ВТБ Бірыңғай лигасы 2020/2021
Минск
Минск
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
21.03.2021, 18:00 Жс
Арена: Falcon Club (Минск)
78:80
Негізгі уақыт
24:24 16:19 11:19 27:18
Ойын нөмірі: RS-125
Көрермен: 0
Астана
Астана

Кубке Қазақстан кубогын жеңіп алған «Астана» түзде «Цмоки-Минск» командасымен кездеседі

20.03.2021, 20:00    Просмотров: 447
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы түзде «Цмоки-Минск» командасымен додаға түседі. Беларусь ұжымы – ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымында біздің команда әлі кездеспеген соңғы команда. Матч жексенбі күні, 21 наурызда болады. Басталуы – астана уақытымен 18:00-де.

«Цмоки-Минск» – Беларустің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Минск қаласынан. 2006 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасы мен Беларусь чемпионатынан бөлек, Еуропа кубогы додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Беларусь чемпионы: 2009−2020
  • Беларусь кубогы жеңімпазы: 2010−2020


Команда құрамы:

Былтырғы маусымдағы құрамымен салыстырғанда, Беларусь командасынан бес ойыншы кетіп қалды. Орны толмас ойыншылар ретінде америкалық Доминез Барнетт пен серб ардагері Бранко Мирковичті бөле-жара атап өтуге болады. Сондай-ақ, француз Александре Гаврилович “Нижний Новгород” командасына ауысты, ал Виталий және Максим Лютыч командадн кетіп қалды. Ал “Айдаһарлар” сапында беларусь ойыншылары Александр Пустогвар, Владимир Вермеенко, Алексей Тростинецкий, Евгений Белянков, Андрей Стабровский, Андрей Рогозенко, Вадим Студеба және Даниил Борисевич. Сонымен қатар, маусым аралығында беларусь Максим Салаш пен америкалық Роберт Лоури де команда сапында қалған. Бірақ Максим желтоқсан айында, ал Роберт биыл, ақпанның соңында «Айдаһарлар» құрамынан кетіп қалды.

Биылғы маусымды Беларусь командасымен, Лоуриді есепке алмағанда, үш легионерлер бастаған. Олардың біреуі – орталық шептегі латыш алыбы Клавс Чаварс. Ол бұған дейін де ВТБ Бірыңғай лигасында ойнаған. Әуелі Риганың ВЭФ командасында, одан кейін екі маусым “ЛМТ Академия Баскетбола” ұжымында өнер көрсеткен. Содан кейін Латвияның “Лейпаяс”, Түркияның “ИТУ”, қайтадан ВЭФ және Латвияны “Вентспилс” командалары сапында ойнады. Енді бір латыш ойыншысы, яғни қорғаушы Томс Лейманис карьерасының басында 6 маусым бойы өз еліндегі “Вентспилс” және “Лейпаяс” командалары сапында шыңдалды. Одан соң Эстонияның “Валга-Валка”, Грекияның “Короивосе” және Испанияның “Валладолиде” клубтарында өнер көрсетті. Америкалық қорғаушы Крис Клайборн Беларусь командасына дейін кәсіби аренада тек Польшаның “Асториа Быгдощ” ұжымы сапында тәжірибе жинаған. Беларусь ойыншыларынан команда құрамын орталық шептегі тәжірибелі Артем Параховский толықтырды. Ол бірақ “Айдаһарлар” сапында қаңтар айына дейін ғана болды. Одан кейін “БК Андорра” құрамына ауысып кетті. Сондай-ақ команда құрамында жас шабуылшы Алексей Поролев те болған. Алайда ол қаңтар айында қайтадан кетіп қалды. Беларусь шабуылшысы Бенджамин-Павел Дуду өз өнерін Ресейдің “Лобне” ұжымы сапында бастап, одан кейін бірнеше маусым бойы “Химки” сапында шыңдалды. Содан соң “Динамо” (Мәскеу), “Буревестник” (Ярославль) және “Динамо-МГТУ” ұжымдарында болды. Соңғы маусымдарды Беларусьтің “Борисфенінде” өткізді. Сонымен қатар, командаға жас қорғаушылар Максим Коратцов пен Владислав Близнюк, шабуылшы Денис Викентьев қосылды. Сондай-ақ биылғы маусымның басында команда құрамына америкалық шабуылшы Дерек Кук та тіркелген. Дерек өз карьерасында Грекияның “Ретымно Кретан Кингз”, Австралияның “Пертф Уайлдкэтс” және Италияның “Триест” командаларында ойнаған, Әрі  NBA Жетілу лигасындағы “Норферн Аризона Санз” және “Рапторс 905” командаларында, сондай-ақ Канада лигасындағы “Хэмилтон Ханей Бэджерс” ұжымында өнер көрсеткен.

Бас бапкер:

Жаттықтырушылар құрамы былтырғы маусыммен салыстарғанда мүлдем өзгерген жоқ. Беларусь командасын жергілікті маман Ростислав Вергун басқарады. Ал оған латыш Эдмундс Валейко, поляк Войцех Валих және беларусь Алексей Суховецкий көмектеседі.

Команда көшбасшылары:

Қазір команда сапындағы ойыншылардың ішінде америкалық Крис Клейберн ұжым көшбасшысы болып саналады. Дерек Кук те командаға тастай батып, судай сіңді. Сонымен қатар, қазір команданың негізгі құрамына Томс Лейманис, Владимир Веремеенко, Евгений Белянков, Алексей Тростинецкий және Бенджамин-Павел Дуду кіреді. Бұлардан бөлек, жатықтырушылар құрамы Андрей Рогозенконы, Денис Викентьевті және Александр Пустогварды алаңға жиі шығарады.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Цмоки Минск” он жеті ойын өткізіп, соны тек екеуінде ғана жеңіске жетті. Әрі турнир кестесінде соңғы орынға табан тіреп тұр. “Астана” он жеті ойыннан кейін олардан сәл озық тұр. Қазақстан командасы 17 ойынның 4-еуінде жеңіске жетіп, 11-орынға орналасқан.

Кездесулер тарихы:

Командалар өз тарихтарында 14 рет кездесті, ал есеп, әзірше тең – 7:7. Ендеше, біздің команданың екеуара жалпы есепте алға шығатын ғана емес, әрі созылып кеткен жеңіссіз ойындарының тамырына балта шабатын да тамаша мүмкіндігі бар.

Қызықты деректер:

  • Роберт Лаури – “Астананың” бұрынғы ойыншысы, Беларусь командасының үздік ойыншыларының бірі болды, бірақ бір ай бұрын «цмокиліктер» құрамынан кетіп қалды.


Матч жексенбі күні, 21 наурызда Минскідегі «Falcon Club» спорттық ойын-сауық кешені аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» Минскідегі жеңісінен кейін плей-офф додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды

21.03.2021, 22:00    Просмотров: 457
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы жеңілістері сериясын үзіп, түзде «Цмоки Минск» командасын ұтып, плей-офф додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Наурыз мейрамында барлық жанкүйерлер тамаша сый!

Эмиль Райкович матч басында мына бестікке сенім артты – Оярс Силиньш, Николай Бажин, Максим Марчук, Эрик Бакнер және Майкл Томпсон. Ортада лақтырылған допты Эрик Бакнер іліп алып, бірінші шабуылда Оярс Силиньш үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсірді. Ал Николай Бажин біздің бұл серпілісімізді үш ұпайлық добымен қолдады. Алаң иелері қонақтарының қарқынды ойын өрнектерінен абдырып қалып, алғашқы ұпайларын тек есеп айырмасы «–6» болғанда ғана еншіледі. Алайда, бұдан кейін біздің команданың ойыны үйлеспей, Оярс Силиньш бір ғана ұпай еншіледі. Ал Минск мұны қалт жібермей, есепті тез теңестірді, тіпті алға да шығып кетті. Эмиль Райкович бірден тайм-аут алуға мәжбүр болды, әрине. Камбек авторы Силиньш болып, ол есепті теңестірді. Бірақ беларусьтар нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, қайтадан алға шықты. Содан соң Эрик Бакнерге қарсы ойын ережесі бұзылып( спортқа жат фол), ол айып соққысының екеуін де мүлтіксіз орындады. Одан кейін пәрменді данкпен таразы басын теңестірді. Алаң иелері де қарап қалмады, дер кезінде қарсы шабуылдарымен жауап беріп, қайтадан алға шықты. Бірінші кезеңнің аяғына дейін Дежеремайя Хилл құйындай орап соқты. Ол әуелі трапециялық боялған аймақта ерекше көзге түсіп, екі ұпай еншіледі. Одан кейін доға сыртынан екі соққысын дөп түсірді. Осылардың арқасында “Астана” қайтадан алға шықты. Өкінішке қарай, кезең соңында тек алаң иелері ұпай еншілеумен болды. Олар әрі есепті теңестірді – 24:24. Екінші кезеңнің басы өте нәтижелі болды. Рустам Мырзағалиев осы кезеңдегі алғашқы ұпайларын еншілеп, ойын ережесін бұзған алаң иелерін жазалап, үшінші минутта шығыршықты айып сызығынан екі рет дәл көздеді. Айтпақшы, алаң иелері ойын ережесін бұзу жағынна шектеуден тез асып кетті. Алайда, біздің жігіттер айып соққыларын үнемі сәтті орындай алмады. Әйтсе де, Қазақстан ұжымы екінші кезеңнің бірінші жартысында барлық ұпайларын тек айып сызығынан еншілеп отырды. Кезеңнің бел ортасында алаң иелері біздің командадан екі ұпай озық тұрған. Бірақ Хилл “Астананың” осы кезеңдегі ойын барысында еншілеген алғашқы ұпайларын салды. Әрі алыстан мергендік танытып, біздің ұжымды алға шығарды. Үлкен үзіліске дейін Джеремайя Хилл мен Майкл Томпсон ұпай еншіледі. Кезең соңында Эрик Бакнер жарақаттанып қалды, себебі оған қарсы ойын ережесі бұзылды. Айып соққыларын оның орнына Антон Пономарев орындап, екі соққының біреуін ғана нысанаға дәл түсірді. Десек те, “Астана” үш ұпай айырмасымен алға озды. Шабуыл ұйымдастыруға әлі уақыт бар болатын, бірақ “Айдаһарлардың” ойындары үйлеспей, олар доптан айырылып қалды. Енді біздің жігітерде үш секунд болған, бірақ алаң ортасынан Хилл лақтырған доп шығыршықтың алдыңғы имек темірінен қайтты. Командалар үлкен үзіліске шыққандағы есеп — 40:43.

Эрик Бакнер

Үшінші кезеңде Эрик Бакнер жай оғындай ойнақ салды. Ол матчтың екінші жартысында есеп ашып, пәрменді данк-томагавк орындады. Максим Марчук оны қолдады, бірақ “Цмоки” бар күшін салып, соның бәріне дер кезінде жауап беріп, біздің команданың қара үзіп кетуіне мүмкіндік бермеді. Кезең ортасында Эмиль Райковичтің шәкірттері таразы басын өздеріне қарай аударды. Алаңдағы ең үздік ойыншы Эрик Бакнер болды. Ол бірнеше рет тосқауыл қойып, көзге түсіп қана қоймай, қайтқан доптарды қағып алып, команданың ұпай қорын да молайта түсті. Жеті минуттың ішінде өз еншісіне 8 нәтижелі балл жазып, Қазақстан ұжымының екі таңбалы есеп айырмасымен алға озуына ықпал етті. Алаі иелері есеп айырмасын қысқартып, біздің командаға жақындай түспек болған. Бірақ кезең соңында тағы да Джеремайя Хилл екпін алып, біздің команданың екі таңбалы санға тең басымдығын сақтап қалды – 51:62. Үшінші кезеңде “Астана” алаң иелеріне қарағанда біршама ширақ болды. Бірақ 11 ұпай айырмасы арқаны кеңге салып, босаңситындай басымдық емес еді. Оның үстіне, алаң иелері соңғы кезеңде өздеріне сенімді болып, атойлап шабуылға шыға бастады. Вадим Щербак, Майкл Томпсон және Эрик Бакнер салған доптар “Астана” басымдығын сақтап тұрды. Бірақ кезеңнің ортасына қарай ол 7 ұпайға дейін қысқарды. “Айдаһарлар” қонақтарын қыспаққа ала түсті, бірақ бүгін Бакнер бабында еді. Оларды өз командасына жақындатпай қойды. Әйткенмен, командалар арасы 4 ұпайға дейін қысқарды. Бірақ Эрик пен Джеремайя салған кезекті доптардан соң 8 ұпайға дейін ұлғайды. Ал ойының аяқталуына дейін әлі біршама уақыт бар еді – үш минут. Беларусь ойыншылары тізгіндерін тартпай, алға қарай ентелеп, дода көрігін қыздыра түсті. Сөйтіп, матчтың аяқталуына бір жарым минут қалғанда, есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты. Екі команданың да қателесуге құқы жоқ еді. Эрик Бакнер мұны жақсы түсініп, допты алаң иелерінің шығыршығына дәл түсірді. Бірақ қорғаныста сауатты ойын өрнегін көрсете алмадық – айып соққысының екеуі де мүлтіксіз орындалды. Есеп айырмасы қайтадан «+2» ғана болды. Әлі қырық секундтан артық уақыт бар болатын. Әрі доп біздің командада еді. Бірақ олар бұл мүмкіндікті мүлт жіберіп, есеп айырмасын ұлғайта алмады. Енді алаң иелерінде шабуыл ұйымдастыруға жетерлік уақыт болды. Олардың жеңісті жұлып алуларына да немесе ойынды овертаймға созуға да мүмкіндіктері бар еді. Бірақ біздің жігіттер қорғаныста жанкештілік танытып, бәлкім, бақтары да жанып, есеп өзгермей, “Астана” бүгін маңызды жеңіске қол жеткізді – 78:80.

Салдары: “Астана” турнир кестесіндегі жағдайын түзеп, “Енисейден” сәл-пәл ұзап, “Калевке” мейілінше жақындай түсті. Ең бастысы, плей-офф додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Ал “Цмоки-Минск” осы ойынға дейін-ақ лиганың финалдық бөлігіне шығу мүмкіндігінен айырылған.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Цмоки-Минск» – бұл ойында біздің командаға көп қауіп төндірген Дерек Кук болып, дабл-дабл авторы атанды – 10 ұпай, 13 рет доп қағып алды, 3 пас және 2 блокшот. Крис Клайберн өз командасында ең көп ұпай жинаған ойыншы – 17 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 3 рет допты тартып әкетті, блокшот.
  • «Астана» – Эрик Бакнер бүгін көсіле сілтеп, біздің команда сапындағы ең тиімді ойыншы болды – 21 ұпай, 11 рет доп қағып алды және 3 блокшот. Джеремайя Хилл ең көп ұпай жинаған ойыншы – 22, сондай-ақ 3 рет доп қағып алды және 2 пас берді. Оярс Силиньш өз еншісіне 9 ұпай жазып, 5 рет доп қағып алды, 5 пас берді, блокшот. Майкл Томпсон 9 ұпай еншілеп, 3 пас берді.


«Цмоки-Минск» бас бапкері — Ростислав Вергун:
— Өкінішке қарай, биылғы маусым біз үшін ойдағыдай болмады, командалардың көбісі көмбеге тікелей тартқанда, біздегі жігіттер жаңа міндеттеріне үйренуге мәжбүр болды. Бұл үдеріс үнемі көңілдегідей және оңай болып шықпады. Бірақ біз бүгін ойын өрнегіміздің түзеле бастағанын байқадық. Жанкештілік танытып, соңына дейін намысты қолдан бермеуге тырысып, тайталасқан жігіттеріме дән ризамын. Матчтың екінші жартысын сүреңсіз өткізген сәттеріміз болғанымен, тайталасып бақтық. Енді сәрсенбі күні өтетін ойынға дайындаламыз.

«Астананың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Өте ауыр ойын болды, бірақ біз осылай боларын білгенбіз. Минск үнемі жігермен ойнайды. Біз ойынды бағамдап, әрі екінші жартысында 10 ұпай айырмасымен алға да шықтық. Бірақ «Цмокилердің» бізді қуып жетулеріне мүмкіндік беріп қойдық. Матч соңы өте қызықты болды. Бағымыз жанып, жеңіске жеттік. Бізге осындай ойын өрнегін сақтау керек, тек қарсыласымыздың есе қайтаруына мүмкіндік бермеу қажет. Әрі мен бүгінгі матчқа 11 ойыншы шығарғанымызға өте қуаныштымын. Бұл – біздің болашағымыздың қамы.



Келесі матч: Бір аптаға да жетпейтін уақыттан соң, яғни 25 наурызда, «Астана» өз алаңында Польшаның «Зелена Гурасын» қабылдап, ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті ойынын өткізеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2006 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Белоруссия Арена: Falcon Club
Қала: Минск Сайт: www.bc-tsmoki.by

Сипаттамасы

«Цмоки-Минск» – беларустің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Минск қаласынан, 2006 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Беларусь чемпионы – 2009/2021
  • Беларусь кубогының жеңімпазы – 2010/2021
  • Азовмаш Кубогының қола жүлдегері – 2010