын, бірақ бірден айта кетейік, ол алаңға мүлде шыққан жоқ, ал екіншісі Джеремайя Хилл болды.

Естеріңізге сала кетейік, кешегі ойынның бірінші кезеңінде «Астана» бірден алға шығып, ойын тізгінін уысынан шығармаған. Алайда бүгінгі матчта дәл солай болған жоқ. Есепті қонақтар ашты, ал Николай Бажин келесі шабуылда “Астананы” алға шығарды. Ақтөбеліктер бірден үш ұпайлық соққымен жауап беріп, қайтадан алға шықты. Бұдан кейін Рустам Мырзағалиев ерекше көзге түсіп, біздің команданың келесі 7 ұпайын өзі салды. Бірақ “Ақтөбе” де бүгін жанкештілік танытып, таразы басын теңестірді. Біздің алыптар, яғни Дмитрий Гаврилов пен Антон Пономарев жауапсыз 7 ұпай олжалады. Қонақтар сонда да берілмей, бірінші кезеңнің аяқталуына екі жарым минут қалғанда небәрі бір ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Ал матчтың бірінші ширек бөлігінің тәмамдалуына бір минут қалғанда Роберт Пан астана басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Әйткенмен, алаң иелері бар болғаны 5 ұпай айырмасымен басым түсіп, бірінші онминуттық 28:23 есебімен аяқталды. Екінші кезеңде де тартысты дода жалғаса түсіп, екі минуттан кейін “Астана” басымдығы небәрі бір ұпайға тең болды. Бірақ осыдан кейін “Астана” ойын тізгінін өз қолдарына алып, елордалық гандикап тез арада, қайтадан екі таңбалы санға жетті. “Ақтөбе” өкілдері қайтадан таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ олардың талпыныстарын біздің команда тойтарып, матчтың бірінші бөлігін айқын басымдықпен аяқтады – 54:36.

Джеремайя Хилл

Он бес минуттық үзілістен кейін «Астана» қарқынын үдете түсті. Эмиль Райковичтің командасы қарсыласынан құйрық үзе бастады. Екі минутқа жуық уақыттан кейін, Рустам Мырзағалиевтің үш ұпайлық добынан соң есеп айырмасы жиырма ұпайға жетті. Ал Джеремайя Хилл тағы екі минуттан соң астана басымдығын отыз ұпайға жеткізді. Отыз ұпайлық айқын басымдық біздің команданың өздеріне деген сенімділіктерін артыра түсті. Елорда командасы есепті күрт өзгертпегенімен, үшінші он минуттықтың аяғына дейін 30-35 ұпай айырмасын ұстап тұрды. Ал “Ақтөбе” болса, алаң иелерінің үшінші кезеңнің басындағы қуатты соққысына төтеп бере алмай қалды. Бұдан кейін олардың есепті одан әрі ұлғайта түсулеріне жол бермегенімен, отыз ұпай айырмасын қысқарта алмады. Төртінші кезеңге шыққанда есеп 79:49 болып, қонақтар содан еңсе көтере алмай қалды. Түптеп келгенде, осыдан бір күн бұрынғы ойындағыдай, “Астана” төртінші кезеңге шықпай жатып-ақ жеңіске жететінін паш етті. Енді тек оны логикалық тұрғыда аяғына дейін жеткізу ғана қалды. Соңғы кезеңде Ақтөбеден келген қонақтардың ойындары мүлдем, қорғаныста да, шабуылда да, үйлеспей қойды. Ал “Астана” оларды қыспаққа ала түсіп, есеп айырмасы бірден жоғары өрледі. “Ақтөбе” соңғы 10 минутта бар жоғы алты ұпай ғана еншіледі, ал “Астана” бұл уақыта 27 ұпай олжалап, жүздіктен асып түсті және өте ірі жеңіске қол жеткізді – 106:55.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» – бүгінгі матчта Джеремайя Хилл үздік шықты, 15 ұпай еншілеп, 2 рет доп қағып алды, 4 пас беріп, 7 рет допты “қиып” әкетті. Бүгін Руслан Айтқали ерекше көзге түсіп, екі команда сапындағы ең нәтижелі ойыншы болды – 19 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 2 пас және 3 рет допты “қиып” әкетті. Антон Пономарев өз еншісіне 17 ұпай жазып, 7 рет доп қағып алды, 2 рет допты “қиып” әкетті.
  • «Ақтөбе» – қонақтар сапында Василий Петришинец үздік болды – 15 ұпай және 5 рет доп қағып алды. Сондай-ақ нәтижелі ойын өрнегін көрсеткендер: Владислав Гусак – 12 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 2 пас, 2 рет допты “қиып” әкетті және Айдархан Тоқтаров – 10 ұпай және 2 пас.

Салдары: «Астана» бүгінгі жеңісінен кейін турнир кестесінде жеке дара көш бастады. Әрі, «Атырау Барыстары» бүгін «Алматы Легионынан» ұтылып қалған соң, биылғы маусымда жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген жалғыз команда болып отыр. Ал «Ақтөбені» бүгінгі ірі жеңілісі турнир кестесіндегі соңғы орынға ығыстырды.

Келесі матч: ВТБ Бірыңғай лигасындағы, Красноярскінің «Енисей» клубымен, 13 қараша күні өтуі керек болған келесі ойыны кейінге шегерілгендіктен, енді «Астананың» жуырдағы матчы 5 желтоқсанға жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда, Астанаға «Нижний Новгород» клубы келуі керек. Еліміздің басты біріншілігіне келер болсақ, ол біздің жігіттер үшін 8 және 9 желтоқсан күндері оңтүстік астанада «Алматы Легионымен» жалғасады.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2017 Клубтық түстері: ақ, қызыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: СС «Қоныс»
Қала: Ақтөбе Сайт: https://www.instagram.com/bk_aqtobe

Сипаттамасы

«Ақтөбе» – Қазақстанның ерлер арасындағы баскетбол клубы, Ақтөбе қаласынан. 2017 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының Жоғарғы лигасының жеңімпазы – 2018/2019
  • Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасының қола жүлдегері – 2021/2022
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері – 2022

Команданың жалпы суреті

Ақтөбе