ВТБ Бірыңғай лигасы 2018/2019
Астана
Астана
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
21.10.2018, 15:00 Жс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
93:91
Негізгі уақыт
24:20 13:20; 29:22 27:21
Ойын нөмірі: RS-19
Көрермен: 809
Зенит
Санкт-Петербург

«Астана» Петербордың «Зенитімен» додаға түседі

15.10.2018, 18:00    Просмотров: 744
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Жексенбі күні, 21 қазанда, сағат 15:00-де «Астана» президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өз алаңында өткізіп, «Зенит» командасымен кездеседі.
 

«Зенит» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан.

Команданың жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Өткен кездесулер хроникасы: Санкт-Петербург қаласының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2014 жылдан бері ойнайды. Бірінші жылдан бастап, команда өз жанкүйерлерін таң қалдырудан жалыққан жоқ. 2015/2016 жылдар маусымында «зениттіктер» өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері атанды. Бұл клубтың ойыншылары Лиганың жыл сайынғы чемпионатында бірнеше рет өз шептеріндегі үздік ойыншылар болып танылды. «Астана» мен «Зенит» баскетбол алаңында сегіз рет кездесті. Астаналықтар оның екеуінде ғана, 2014/2015 жылдар маусымында түзде және 2017/2018 жылдар маусымында өз алаңында петерборлықтарды тізе бүктірді.
 
Қайда, қашан, нешеде?

Матч 21 қазанда «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді, басталуы – Астана уақытымен 15:00-да. Билеттердің онлайн сатылымы – Ticketon.kz сайтында.

Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде және «QazSport» телеарнасында жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Маусымдағы алғашқы сенсация: «Астана» «Зениттен» жеңісті жұлып алды

21.10.2018, 19:00    Просмотров: 976
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақтың «Астанасы» өз алаңында Ресейдің «Зенитін» тізе бүктірді – 93:91 (24:20, 13:28, 29:22, 27:21).

«Зенит» Қазақстанға Еурокубок додасындағы Италияда өткен түздегі ойынынан кейін келген болатын. Брэндон Дженнингс қатарға қосылған, әйтсе де, команда сапы селдіреп қалып, жарақат алған ойыншылары әлі де көп еді. Алғашқы 6 минутта петерборлықтар небәрі 5 ұпай олжалады (5:14). Дегенмен, Джейлен Рейнольдстің «трапеция» (paint) ішіндегі жанкештілігі арқасында ойынның бірінші ширек бөлігі аяқталғанша, ресейліктер есепті едәуір қысқартты (20:24). Ал екінші кезең «Зениттің» үстемдік құруымен өтті. «Астана» петерборлықтарға қолайлы жоғары қарқындағы ойын ырғағына төзе алмады. Есеп – 28:13, зениттіктер үлкен үзіліске «+11» ұпай айырмасымен шықты. Матчтың үшінші ширек бөлігінің ортасында «Зенит» 19 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті (64:45). Бірақ дәл осы тұста ойын тағы да өзгеріп сала берді. Энтони Клеммонс көсіле сілтеп, 13 ұпай еншіледі де, соңғы кезең алдында «Астананы» жігерлендіре түсті – 66:70.

Бәрі де кездесу соңында шешілді. «Астана» ойыншылары өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, алға да шықты. Матчтың аяқталуына 3 минут қалғанда Галь Микелдің алыстан дәл түсірген соққысынан кейін таблодағы есеп теңесіп, 85:85 болып жанып тұрды. Бұдан кейін «Зениттің» екі шабуылы сәтсіз аяқталды. Ал Джей Джей О’Брайен мен Клеммонс атойлап алға шапқанда қарсыластары ойын ережесін бұзуға мәжбүр болып, олар Қазақстан командасын алға шығарды – 89:85. Матч тағдырын да айып соққылары шешті. Сары-көк жейделілер мүлт кеткен жоқ. Әрі, жеңісті есепті уыстарынан шығармады – 93:91. «Астана» екінші маусым қатарынан «Зенитті» өз алаңында тізе бүктіріп отыр.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Энтони Клеммонс (26 + 10 пас), Кенни Хортон (19 + 6 рет доп қақшып алды), Джей Джей О’Брайен (13 + 5 рет доп қақшып алды).
  • «Зенит»: Джейлен Рейнольдс (21 + 5 рет доп қақшып алды), Брэндон Дженнингс (16), Галь Мекель (15 + 7 пас).

Үздік ойыншы — Энтони Клеммонс. Ойын үйлестіруші қысылтаяң сәтте, яғни үшінші кезеңде командасын алға сүйреп, 5 минуттың ішінде 13 ұпай салды. Клеммонстың еншісінде – пас беру арқылы сирек орындалатын дабл-дабл (26 + 10).  

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Мен әрбір ойыншыма шын жүректен шексіз алғыс білдіремін. Біз 19 ұпай айырмасымен ұтылып жатсақ та, олар жеңіске жетуге болатынына сеніп, жігерлік танытты. Жанашыр жанкүйерлерімізге естен кетпес жеңіс сыйлады. Бәріңізді де құттықтаймын!


«Зениттің» бас бапкері Василий Карасев:
— Ұтылып қалғанымызға өзіміз кінәліміз. Үшінші кезеңде, 20 ұпайдай есеп айырмасымен алға шықтық та, жеңіске жеттік деп есептеп, босаңсып кеттік. Бірнеше рет тым өрескел қателіктер жіберіп, мүлт кеттік, қайсыбір сәттерде доптан айырылып қалғанымызды түсіну мүлде мүмкін емес. Мұның бәрі «Астананың» бізді қуып жетуіне мүмкіндік берді. Матч соңында жинақтала алмай қойдық. Ереже бұзып, ескертуді үйіп алдық. Ал алаңға шығаратын ойыншыларымыз онсыз да аз болатын. Түсінікті, әрине, бес ойыншымен ойнап шығу – өте қиын. Бәрін де үйлестіруге тырыстық, бірақ бәрі де бекер болып шықты.    


«Астана» келесі ойындарын да өз алаңында өткізіп, 23 және 24 қазан күндері ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында Қостанайдың «Тобыл» баскетбол клубын қабылдайды.

Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін түзде өткізіп, 29 қазан күні елорда баскетболшылары Польшаға аттанды. Онда «Астана» лиганың жаңа командасы «Зелена Гура» баскетбол клубымен кездеседі.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2014 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Сибур Арена»
Қала: Санкт-Петербург Сайт: https://bc-zenit.com

Сипаттамасы

«Зенит» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан, 2014 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы — 2021/2022
  • Ресей Чемпионатының жеңімпазы — 2021/2022
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Суперкубогының күміс жүлдегері — 2021
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016