ВТБ Бірыңғай Лигасы 2024/2025 жылдар маусымына қорытынды жасап, қазақстандық баскетболшылардың ойынына сараптама жасаймыз

25.04.2025, 12:00    Оқылғаны: 35
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Глеб Плотников бастаған команда ВТБ Бірыңғай Лигасын маусымды 12 орынмен аяқтады – 2 жеңіс және 42 жеңіліс. Биылғы маусымның команда үшін оңайға түспегенін айта кету керек – бас бапкер қызметінен кетті, маңызды ойыншылар ауыр жарақат алды, маусым барысында жаңа ойыншылармен келісімшарт жасасу мүмкіндігі болған жоқ. Осының барлығы турнирлік кестедегі қорытынды нәтижеге өз ықпалын тигізді. Алайда маусымның жақсы жақтары да болды.

Қазақстанның жас баскетболшыларына биыл өздерін ең жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік берілді. Осы маусымда Қазақстан баскетбол мектебінің тәрбиеленушілері жалпы 3 944 минут ойын уақытын алды. 2023/2024 жылдар маусымында бұл көрсеткіш 2 044 минут болған. Ал команда Лигада ең үздік ойын өрнегін көрсеткен 2018/2019 жылдар маусымында (6-орын, 15-11) қазақстандықтардың ойын уақыты 1 157 минут болған еді.

«Астананың» орталық ойыншысы Асқар Майдекин осы жылы ВТБ Бірыңғай Лигасындағы жетінші маусымын өткізді. Биыл ол мансабындағы ең үздік маусымын өткізді, ол осы жылы 220 ұпай еншіледі. Бұл бұған дейінгі алты маусымда қоса алғандағы нәтижесімен салыстырғанда әлдеқайда көп – 129! Оған 100 рет допты алу мен айып соққыларын орындаудағы 77.4% дәлдікті қосу керек (89/115).

Маусымда еншілеген ұпай саны бойынша екінші орында – капитан Рустам Мурзагалиев. Ол алаңда 951 минут өткізіп, 202 ұпай (алыстан жасалған соққылар – 51/182) олжалаған, 85 рет допты алып, 84 пас берген және 22 рет допты тартып алған. Рустам Мурзагалиев нәтижелілік жағынан маусымды командадағы екінші нәтижемен аяқтап қана қоймай, ВТБ Бірыңғай Лигасы тарихында қазақстандық ойыншылар еншілеген ұпай саны бойынша көш басына шықты – 816 ұпай. Антон Пономарев қоржынында 780, ал Рустам Ерғалидің еншісінде 381 ұпай бар.

Ұпай саны бойынша үздік үштікті Руслан Айтқали түйіндеп тұр – 502 минут, 110 ұпай, 51 рет допты алу. Вадим Щербак (587 минут, 86 ұпай, 59 рет допты алу) екеуі командағы жақсы импульс берді. Руслан мен Вадим турнирдің 44 ойынының 40-ына қатысты. Екеуінің команданың сенімді ойыншылары екендігіне күмән жоқ!

Командада маусым барысында деңгейі ерекше өскен ойыншылардың бірі – Александр Оразбеков. Биыл ол «Астананың» дамуы ең үзідк ойыншысы атағына талас жүргізе алады. Григорий Мотовилов жарақатына байланысты матчтарға қатыса алмаған кезде, команданың бірінші нөмірлі ойыншысы рөлі Александрға сеніп тапсырылды және ол оны ақтады. Оның биылғы маусымдағы нәтижесі: 500 минут ойын уақыты, 85 ұпай, 91 пас. Ең бастысы – қарашада «Локоға» қарсы өткен матчта Александр 12 нәтижелі пас беріп, ВТБ Бірыңғай Лигасы тарихындағы қазақстандық ойыншылар арасында абсолютті рекордтың иесі атанды.

«Астана» ростерінде Қазақстан баскетболы тәрбиеленушілерінің саны – 10, олардың алтауы – жас ойыншылар. Олар – Мағжан Сәрсенғалиев, Владислав Исаенко, Сардал Абашидзе, Илья Пестов, Валерий Симонов пен Әсет Амангелдинов. Бұрын бұл ойыншылар тек Қазақстан Ұлттық лигасында ғана өнер көрсеткен. Алайда олар жас болғандарына қарамастан, ВТБ Бірыңғай Лигасында дебют жасап, алғашқы ұпайларын еншіледі.

Кеше ғана жастар командасы үшін ойнап, ал бүгін ең азулы қарсыластардың бірі – ЦСКА-ға қарсы матчта негізгі құрам сапында алаңға шығу қандай болатынын елестетіп көріңізші! Илья Пестовтың ВТБ Бірыңғай Лигасындағы мансабы дәл осылай басталды. Ол Лигадағы дебюттік матчында қобалжымай, 11 минут ойын уақытында 4 ұпай еншілеп, 4 рет допты тартып алып, 1 рет допты алып, 1 нәтижелі пас өз есебіне жазды.

Сардал Абашидзенің де Лимгадағы дебюті ерекше есте қалды. Ол ВТБ Бірыңғай Лигасындағы алғашқы матчын 2024 жылдың 4 желтоқсанында өткізді. Оған УНИКС-пен кездесуде 9 минут ойын уақыты беріліп, шабуылшы осы уақыт аралығында 6 ұпай олжалап, 4 пас беріп үлгерді.

Владислав Исаенко командамыздың ростеріне 2024 жылдың 2 қазанына қосылып (ЦСКА-ға қарсы матчта құрамға енді), алғашқы ойында-ақ Влад үш ұпайлық соққымен көзге түсті. Қазанда «Уралмашпен» өткен кездесуде шабуылшы 27 минут ойын уақытында 10 ұпай еншіледі. Бұл – оның маусымдағы ең үздік ойыны.

Мағжан Сәрсенғалиев биылғы маусымда команданың бірінші нөмірлі ойыншысының рөлін өз мойнына алды және ВТБ Бірыңғай Лигасы дебютанты ретінде жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Қарашада «Пари НН» командасымен өткен матчта ол 21 минут ойын уақытын алып, 10 ұпай олжалады.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»