Командалар

Құрамы

0
Флоренс
Флоренс
Үйлестіруші қорғаушы
Туған күні: 31.05.1988 (35) Туған жері: Мариетта, Джорджия, АҚШ Азаматтығы: АҚШ Бойы: 185 см. Салмағы: 82 кг.
Джеймс Флоренс 1988 жылы 31 мамырда Мариетта қаласында (Джорджия, АҚШ) туған – америкалық кәсіпқой баскетболшы, ойын үйлестіруші қорғаушы шебінде ойнайды.

Джеймстің баскетболдағы карьерасы 2006 жылы басталып, ол Макон қаласындағы (Джорджия, АҚШ) Mercer университетінің «Mercer Bears» командасының намысын қорғай бастайды. Колледждегі оқуын тәмамдап болған соң, Джеймс ҰБҚ драфтына ілігеді. 2010 жылдың қорытындысы бойынша еркін агент болып қалады да, маусым аралығында «Philadelphia 76ers» сапында ойнап үлгереді. Бұдан кейін ол Еуропаға ойысады. Бірінші кәсіби клубы Сербияның «KK Igokea» командасы болады. Бұл ұжыммен Флоренс Босния және Герцеговина чемпионатының жеңімпазы атанып, финалына да шығады. Сонымен қатар, Адриатикалық лигада өнер көрсетеді. 2011/2012 жылдар маусымында Украинаның Кривой Рог қаласындағы «Кривбасс» клубына ауысады. Бұл команда сол кезде Украина Суперлигасында ойнайтын. Джеймс мұнда 2013 жылдың қаңтар айына дейін болады. Маусымның қалған бөлігінде Венгрия біріншілігінің «А» дивизионындағы «Szolnoki Olajbanyasz» клубының намысын қорғайды. Әрі осы ұжыммен Венгрия кубогы мен Ұлттық додасының финалына шығады. Сондай-ақ, тағы да Адриатикалық лигада додаға түседі. Келесі маусымды неміс Бундеслигасында өткізіп, «Phantoms Braunschweig» командасы сапында ойқастайды. 2014 жылдың күзінде Джеймс Хорватияның «Задар» клубымен келісімшартқа отырады. Бұл командамен Хорватия кубогының финалына дейін жетеді және чемпионатының Жұлдыздар матчына қатысады. Алайда маусымды соңына дейін ойнамай, 2015 жылдың наурыз айында Түркияға ойысады. Онда жергілікті «TED Kolejliler Ankara» командасы сапында бірнеше ай өнер көрсетеді. Ал 2015 жылдың шілде айында Францияның «Paris Levalo» командасымен бір жылға келісімшартқа отырады. Бірақ дәл осы жылдың қазан айында Флоренс Хорватияға қайтып барып, әйгілі «Цибона» командасының намысын маусым соңына дейін қорғайды. 2016/2017 маусымын Джеймс Польшада өткізіп, «Stelmet Zielona Góra» клубымен бір жылға келісімшартқа отырады. Осы ұжыммен Польша чемпионы атанып, финалда MVP болып танылады. Сондай-ақ Польша кубогын жеңіп алады. 2017 жылғы жазда ол «Stelmet Zielona Góra» клубымен екеуара келісімшартын тағы бір жылға ұзартады. Ал бір жылдан кейін поляктардың басқа командасына, яғни «Arka Gdynia» клубына ауысады. Осы команданың сапында екі рет Польша кубогының финалына шығады.

«Астанаға» келгенше Джеймс Ливан лигасындағы «Champville SC» командасы сапында ойнап үлгереді.