ВТБ Бірыңғай лигасы 2018/2019
ВЭФ
Рига
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
19.11.2018, 23:30 Дс
Арена: Olimpic Sport Center (Рига)
71:93
Негізгі уақыт
23:25 14:29 25:10 9:29
Ойын нөмірі: RS-50
Көрермен: 600
Астана
Астана

«Астана» баскетболшылары Латвияда додаға түседі

00.00.0000, 00:00    Просмотров: 443
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Бүгін, 19 қарашада, Астана уақытымен 23:30-да, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын түзде өткізіп, Латвияның ВЭФ клубымен кездеседі.

ВЭФ – Латвияның ерлер арасындағы баскетбол клубы, Рига қаласынан. 1958 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Латвия чемпионы − 2011, 2012, 2013, 2015
  • Латвия чемпионатының күміс жүлдегері –2010, 2014, 2016
  • КСРО чемпионатының қола жүлдегері –1960, 1966, 1991
  • Балтық лигасы кубогының қола жүлдегері – 2012
  • Латвия чемпионатының жартылай финалына шыққан – 2008, 2009

Өткен кездесулер хроникасы: Латвия баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2009 жылдан бері ойнап жүр. ВЭФ үшін ең нәтижелі маусым 2012/2013 жылдар болды. Осы маусымда ВЭФ Латвияның 2012 және 2013 жылдардағы чемпионы атанды. Мұнымен қоса, ригалықтар Еуропа кубогында TOP-16 құрамына енді. Сонымен қатар, ВТБ лигасында үздік сегіздікке ілігіп, плей-офф сатысына шықты. Сол кезде команданы Литва маманы, 2014-2016 жылдары «Астана» клубының бас бапкері болған Рамунас Бутаутас жаттықтырған болатын.
Ал «Астана» мен ВЭФ арасындағы екеуара кездесулерге келер болсақ, екі команда алаңда 14 рет кездесіп, оның бесеуінде астаналықтар жеңіске жетті. Биылғы маусымда «Астана» ригалықтармен бірінші рет кездесіп отыр.

Турнир кестесі: Дәл қазір «Астана» үш жеңіс, үш жеңіліспен турнир кестесінде алтыншы орынды иемденіп тұр. Ал қарсыласы болса, жеті ойын өткізіп, соның тек біреуінде ғана жеңіске жетіп, 14-орынға орналасқан.

Матч 19 қараша күні Ригадағы «Olimpic Sport Center» аренасында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 23:30-да.

Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Баға жетпес 22 ұпай: «Астана» түзде ВЭФ клубын қалай тізерлетті

20.11.2018, 08:00    Просмотров: 468
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Бүгін «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасындағы өзінің негізгі қарсыластарының бірімен, атап айтқанда, Латвияның ВЭФ клубымен додаға түсті.

Біздің команда үшін биылғы маусым өте сәтті басталды. Командамыз бұған дейін ешқашан да мұндай жоғары нәтиже көрсеткен жоқ болатын. Осы ойынның алдында «Астана» үш жеңіс, үш жеңіліспен, турнир кестесінің бел ортасынан жоғары орналасқан еді. Ал ВЭФ болса, жеті ойында бір-ақ рет жеңіске жетіп, бағы жанбай жүрген.

Әйтсе де, «Астана» өз алаңында өткен соңғы ойындарында жеңілістің кермек дәмін татқан болатын. Мәселен, «Нижний Новгород» клубымен осының алдында өткен матчта жеңіске жету үшін бар болғаны алты ұпай жетпей, жанашыр жанкүйерлерін жасытып алған. Есесіне, соған дейінгі түздегі ойындарында жігерлік танытып, Беларусьтің «Цмоки» және Польшаның «Зелена Гура» клубтарын тізе бүктірген-ді. Сондықтан «Астана» ойыншыларының осы матчтың алдындағы мақсаттары оңай болған жоқ. Ол – жеңістері мен жеңілістерінің тепе-теңдігін бұзып, әрине, біріншісінің санын артыру. Сөйтіп, бас бапкері Эмиль Райковичтің соңғы ақыл-кеңестері мен нұсқауларын құлақтарына құйып алды да, Ригадағы «Olimpic Sport Center» алаңына зор құлшыныспен шықты.     




Сонымен, «Астананың» бірінші бестігі қонақтардың алаңында көсіле шапты. Бірінші кезең өте тартысты және қызу басталды. Есепті қонақтар ашты, бірақ одан әрі табло екі команданың қоржындары тең екендігін көрсетіп тұрды. «Астана» біраз тыныстап алып, содан соң күш жинап алғандай, атойлап шабуылға шықты. Әрі өздеріне сенімді болып, шабуылдарын сәтті аяқтап отырды. Бүгін біздің баскетболшыларымыз үш ұпайлық соққыларын да асқан дәлдікпен дөп түсіріп, клуб жанкүйерлерінің бәрін, тіпті трансляцияны ғаламтор арқылы көріп отырған тілеулестерін қуанышқа бөледі.
54:37 – Қазақ елі баскетболының жанашырлары бірінші кезеңнен соң мейлінше шаттанып, жұдырықтарын түйе түсті. Екінші кезеңді «қара-ақ» жейделілер жоғары қарқында бастады. Бірінші минуттан бастап-ақ алаң иелері есепті қысқартып, ұпай қорлары жоғары өрлей бастады. Алайда жеңісті қолдан беру «Астанаға» тән емес-тін…

Үшінші кезең екі команда үшін де оңай болған жоқ. ВЭФ ойыншылары өздерінің шығыршықтарын қорғауда жанкештілік танытып, бар күш-жігерлерін салды. Өз кезегінде, жанкүйерлері де қиқу салып, өз жігіттерін жігерлерндіріп отырды. Есеп айырмасы – екі-үш ұпай ғана. Ойын мейілінше қыза түсті. Төртінші кезең басталған бетте «Астана» алға қарай лап қойды. Жылдамдықтары өте жоғары болды. Аяқтарының сықырларымен таблодағы ұпай айырмасы да алшақтай түсіп, Қазақ елі баскетболшылары көсіле сілтеді. Ойынның аяқталуына бес минут қалғанда, алаң иелерінің жүйкелері сыр бере бастағандай болды. Олар тіпті айып соққыларын орындауда мүлт кетіп, маңызды сәттерде қателесе бастады. Ал біздің баскетболшылар ойын аяқталғандығын білдіретін ысқырық безілдегенше, айылдарын жиған жоқ. Әрі айқын басымдықпен жеңіске жетті – 71:93.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • ВЭФ: Стив Зак (15 + 8 рет доп қақшып алды), Андрейс Гражулис (15 + 8 рет доп қақшып алды), Артис Ате (9).
  • «Астана»: Александр Жигулин (23), Джеффри Гросселл (18 + 9 рет доп қақшып алды), Майкл Дженкинс (14 + 5 пас).

Матчтың үздік ойыншысы – Александр Жигулин. Ешқашан құралайды көзге атқан сұрмерген болып есептелмеген Жигулин бүгін доға сыртынан лақтырған 7 соққысының 5-еуін шығыршыққа дөп түсірді. Үш ұпайлық соққыларының үшеуі маңызды сәтте серпін берді. Ол бұл ойында команда қоржынына 23 ұпай салды.

«Астана» келесі ойындарын өз алаңында өткізіп, 21 және 22 қараша күндері елорда командасы ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында, оңтүстік астананың «Алматы Легионы» командасын қабылдайды.

Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін түзде өткізеді, 9 желтоқсан күні елорда баскетболшылары Краснодарға барып, онда жергілікті «Локомотив Кубань» баскетбол клубымен додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1958 Клубтық түстері: ақ, қара
Мемлекет: Латвия Арена: «Арена Рига»
Қала: Рига Сайт: www.vefriga.com

Сипаттамасы

ВЭФ – Латвияның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Рига қаласынан, 1958 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Латвия чемпионы − 2011, 2012, 2013, 2015, 2017
  • Латвия чемпионатының күміс жүлдегері –2010, 2014, 2016, 2018
  • Латвия чемпионатының қола жүлдегері –1960, 1966, 1991
  • Балтық лигасы кубогының қола жүлдегері – 2012
  • Латвия чемпионатының жартылай финалына шыққан – 2008, 2009