«Астана» Президенттік баскетбол клубы биылғы маусымда бірінші рет Қостанайдың «Тобылымен» Ұлттық лига чемпионаты аясында кездеседі, бұл матчтар 9 және 10 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтанда өтеді.
«Тобыл» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қостанай қаласынан.
Жетістіктері:
- Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2003/2004
- Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2004/2005, 2005/2006, 2006/2007, 2008/2009, 2009/2010, 2010/2011
- Жоғарғы лига жеңімпазы: 2013/2014, 2015/2016, 2016/2017
- Жоғарғы лиганың күміс жүлдегері: 2010/2011
- Қазақстан кубогының иегері: 2005
- Қазақстан кубогының финалына шыққан: 2003, 2006, 2008, 2009, 2012, 2015
- Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2018
Биылғы маусымда «Тобылдың» тізгінін Қазақстан маманы Александр Дербуш қолына алған. Оның Қостанай командасын жаттықтырып жүргені биыл ғана емес. Бұған дейін ол өзінің ойыншы ретіндегі карьерасын түгелдей дерлік «Тобылдың» құрамында өткізген деуге болады. Маусым аралығында командадан төрт ойыншы кетіп қалды. Орны толмас ойыншы ретінде Роберт Панды бөле-жара атап өтуге болады. Өздеріңіз білесіздер, ол қазір «Астананың» намысын қорғайды. Сонымен қатар, екі легионері де кетті. Атап айтқанда – украиндар Дмитрий Ходов пен Максим Лукьянов. Ал қазақстандық Василий Петришинец «Синегорье» командасына ауысты. Әйтсе де, Қостанай командасы негізін сақтап қалды. Кезінде «Астана» сапында ойнаған тәжірибелі қорғаушы Тимур Сұлтанов пен шабуылшы Максим Воейков «Тобылда» қалды. Сонымен қатар, қостанайлықтар Ұлттық құраманың екі ойыншысын өз құрамдарында сақтап қалды. Олар – Қазақстан ойыншыларының ішіндегі ең үздіктерінің бірі, орталық шептегі Антон Быков пен қорғаушы Шайым Қуанов. Бұлардан бөлек, команда сапында қорғаушылар Даниил Селезнев, Михаил Шваб және Фарид Каримуллин, сонымен қатар жергілікті жас шабуылшы Рустам Валиев қалды.
Қостанай командасының сапына қосылған ойыншыларының ішінде көпшілікті елең еткізерлігі, Қазақстанның көпшілікке танымал орталық шептегі алыбы Антон Пономаревтің туған жеріне қайта оралуы болды. Ол соңғы маусымдарды «Астана» сапында өткізіп, команда көшбасшыларының бірі болған. Ал 2017/2018 жылдар маусымы аяқталысымен, карьерасын тәмамдайтындығын мәлімдеген болатын. Антон елорданың «Астана Жолбарыстары» және «Астана» командалары сапында ойнап, 10 рет Қазақстан чемпионы болған, ел кубогының жеңімпазы да атанған. Сонымен қатар, Сербия мен Ресейде ойнап, соңғысында Суперлига чемпионы атанды. «Тобыл» сапындағы тағы да екі тәжірибелі шабуылшы «Астанада» шыңдалған. Олар – Денис Дегтярев пен Павел Ильин. Денис өз карьерасында «Трансстроймост», «Алматы-ЦСКА», «Қапшағай», «Каспий» және «Астана» секілді Қазақстан клубтары құрамында өнер көрсеткен. Былтырғы маусымда «Синегорье» сапында ойнады. Негізгі жетістіктеріне «Астана» сапында ойнап жүргенінде қол жеткізді. Павел Ильин карьерасын «Атырау Барыстарында» бастаған. Одан кейін Астанаға ойысып, 5 маусым бойы тер төкті. Арасында бір маусым «Каспий» клубында ойнады. Павел елордадан кеткен соң Атырауға қайтып барған. Енді, міне, «Тобылдың» намысын қорғап жүр. Ол «Астанамен» бірнеше дүркін ел чемпионы атанып, «Атырау Барыстарымен» екі рет күміс жүлдегер атанды. «Тобылдың» енді бір жаңа ойыншысы – тәжірибелі қорғаушы Константин Двирный. Ол Қазақстан кубогының жеңімпазы, екі рет ел чемпионатының қола жүлдегері атанған, бұған дейін «Каспий», «Алматы Легионы» және «Қапшағай» командаларында ойнаған.
Қарсыластың көшбасшылары: биылғы маусымда «Тобыл» өз құрамына тек Қазақстан ойыншыларын жинады, әрі бәрі де – тәжірибелері мол танымал жігіттер, көбісі әр жылдары Ұлттық құрама сапында Қазақстан намысын қорғаған үздіктер. Биылғы маусымдағы көшбасшылары – орталық шептегі екі алыбы Антон Быков пен Антон Пономарев. Орта есеппен Быковтың еншісінде дабл-дабл – 19 ұпай және 11,7 рет доп қағып алып жүр. Ал Пономаревтің еншісінде – 11,2 ұпай, 9,8 рет доп қағып алып жүр және 1,7 блокшот. Шайым Қуанов – қостанайлықтардың негізгі ойын үйлестірушісі, орта есеппен 9,4 ұпай еншілеп, 3,5 нәтижелі пас беріп, 2 рет допты тартып алып жүр. Бастапқы бестікке команда капитаны Михаил Шваб пен Павел Ильин жиі ілігіп келеді. Денис Дегтярев, Константин Двирный, Максим Воейков және Тимур Сұлтанов секілді ойыншылары да алаңда өте көп ойнайды.
Кездесулер тарихы: «Астана» мен «Тобыл» бірінші рет астаналықтар алғаш рет ел чемпионатына қатысқан 2011/2012 маусымында кездескен. Онда елорда командасы Ұлттық лига және Қазақстан кубогы додаларында 8 рет басым түсті. Келесі маусымда командалар 5 рет жолықты. Әрі оның бәрінде де «Астана» жеңіске жетті. Бұдан кейінгі 4 маусымда Қостанай командасы Ұлттық лигада додаға түскен жоқ. Ал осы уақыт аралығында командалар Қазақстан кубогы аясында екі-ақ рет кездесті. Онда да біздің команда басым болды. «Тобыл» Ұлттық лигаға 2017/2018 жылдар маусымында оралып, «Астанадан» 5 матчта да ұтылып қалды. Былтырғы маусымда қостанайлық ұжым біздің жігіттерге тоғыз ойында да азуын батыра алмады. Жалпы, бұл екі команда алаңда 29 рет кездесіп, «Тобыл» қанша тырысса да, біздің команданы бірде-бір рет жеңе алмады.
Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» мен «Тобыл» қазір турнир кестесінде қатар тұр. Елорда командасы 12 ойын өткізіп, әрі бәрінде де жеңіске жетіп, бірінші орында тұрса, «Тобыл» екінші орынға орналасқан. Олар да 12 ойын өткізді, бірақ жеңістерінің саны – 9.
Қызықты деректер:
- «Астананың» орталық шептегі ойыншысы Роберт Пан былтырғы маусымда Қостанайдың «Тобылында» ойнаған.
- «Тобылдың» қазіргі құрамындағы жігіттердің жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда, 5 ойыншысы бұған дейін «Астана» сапында өнер көрсеткен – Тимур Сұлтанов, Павел Ильин, Максим Воейков, Денис Дегтярев және Антон Пономарев.
Матчтар дүйсенбі және сейсенбі күндері – 9 және 10 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі алаңында өтеді. Матчтардың басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері
Доп додалары бөлімінде жарияланған.