ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020
Енисей
Красноярск
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
01.03.2020, 17:00 Жс
Арена: «Арена Север» (Красноярск)
64:78
Негізгі уақыт
22:18 17:20 14:22 11:18
Ойын нөмірі: RS-112
Көрермен: 1739
Астана
Астана

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының шығысындағы «Енисейге» қонаққа барады

28.02.2020, 08:00    Просмотров: 496
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы көктемді Красноярскіде қарсы алып, 1 наурыз күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында жергілікті «Енисей» клубымен жауапты ойын өткізеді

«Енисей» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск қаласынан, 1981 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, FIBA Еуропа кубогы додасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2011




Красноярск командасымен қаңтар айының басында, Нұр-Сұлтанда өткен бірінші айналымдағы матчта «Астана» 5 ұпай айырмсымен жеңісті жұлып алған болатын – 95:90. Сол кездесуден кейін «Енисей» ВТБ Бірыңғай лигасы аясында тағы бес ойын өткізді. Әрі FIBA Еуропа кубогында төрт рет додаға түсті. Ресей командасына биылғы жылдың басы аса сәтті бола қоймады. Сібірліктер Нұр-Сұлтанда жеңіліске ұшыраған соң, өз алаңында Польшаның «Стелмет Зелена Гура» клубымен кездесіп, жеңісті уыстарынан шығарып алды. Одан кейін түзде екі ойын өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшыларына қонаққа барды. Мәскеу түбінде «Енисей» көпшілікті таң қалдыра жаздап, «Химкиден» 4 ұпай айырмасымен ғана ұтылды. Ал Краснодардың «Локо» командасына 15 ұпай айырмасымен есе жіберді. Ақпан айының басында красноярлықтар тағы да өз алаңында жеңістен айырылып қалып, «Пармадан» 2 ұпай айырмасымен ұтылды. Жұлдыздар матчы қарсаңындағы үзіліске дейін «Енисей» өз алаңында «Калев» клубын ұтты – 86:73. FIBA Еуропа кубогы додасында да «Енисей» қаңтардағы матчтарының бәрін де жеңілістің кермек дәмін татты. Бірақ екінші кезеңдегі соңғы ойынында жеңіске жетті. Алайда бұл ойын ештеңе де шешпейтін еді, красноярлықтар FIBA Еуропа кубогындағы додадан тыс қалды.

Турнир кестесіндегі жағдай: Жыл басындағы ойындарын сүреңсіз өткізгендеріне қарамастан, «Енисей» қазір турнир кестесінің бесінші сатысында тұр. Мұның бәрі Красноярск командасының маусым басында, жалпы чемпионаттың бірінші жартысында көсіле сілтеп, өте сәтті ойын өрнегін көрсеткен діктерінен – олар Жаңа жылға дейінгі 10 матчта 6 рет жеңіске жеткен болатын, оның үстіне, ЦСКА, «Локомотив-Кубань» және УНИКС секеілді көшбасшылардан басым түскен. «Астана» қазір 11-орында тұр. Бірақ дәл қазір турнир кестесіндегі жағдай – өте шиеленісті. Таратып айтар болсақ, біздің жігіттердің Красноярск командасынан бір жеңісі ғана кем. Егер «Астана» «Енисейді» жеңіп кетсе, онда плей-офф аймағына қайта орала алады. Бірақ мұның бәрі осы демалыс күндері өтетін басқа ойындардың нәтижесіне де байланысты. Ал егерде, «Астана» ұтылып қалса, онда турнир кестесіндегі орнынан қозғалмайды. Бірақ плей-офф аймағынан алыстай түседі. Осы жерде ұмытпауға тиіспіз, биылғы маусымда біздің команданың түзде жолы болмай жүр. Десек те, әрдайым үмітімізді үзбейміз, Эмиль Райковичтің шәкіртерінің қарсыласын жеңетін мүмкіндіктері баршылық.

Команда құрамындағы өзгеріс: 13 қаңтар күні «Енисей» құрамынан америкалық қорғаушы Дариус Моррис шығарылып тасталды. Бірақ ол ВТБ Бірыңғай лигасы аясында соңғы ойынын 11 қарашада өткізген, яғни «Астанамен» өткен кездесуде ойын хаттамасына тіркелген де жоқ болатын. Ал жаңа ойыншыларына келетін болсақ, «Енисей» сапында «Астанамен» болған матчтан бері мұндай өзгеріс жоқ.

Команда көшбасшылары: команданың көшбасшылары – еңгерзедей хорват шабуылшысы Томислав Зубчич (ең тиімді ойыншы) және америкалық қорғаушы Дэвион Берри (ең көп ұпай жинаған ойыншы). Екеуі де бірінші айналымдағы екеуара матчта Қазақстан командасына көп қауіп төндірген. Орталық шептегі америкалық Дастин Хог та команда көшбасшыларының бірі болып саналады. Ол – «Енисей» сапында доп қағып алу көрсеткіші бойынша теңдессіз, әрі қарсыластарының бәрі дерлік оған қарсы ойнағанда ережені көп бұзады. Ресейлік ойыншылар ішінен қорғаушы Денис Захаров көзге жиі түсіп жүр. Негізгі құрамдағы ойыншыларына бұлардан бөлек серб қорғаушысы Никола Ребич, америкалық шабуылшы Гарлон Грин және ресейлік шабуылшы Александр Гудумак кіреді. Бапкері Дражен Анзулович америкалық қорғаушысы Чавон Льюисті үнемі алаңға шығарып, ойынға қосып отырады. Сондай-ақ шабуылшы Артем Комиссаров пен қорғаушы Иван Викторовқа да мүмкіндік беріп жүр. Сонымен қатар, бастапқы бестікке орталық шептегі Илья Попов пен қорғаушы Сергей Митусов та ілігіп тұрады, бірақ олардың алаңда өткізген уақыттары – орта есеппен бір ойында 10 минуттан да аз.

Матч жексенбі күні, яғни 1 наурызда Красноярскідегі «Арена Север» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі, сондай-ақ QazSport телеарнасында 19:45-те қайталанып көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында елорда командасының өз алаңында өткізетін алдағы ойындарына билеттер сатыла бастады – 8 наурыз күні Эстонияның «Калев» клубымен және 15 наурызда Саратовтың «Автодорымен». Екі кездесу де Нұр-Сұлтанда «Жекпе-Жек» спорт кешені аренасында өтеді.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» түзде «Енисейді» ұтып, плей-офф аймағына оралды

01.03.2020, 22:00    Просмотров: 740
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубының жігіттері түзде аса маңызды жеңіске қол жеткізіп, Красноярскінің «Енисей» клубын ұтты, әрі ВТБ Бірыңғай лигасының плей-оффф аймағына оралды.

Осы ойынның алдына Красноярскінің «Енисей» клубы қиындықтарға тап болып, құрамы біраз әлсіреді. Жақында ғана команданың көшбасшысы, америкалық қорғаушы Дэвион Берри сібірліктер сапынан кетіп қалған. Ал Томислав Зубчич пен Чавон Льюис жарақаттарынан айығып үлгермеді. Бұл біздің командаға берілген тамаша мүмкіндік еді, әрі түздегі ойындарының статистикасын түзеп алудың сәті түскендей болды. Жалпы, ойын нәтижесі екі команда үшін де өте маңызды еді. «Астана» жеңіске жетсе, плей-офф аймағындағы 5-8 оырндар үшін жанталасып жатқан командалар тобына қайта қосылар еді. Эмиль Райкович  ойынды бастауды Джеймс Флоренс, Душан Ристич, Малкольм Хилл, Максим Марчук және Александр Жигулин сынды баскетболшыларымызға сеніп тапсырды.

Ортаға лақтырыған допты Душан Ристич іліп әкетті. Бірақ бірінші шабуылда Джеймс Флоренс доптан айырылып қалды. Алайда өз қатесін бірден түзеп, алаң иелерінен допты тартып алды. Бұл ойындағы алғашқы ұпайларды Максим Марчук өз еншісіне жазып, екі айып соққысын да мүлтіксіз орындады. Бұдан кейін «Енисей» қамшыны басты. Есеп 7:2 болып, алаң иелері қара үзе бастағанда, Эмиль Райкович олардың қарқындарын басу үшін тайм-аут алуға мәжбүр болды. Осы тактикалық кідірістен кейін Джеймс Флоренс үш ұпайлық добын шығыршыққа дөп түсірді. Сөйтіп осы матчта екі команда сапынан бірінші болып мергендігімен көзге түсті. Бірінші кезеңнің ортасына қарай Малкольм Хилл үш ұпайлық соққысымен таразы басын теңестірді. Алайда «Енисей» қайтадан алға шықты, әрі алғашқы онминуттық аяқталғанша, шағын ғана есеп айырмасын уысынан шығармай, ұстап тұрды. «Астана» қуып жетуге тырысумен болды, бірақ есепті теңестіре алмады. Бұл ретте, 10 минуттан кейінгі біздің командаға жетпегені 4 ұпай болды. Екінші кезеңнің басында Малкольм Хилл тағы да таразы басын теңестірді. Бірақ алға шығудың ыңғайы келмей қойды. Бірнеше минутқа созылған тең ойыннан соң, сібірліктер тағы да алға озып, жеті ұпай айырмасымен ұзай түсті. «Астанаға» оларды қуып жетіп, дода көрігін қайтадан теңестіруге 2 минутқа да жетпейтін уақыт қажет болды. Енді тайм-айтты Дражен Анзулович сұрады. Әйтсе де, біздің команда тағы да алға шығып кете алмады. Матчтың бірінші жартысында бір ұпай айырмасымен ғана ұтылды. Есеп – 39:38.

Джеймс Флоренс Баскетбольный клуб Астана

Үлкен үзілістен кейін алаңдағы доп додасы қыза түсті. «Астана» кезекті рет есепті теңестіріп, біздің жігіттерге кезекті рет алға шығудың сәті түспеді. Тіпті астана баскетболшыларының кежегелері кейін тартып, аз ғана уақыт ойындары жүрмей қойды. Алаң иелері мұны қалт жібермей, қайтадан 7 ұпай айырмасымен алға озды. Бірақ бұдан кейін, керісінше, «Енисейдің» ойыны үйлеспей қойды. Эмиль Райковичтің шәкірттері сенімді түрде есеп айырмасын қысқарта бастады. Үшінші кезеңнің аяқталуына 2 минут қалғанда Джеремайя Хилл таразы басын теңестірді. Бұдан кейінгі минутта есеп тең күйінде тұрды. Содан соң Стефен Холт айып соққыларын орындау құқығына ие болып, олардың біреуін дәл түсірді. Сөйтіп, ойын басталғалы бірінші рет біздің команданы алға шығарды. Бұл кезеңнің қалған уақытында екі команда ұпай олжалай алмай, біраз сабылды. Тек соңғы секундтарда біздің команданың жолы болып, Джеремайя Хилл үш ұпайлық добын баззердің «сүйемелдеуімен» шығыршыққа дөп түсірді. Соңғы кезең Қазақстан командасының 7 ұпайлық басымдығымен басталды. Әрі біздің жігіттер тізгін тартпай, ұпай еншілеп, есеп айырмасын ұлғайта берді. Ал «Енисейдің» кежегесі кейін тартып, ойыны мүлде жүрмей қойды. Красноярлықтардың бапкерлері кезекті рет тайм-аут алды. Бүл кезде «Астана» үшінші кезеңнің соңындағы серпілісін қосқанда, 0:16 есебімен қара үзіп кеткен болатын. Ал таблодағы есеп айырмасы 10 ұпайдан асып кеткен еді. Бір минуттық үзіліс «Енисейге» көп көмек болып, алаң иелері бұл кезеңдегі алғашқы ұпайларына қол жеткізе бастады. Кезеңнің бел ортасына қарай олар үш ұпайлық соққыларын дөп түсіріп, тағы да екі айып соққысын орындау құқығына ие болды. Сөйтіп осы шабуылдарында 5 ұпай олжалады. Алайда, бұл да біздің команданың қарқынына тежеу бола алмады. Біздің жігіттер көсіле сілтеді. Ал есеп айырмасы тез арада екі таңбалы санға жетті. Матч  соңына дейін екі команда да көп ұпай еншілеген жоқ. Ал «Астана» жеңісті уысынан шығармай, түзде басым түсті – 64:78 (22:18, 17:20, 14:22, 11:18).
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» – Малкольм Хилл екі команда сапындағы ең көп ұпай жинаған ойыншы болды. Ол өз командасының қоржынына 22 ұпай салды. Сондай-ақ 6 рет доп қағып алып, 5 пас берді және 3 рет допты тартып алды. Джеремайя Хилл да көсіле сілтеді – 17 ұпай + 5 рет доп қағып алды және 5 пас. Душан Ристич 9 ұпай еншілеп, 9 рет доп қағып алды. Ал Джеймс Флоренс өз еншісіне 10 ұпай жазды.
  • «Енисей» – бүгін алаң иелері сапында көзге түскендер Денис Захаров (19 ұпай + 6 рет доп қағып алды) және Гарлон Грин (12 ұпай + 6 рет доп қағып алды) болды.


«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Екі команданы да құттықтағым келеді. Бұл өте ауыр ойын болды. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасындағы бәсекелестік – өте жоғары. Осы ойынның алдында «Енисей» бесінші орында тұрған. Мен өз ойыншыларымның бүгінгі матчта төзімділік танытқандарына қуаныштымын. Оларды жеңістерімен құттықтаймын. Алда бізді жаңа мақсаттар мен сынақтар күтіп тұр.

«Енисей» клубының бас бапкері — Дражен Анзулович​:
— «Астананы» жеңісімен құттықтаймын. Әрі өз ойыншыларымды да құттықтаймын. Бірақ бізге алғашқы 27 минуттағыдай, ойынды аяқтау сапасы жетіспеді. Бізге белді үш легионеріміз қатарда жоқ кезде ойнау қиын. Бүгінгі ойында жеңіліске ұшырауымыздың басты себебі де осы болды. Бастапқы үш кезеңде құйрық үзіп кететін мүмкіндігіміз болды. Бірақ қарсыласымыз ылғи қиын доптарды салып, шабуылда шығыршықтан қайтқан допты қағып алып отырды. Сондай-ақ соққыларымызды дөп түсіре алмай, жиі жаза бастық.

Эмиль Райкович Баскетбольный клуб Астана

Салдары: «Астана» үшін «Енисейді» жеңудің маңызы өте зор болды. Түзде жеңіске жетіп қоймай, қонақтағы статистикасын біраз түзеп, бұған қоса біздің жігіттер ұпай саны бойынша (7/10) «Нижний Новгород», «Зенит» және «Енисей» клубтарымен теңесіп, осы ұжымдармен 6-9 орындарды бөлісіп тұр. Бұл топтан «Парма» мен «Стелмет Зелена Гура» «бөлініп» қалды, олар бүгін өзара кездесті. Поляктар төмен сырғып, пермдіктер бесінші орынға жайғасты. Олардың бір ойын артық өткізген, әрі бір жеңісі де артық.

Келесі матч: «Астана» жанкүйерлері өздерінің сүйікті командасының ойынын 8 наурыз күні жүзбе-жүз тамашалай алады.  Бұл күні Нұр-Сұлтанға Эстонияның «Калев» клубы жауапты ойын өткізуге келеді. Матч «Жекпе-жек» спорт кешені аренасында өтеді. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып қойған.

Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында Эмиль Райкович шәкірттерінің өз алаңында Саратовтың «Автодор» клубымен өткізетін ойынына билеттер сатыла бастады. Бұл матч 15 наурызда болады.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1981 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Арена Север»
Қала: Красноярск Сайт: www.basket-enisey.ru

Сипаттамасы

«Енисей» - ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск өлкесінен, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей Суперлигасының «Б» күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей Кубогының қола жүлдегері – 2011

Команданың жалпы суреті

Енисей