ВТБ Бірыңғай лигасы 2020/2021
Енисей
Красноярск
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
24.01.2021, 16:00 Жс
Арена: «Арена Север» (Красноярск)
77:76
Негізгі уақыт
19:22 16:17 18:15 24:22
Ойын нөмірі: RS-91
Көрермен: 478
Астана
Астана

«Астана» «Енисеймен» кездесуге Красноярскіге кетті

23.01.2021, 10:00    Просмотров: 233
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында жаңа жылдағы бірінші түздегі ойынын Красноярскіде өткізіп, биылғы маусымда алғаш рет жергілікті «Енисей» клубымен кездеседі. Матч жексенбі күні, 24 қаңтарда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де.

«Енисей» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск қаласынан, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Ресей суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей суперлигасындағы «Б» дивизионыны күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2011


Команда құрамы:

“Енисей” маусым аралығында алты ойыншымен ғана келісімшартқа отырды. Олардың – бесеуі ресейлік, ал біреуі америкалық ойыншы. Красноярскіде қалған легионер Дастин Хог болатын. Ал Ресей ойыншыларынан команда құрамында Артем Комиссаров, Александр Гудумак, Иван Викторов, Илья Попов және Сергей Митусов қалды. Алайда Красноярск командасының белді ойыншыларынан хорват Томислав Зубчич, серб Никола Ребич, америкалықтар Гарлон Грин мен Чавон Льюис, сондай-ақ ресейлік Денис Захаров кетіп қалды. Соңғысы петерборлық “Зенитке” ойысты.

Енисей баскетбол клубы 2020/2021

Красноярск командасының құрамын төрт америкалық ойыншы толықтырды. Тәжірибелі қорғаушы Кэррон Джонсон өзінің кәсіби карьерасын Жаңа Зеландияның “Нью Зиланд Брейкерс” командасы сапында бастаған. Одан кейін Еуропаға ойысып, Германияның “Риезен Людвигсбург”, Францияның “Руен”, Польшаның “Доброва Горница”, Италияның “Пистойа”, Румынияның “Клюй”, сондай-ақ Израильдің “Хапоэль Беер Шева” секілді командалары сапында өнер көрсеткен. Қорғаушы Джордан Метьюс кәсіпқой аренадағы алғашқы ойынын NBA Жетілу лигасындағы “Эри БэйХоукс” командасы сапында өткізген. Бұдан соң екі маусым Еуропада ойнады – Данияның “ФОГ Нэйствед” және Италияның “Ваноли Кремона” клубтарында. Шабуылшы Лейтон Хэммондс “Енисейге” дейін үш маусым еуропалық клубтарда шыңдалды: Финляндияның “Нокиа”, Венгрияның “Керменде” және Польшаның “Гдыня Арка” клубтарында. Қорғаушы Таюс Бэттл бұған дейін бір маусым ғана кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, NBA Жетілу лигасындағы “Айова Вулвс” сапында ойнаған. Сонымен қатар, командаға ресейлік алты ойыншы қосылды. Қорғаушы Михаил Кулагин “Триумфтан” бастап, одан кейін ЦСКА сапында соңғы бес маусымды өткізді. Орталық шептегі Сергей Балашов “Енисейге” дейін “Локомотив-Кубань” мен “Зенит” сапында ойнаған. Қорғаушы Тимофей Якушин ЦСКА жүйесінің түлегі, кәсіби карьерасын “Химкиде” бастаған, ал былтырғы маусымды ПАРМА сапында өткізген. Сондай-ақ команда өз құрамына үш жас ойыншы тіркеді: қорғаушы Дмитрий Соньконы және шабуылшылар Иван Ващенко мен Артем Шлегелді.

Бас бапкер:

Красноярскіліктердің жаттықтырушылары құрамы былтырғы маусыммен салыстырғанда мүлде өзгерген жоқ. Красноярск командасының бас бапкері қызметінде – сол бұрынғысынша хорват маманы Дражен Анзулович. Оған сол бұрынғысынша ресейлік жаттықтырушылар Павел Дергачев және Сергей Васильев көмектеседі.

Дражен Анзулович

Команда көшбасшылары:

Дәл қазір команданың ең көп ұпай жинаған ойыншысы Михаил Кулагин болып саналады, ал ең тиімді ойыншысы – Дастин Хог. Бірақ соңғы ойында ол алаңға шыққан жоқ. Сонымен қатар, команданың негізгі құрамында легионерлер Лейтон Хэммондс, Таюс Бэттл және Кэррон Джонсон ойнайды. Әрі алаңға үнемі Артем Комассаров, Сергей Балашов, Илья Попов және Сергей Митусов шығып тұрады.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Енисей” биылғы маусымда 11 ойын өткізіп, әзірше бір рет қана жеңіске жетті. Осы нәтижесімен дәл қазір турнир кестесін тұйықтап, 13-орынға табан тіреп тұр. “Астана” да 11 ойын өткізген, бірақ 4 рет жеңіске жетіп, оныншы орынға орналасқан. Тағы да атап өтуге тиіспіз, “Енисей” алты рет қатарынан жеңіліске ұшырады. Бірнеше ойында, әсіресе “Автодор” және “Нижний Новгород” клубтарымен түзде өткен матчтарда қарсыласымен тайталасып, тиісінше 6 және 4 ұпай айырмасымен ғана ұтылса, соңғы Красноярскіде ПАРМАмен өткен ойында күйрей ұтылды – минус 34 очка. “Астана” керісінше, соңғы ойындарын тәп-тәуір өткізіп жүр. Әуелі біздің жігіттер Пермдегі түздегі ойында жеңісті жұлып алды, одан кейін өз алаңымызда ұтылып қалса да, турнир кестесіндегі қазіргі көшбасшы, петерборлық “Зенитпен” табан тіресе тайталасты, ал биылғы жылды жеңіспен бастап, “Локомотивті” тізерлетіп, көпшілікті таң қалдырды.

Кездесулер тарихы:

“Астана” мен “Енисей” ВТБ Бірыңғай лигасы аясында 12 рет кездесті, әрі дәл қазір екеуара жалпы есеп тең – 6:6. Бірақ бұл матчтардан бөлек, екі команда жолдастық кездесу де өткізген, онда “Астана” жеңіске жеткен болатын.

Қызықты деректер:

  • ВТБ Бірыңғай лигасындағы екеуара матчтарда екі команда иық тіресіп тұр, яғни жеңістерінің сандары – бірдей. Ендеше, алдағы ойыннан соң біреуі өзара кездесулер қорытындысында алға шығады.
  • Екі команда арасындағы соңғы үш ойын біздің команданың жеңісімен аяқталған.


Матч жексенбі күні, 24 қаңтарда Красноярскідегі «Арена Север» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» түзде «Енисеймен» өткен шиеленісті матчтың соңында жеңісті уысынан шығарып алды

24.01.2021, 18:00    Просмотров: 229
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының түзде Красноярскінің «Енисейімен» өткен матчы триллердің үздік жанры іспетті болып шығып, шектен тыс шиеленісті ойында таразы басы екі жаққа алма-кезек ауып отырды.

Ортадан ойынға қосылатын доп екі қайта лақтырылып, оны алаң иелері іліп әкетті. Бірақ екі команда да өздерінің алғашқы шабуыдарында ұпай еншілей алмады. Есепті красноярлықтар екінші шабуылдарында ашты, ал “Астана” асықпады. Ойынның басталғанына бір жарым минут уақыт өткен соң ғана Мартиньш Мейерс айып добын мүлтіксіз орындап, алаң иелері шығыршығының «құлпын ашты», әйтеуір. Келесі шабуылда Майкл Томпсон үш ұпайлық соққысын дөп түсіріп, сары-көкшіл жейделілерді алға шығарды. Алғашқы кезеңнің бірінші жартысының қалған минуттарында алаң иелерінің ойындары үйлеспей қойды да, тек біздің жігіттер ұпай еншілеп отырды – Томас, Мейерс және Силиньш. Бірінші он минуттықтың бел ортасында “Астана” 9 ұпай айырмасымен озық тұрды. Красноярлықтар ақыры голсыз өткен кідірістерін бұзғанымен, ол уақытқа дейін Адонис Томас біздің команданың басымдығын екі таңбалы санға жеткізген болатын. Бірінші кезеңнің қалған уақытын алаң иелері біршама сәтті өткізді. Девин Марбл мен Джеремайя Хилл қыспаққа алып, нәтижелі шабуыл ұйымдастырғандарына қарамастан, “Енисей” есеп айырмасын мейілінше қысқартып, бірінші кезеңде үш ұпай айырмасымен ғана ұтылды – 19:22. Екінші кезеңде алаң иелері бірінші шабуылдарында-ақ есепті бір ұпайға дейін қысқартты. Бұдан кейін ойын өрісі өзгеріп сала берді. Шектен тыс шиеленісті дода екі команданың ойыншыларын да көп қателесуге апарып соқтырды, ал ұпай еншілеу мүлде қиындай түсті. Кезеңнің ортасына қарай “Енисей” біздің команданы қуып жетіп, есепті теңестірді. Бірақ Майкл Томпсон «Астананы» қайтадан алға шығарды. Бірақ бұл ұзаққа созылмады, алаң иелері үш ұпайлық доптарын дөп түсіріп, бұл кезеңде бірінші рет алға шықты. Бір минуттан соң Оярс Силиньш үш ұпайлық соққысын нысанаға дәл түсіріп, “Астана” ойын тізгінін қайтадан өз қолына алды. Девин Марбл да шығыршықты доға сыртынан дәл көздеп, басымдығымыз арта түсті. Красноярлықтардың жаттықтырушылары тайм-аут алғандарымен, ойын өрісіне өзгеріс енгізе алмады. “Астана”қара үзіп кете алмаса да, матчтың бірінші жартысы аяқталғанша алда тұрды. Ал ойынның бірінші жартысының нүктесін Джеремайя Хилл қойды – 35:39.

Антон Пономарев

Әрине, бұл біздің команда үшін арқаны кеңге салатын басымдық емес еді. Әрі оны алаң иелері бірден дәлелдеп, үшінші кезең басталған бетте есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты. “Енисей” үлкен үзілістен кейінгі алғашқы минуттарда жанкештілік танытты, әсіресе алыстан доп лақтыру оларға оңайға түсті. Үшінші кезеңнің басталғанына екі минут уақыт өткенде, “Астана” бес ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Енді біздің жігіттер қуып жетуге тырысумен болды. Ең бастысы, алаң иелерінің одан әрі қара үзіп кетулеріне мүмкіндік берген жоқ. Бірақ оларға жете алмай, қара терге түсті. Кезеңнің алтыншы минутында “Енисей” кезекті шабуылын сәтті аяқтаған бетте, Эмиль Райковичтің іске араласуына тура келіп, ол тайм-аут алу құқығын қолданды. Тактикалық іркілістен кейін “Енисей” кезең соңына дейін бір мәрте ғана нәтижелі үш ұпайлық соққы ұйымдастырды. Осы уақыт аралығында олар басқадай ұпай еншілей алмады. Ал біздің команда сапынан Силиньш, Гаврилов және Томас доп салды. Ал Хилл кезең соңында Қазақстан командасын қайтадан алға шығарды – 53:54. Мұндай тартысты ойын матч соңында дода көрігінің одан әрі қыза түсіп, жүйкеге әсер ететіндігін меңзеп тұрды. Бұған соңғы кезеңнің алғашқы минуты дәлел болды. “Енисейдің” жолы болып, кезекті рет алға шықты. Бірақ Мейерс лезде “Астананы” алға шығарды. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда Бажин біздің басымдығымызды төрт ұпайға дейін жеткізді. Ал Оярс Силиньштің үш ұпайлық добынан кейін командалар арасын бес ұпай бөліп тұрды. Бұдан кейінгі екі жарым минутта “Астана” ойыншылары өз жағдайларын тығырыққа тіреп алды. Бес ұпай басымдықпен алда тұрған жігіттеріміз қара басып, енді жеті ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Ал ойынның аяқталуына небәрі 47 секунд қалған болатын. Эмиль Райкович тағы да бір минуттық үзіліс алып, қиын-қыстау жағдайды түзеудің жолын іздестіре бастады. Оны жүзеге асыруды Джеремайя Хилл бастап, Мейерске аллей-уп шығарып берді. Соңғысы, өз кезегінде допты шығыршықа салды. Джеремайя бұдан кейін де жанкештілік танытып, қарсыласын доптан айырылып қалуға мәжбүрлеп, нысананы алыстан көздеді. Доп нысанаға дәл түскен жоқ, бірақ Мартиньш оны қайтқан бете қағып алып, екі ұпай еншіледі. Матчтың аяқталуына 22 секунд қалғанда “Астана” небәрі үш ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Енді алаң иелерінің бас бапкері тайм-аут алды. Джеремайя айылын жимай жанталасып, өте маңызды әрекетке барып, 12 секунд қалғанда алаң иелерінен допты тартып алды, әрі өз командасын шабуылға шығарды. Бізге тек үш ұпайлық соққы қажет болатын. Ал “Енисейде”ойын ережесін бұзып, біздің ойыншының екі айып соққысын орындауына қол жеткізу мүмкіндігі бар еді. Әрине, бұл біздің команданың жоспарында да жоқ еді. Әйтсе де, алаң иелері матчтың аяқталуына бес секунд қалғанда ойын ережесін бұзды. Бірақ бұл тым дөрекі фол болып шықты. Төрешілер осы сәтті бейне қайталаудан көруге кетті. Бұл өте маңызды еді. Егер олар оны «спортқа жат фол» деп шешсе, онда Майкл Томпсон екі айып соққысын орындап қана қоймайды, әрі доп біздің командада қалады. Не керек, бәрі де біз көксегендей болып шығып, оң жамбасымызға шешілді. Төрешілер “Енисей” ойыншысына спортқа жат фол берді, ал Томпсон екі айып соққысын да мүлтіксіз орындады, әрі шабуыл ұйымдастыруымызға бес секунд қалып, бір ғана ұпай айырмасымен ұтылып жатқанбыз. Мейерс допты қабылдап алып, оны шыр айнала нысанаға лақтырды. Доп шығыршықтың иілген шеңберін айнала секектеп, торға түспей, сусып кетті. Қайтқан допты қағып алатын да ешкім болмады. 77:76 – жеңіс уысымыздан сынаптай сусыды.

Салдары: «Астана» турнир кестесінің оныншы сатысында қалды, әрі плей-офф аймағынан әлі тыс орналасқан, ал “Енисейдің” биылғы маусымдағы екінші жеңісі оларға бір саты жоғары өрлеп, соңғы орыннан сытылуларына мүмкіндік берді.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Енисей» – Таюс Бэттл осы ойындағы ең тиімді және көп ұпай жинаған ойыншы болды – 22 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 5 пас. Ал Дастин Хог өз есебіне дабл-дабл жазды – 13 ұпай, 12 рет доп қағып алды.
  • «Астана» – Адонис Томас 15 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды, 5 пас берді. Мартиньш Мейерс те 15 ұпай жинады және 6 рет доп қағып алып, 6 блокшот қойды. Оярс Силиньштің еншісінде – 11 ұпай, әрі 7 рет доп қағып алды. Майкл Томпсон 9 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды, 6 пас берді. Ал Джеремайя Хиллдің еншісінде – 8 ұпай, 2 рет доп қағып алды және 3 пас.


«Астананың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Мұндай ойында жеңіліске ұшырау – өте ауыр, әсіресе ойын тізгінін өз қолымызда ұстаумен болғанда. 25 минут бойы алаңдағы біздің әрекеттеріміз қисынды және саналы болды. Алайда матч соңында әртүрлі және басқа да себептерге байланысты біз қорғаныста білгенімізден жаңылдық, қателіктер жіберіп қойдық. Міне, осы жеңіліске ұшырауымыздың басты себебі болды.

«Енисейдің» бас бапкері — Дражен Анзулович:
— Өз жігіттерімді бүгінгі жеңістерімен құттықтағым келеді. Бұл біз үшін – үлкен жеңіс, әсіресе маусым барысындағы проблемаларымызды ескерсек. Бүгінгі ойын сапасына көңілім толады деп айта алмаймын. Әйтсе де, менің жігіттерім алаңда көрсеткен ынталары, құштарлықтары және құлшыныстары үшін сый-құрмет көрсетуге лайық. Дегенмен, әділін айтқанда, қазір біздің менің көңілімнен шығатын ойын өрнегін көрсететін күш-жігер деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндігіміз жоқ. Осы ойынға келген жанкүйерлерге рахмет! Біз бүгінгі жеңісті сіздердің арқаларыңызда жұлып алдық. Сіздерге залда қолдау көрсеткендеріңіз үшін тағы да рахмет.

Келесі матч: Астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты елорда командасының Ұлттық лига аясындағы, «Алматы Легионымен» өз алаңында, яғни 26 және 27 қаңтар күндері өтетін болып жоспарланған қос ойыны Щучинск қаласында, «Жақсы – 2» спорттық базасының бейтарап алаңында өтеді. Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы астана командасының келесі қарсыласы – Саратовтың «Автодоры». Қарымта кездесу 31 қаңтар күні Нұр-Сұлтанда өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1981 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Арена Север»
Қала: Красноярск Сайт: www.basket-enisey.ru

Сипаттамасы

«Енисей» - ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск өлкесінен, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей Суперлигасының «Б» күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей Кубогының қола жүлдегері – 2011

Команданың жалпы суреті

Енисей