Жас ойыншылардың «Астана» КБК жүйесінде дамуы

23.11.2024, 10:00    Оқылғаны: 43
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Негізгі команда ойыншыларының жарақат алуы мен легионерлерге қатысты енгізілген шектеулер нәтижесінде «Астана» қиын жағдайға тап болды. Клуб маусым басталғалы бері бірде-бір жеңіске қол жеткізген, барлық 15 матч қарсылас пайдасына шешілді. Дегенмен, бұл жағдай қазақстандық баскетболшылар дамуының катализаторына айналды. Жас ойыншылары ВТБ Бірыңғай Лигасында дебют жасап, өзін көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл олардың болашақта негізі команда ойыншылары атана алатындарын көрсетеді.
 
«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай Лигасында өнер көрсететін кәсіби команда ғана емес, ол – жас таланттардың ұстаханасы. Дайындық жүйесінің бірізділігінің арқасында ойыншылар жасөспірімдер командасынан негізгі командаға дейінгі жолды жүріп өтеді. Бұл процесс қалай жүреді және оның қазіргі нәтижелері туралы жазып көрдік.
 
Түсініспеушілік болмас үшін Ұлттық Лигада өнер көрсететін команданы «Астана-2» деп атаймыз. Екі ұжым да ресми түрде «Астана» деп аталғанымен, біреуі ВТБ Бірыңғай Лигасында, екіншісі Ұлттық Лигада бақ сынайды.
 

Ойыншы жолы

 
Клуб жүйесіндегі ойыншы жолы пирамида принципі бойынша жүреді: «Астана» Академиясы балалар командасынан бастап ерекше көзге түскен ойыншылары «Астана Жастар» сапына қосылады, артыншы негізгі команда құрамының баскетболшысы атанады.



«Астана» академиясына балалар 7 жастан бастап қабылданып, олар алғашқы дайындық кезеңі топтарында жаттығады. Уақыт өте келе бапкерлер әр жас тобы бойынша үздік ойыншылар құрамасын жасақтап, бұл командалар Қазақстан Республикасы БЖБЛ Біріншілігінде бақ сынайды. Пирамида көрінісі келесідей:
  • «Астана» Академиясы – пирамиданың ең төменгі сатысы, БЖБЛ Біріншілігіне қатысу
  • «Астана U-14» — U-14 Қазақстан чемпионатына қатысу
  • «Астана Жастар» — U-21 Қазақстан чемпионатына қатысу
  • «Астана-2» — Ұлттық Лигада ойнау
  • «Астана» — пирамида шыңы, ВТБ Бірыңғай Лигасында бақ сынау
 
Әр сатының үздік ойыншылары жоғары көтерілуге мүмкіндік алады және бұл жүйе қазір өз нәтижесін беріп жатыр.
 

«Астана Жастар» дамуындағы Антон Пономаревтің рөлі

 
Антон Пономарев – Қазақстан баскетболы аңыздарының бірі. «Астана» құрамында ол ВТБ Бірыңғай Лигасында екі рет үздік қазақстандық баскетболшы деп танылды (2013 және 2016 жылдар), ал қазір жастармен өз тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Баскетбольный клуб Астана | Антон Пономарев

Антон Пономарев:
 
- Мен мансабымды екі рет аяқтадым. Бірінші рет «Астанада» асығыс шешім қабылдадым, алайда бір жыл өткеннен кейін баскетболға қайта оралдым. Екінші рет «Ақтөбеде». Сол маусымның басында-ақ кәсіби мансабымдағы соңғы жылымды өткізіп жатқанымды түсіндім, сондықтан барымды салдым. Бұл тәсіл өзін-өзі ақтады: себебі маусым қорытындысында Ұлттық Лиганың және Қазақстан Кубогының үздік ойыншысы атандым. Осының арқасында мансабымды позитивті нотада аяқтай алдым.
 
Ойыншы ретіндегі мансабымнан кейін бірден бапкерлік қызметке ауысу оңайға түскен жоқ. Өміріңнің жартысынан көп бөлігін бір мамандыққа арнағаннан кейін, жаңа рөлге ауысу – әрдайым қиын. Бапкер мен ойыншы қызметтері бір-біріне ұқсамайды. Қазір мен баскетболға басқаша көзқараспен қараймын. Теледидардан баскетбол матчын көрген кезде, оған жай көрермен ретінде қарай алмаймын. Таткиканы бағалаймын, командалар қорғаныста және шабуылда қалай ойнайтынына сараптама жасаймын.

 
Бүгінде Пономарев «Астана Жастар» командасының бас бапкері және ойыншыларды дамытумен белсенді жұмыс істеп, оларды кәсіби мансапқа дайындап жатыр.
 
Антон Пономарев:
 
— ВТБ Бірыңғай Лигасында өнер көрсетуім әртүрлі елдің бапкерлерімен жұмыс істеумен тығыз байланысты болды, олардың қатарында Грекия, Сербия, Литва, Италия және Ресей елі мамандары бар. Аталған елдердің бәрінің өзіндік баскетбол мектебі, өзіндік дайындық тәсілі бар. Мұндай мамандармен жұмыс істеу арқылы олардың ең үзідк жаттығулары мен техникаларын меңгердім. Бұл – жас ойыншылардың дамуы мен өзін жақсарта түсуіне көмектесуде оларға бере алатын ең үздік тәжірибем депесептеймін.
 
Менің ойымша, табысты баскетболшыларды тәрбиелеудегі маңызды екі қасиет – мінез бен еңбексүйгіштік. Мінез қиын кезеңдерде сынбауға көмектессе, еңбекқоррлық – барлық өзге қасиеттерді дамыту негізі. Себебі, қажырлы еңбексіз баскетболда табысқа жету мүмкін емес.




Антон бапкер ретінде өткен жылы жетістікке қол жеткізіп үлгерді, ол бастаған команда U-23 Қазақстан Кубогының иегері атанды. Одан бөлек, ол жыл сайын еліміздің жасөспірімдер құрамасымен жұмыс істейді.
 

Михаил Лоншаков және оның «Астанаға» қосқан үлесі

 
Кәсіби баскетболдың арғы жағында тек ойыншыларды тәрбиелеп қоймай, олардың шыңға шығар жолын салып беретін бапкерлердің жылдап төккен тері жатыр. Осындай мамандардың бірі – «Астана-2» бас бапкері Михаил Лоншаков. Оның клуб жүйесіндегі жұмысы ерекше назарды талап етеді. Үш жыл ішінде ол төрт ойыншының ВТБ Бірыңғай Лигасы деңгейіне дейін өсуіне көмектесті.

Баскетбольный клуб Астана | Михаил Лоншаков

Михаил Лоншаков:
 
— Бұл – тек менің еңбегімнің жемісі емес. Бапкер Никита Галиахметовтің, жалпы дене жаттығуы бойынша бапкеріміз Қайрат Раимовтің, команда дәрігері Татьяна Самаринаның қосқан үлестері зор. Олардың көмегінсіз мұндай жетістікке жету мүмкін емес еді.
 
Александр Оразбеков пен Мағжан Сәрсенғалиев. Жігіттер бала кездерінен бастап Михаилдің қол астында жаттыққан. Ол Ақтауда ойыншылардың ең алғашқы бапкері болған. Ал қазір  олар – ВТБ Бірыңғай Лигасы ойыншылары. Бапкер үшін маңызды жетістік. «Астана-2» ойыншысы Владислав Исаенко да осы маусымнан бастап ВТБ Лигасында өнер көрсетіп жүр. Оның «Астана-2» командасындағы әріптесі Сардал Абашидзе де негізгі командаға қосылуға дайындалып жүр.
 
Михаил Лоншаков:
 
— Әрине, мен бұл жігіттермен мақтанамын! Бұл бүкіл Қазақстан үшін үлкен жетістік деп санаймын. Әрі бұл өзгелерге осындай жоғары деңгейге шығу мүмкін екендігін көрсетеді. Ақтаудан шыққан жігіттердің ВТБ Бірыңғай Лигасы деңгейіне дейін жете алуы біраз жанға шабыт сыйлауы тиіс.
 
Екінші жағынан, оларды әлі біраз жұмыс күтіп тұрғанын білемін. Қателіктер өте көп, және бұл командалық нәтижеге әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, әлеуметтік желілерге Дэниэл Утомидің Александр Оразбековке қолдау көрсетіп жатқан сәті жарияланды. Мұндай сәттер аса маңызды. Тәжірибенің жетіспейтіндігі көрініп тұр, алайда «Астана» бапкері Глеб Плотников оларға осы мүмкіндікті сыйлап жатыр. Әр матч сайын олардың өзіне деген сенімділігі артып келе жатқандығы байқалады.

 
Александр Оразбеков соңғы төрт ойында тұрақты түрде 7-ден кем емес ұпйа жинап жүр, ал «Локомотивке» қарсы ойында ол 12 пас берді, бұл – ВТБ Бірыңғай Лигасы қазақстандық ойыншылары арасындағы тарихи нәтиже. ӘР ойын сайын Александрдің сенімділігі артып келеді.

Баскетбольный клуб Астана | Александр Оразбеков

Александр Оразбеков:
 
— Матч сайын тәжірибем де артып келеді. Ойынымның қалай өзгеріп жатқанын көріп жатырмын: жылдамдығым арта түсуде, қорғаныста агрессия көрсете бастадым. ВТБ Бірыңғай Лигасында өне көрсету зейіннің жоғары болуын, допты бақылауда ұстауды және әріптестеріңе соққы жасауға жағдай туғызып беруді талап етеді.
 
ВТБ Бірыңғай Лигасында ойнасам да, Ұлттық Лигада ойнасам да, менің міндетім өзгеріссіз қала береді. Ол – әр матчта барымды салып ойнау және бапкерлердің тапсырмасын орындау. ВТБ – әлемдік деңгейдегі кәсіби баскетболшыларға арналған лига. Қазақстанның Ұлттық Лигасында бәсекелестік төмен болғанымен, ол жергілікті ойыншылардың дамуы мен олардың өзін жетілдіре түсуінде маңызды рөл ойнайды.
 
Отбасыма қолдау үшін алғыс айтқым келеді. Қазір мен үшін ең бастысы – фокусты сақтап, өз қателерімді сараптау және тынбай еңбек ету.


Мағжан Сәрсенғалиев лигаға сенімді қадам жасады деуге болады. Ол 10 қарашада дебют жасаса, 13 қараша күні өзінің екінші матчында 10 ұпай еншілеп үлгерді.

Баскетбольный клуб Астана | Магжан Сарсенгалиев

Мағжан Сәрсенғалиев:
 
— Негізінде, ВТБ Бірыңғай Лигасында алып жатқан тәжірибем теңдессіз және маңызды. Бұған дейін менің мұндай сынақтардан өтуге мүмкіндігім болмаған, ал қазір бұның алдымнан жаңа есіктердің ашып жатқанын сезіп жүрмін. Қазір ойынды жақсырақ түсініп, алаңда жылдамырақ шешім қабылдайтын болдым.
 
Егер Ұлттық Лигаға қайта оралсам, өзге ойын деңгейін көрсететініме сенімдімін. Қазір алып жатқан тәжірибем өзімде қалады және ол мықытрақ бола түсуіме көмектеседі.
 
ВТБ Бірыңғай Лигасында көп ойын уақытын алып жүрген жас баскетболшы ретінде бәрі көгілдір экраннан көрінгендей жеңіл емес екенін айтқым келеді. Бұл да өзінше бір ойлар сандығы – әрдайым өз ойындарыма сараптама жасаймын, сәттерді қайталап қараймын. Бәрінің керемет емес екені айтпаса да түсінікті, қателер мен ойланбай қабылданған шешімдер бар. Бұл жағынан командаластарым мен бапкерлеріме ризамын. Олар әрдайым қолдап, құнды кеңестер береді, нені жақсартуға болатынын айтып, алға қарай қадам абсуға жігер береді.

 
Владислав Исаенко ВТБ Бірыңғай Лигасындағы маусымын алғашқы ойынында-ақ үш ұпайлық соққы жасап, бастады. Иә, қазір ол алаңда ерекше көзге түспей жүрген болуы мүмкін, алайда оның алаңдағы позициясы қарапайым жанкүйердің көзіне көрінбейтін үлкен жұмысты атқарады. Оған қоса, ол үш ұпайлық соққы жасауға қауіп төндіре отырып, қарсыластың қорғанысын бұзады.

Баскетбольный клуб Астана | Владислав Исаенко

Владислав Исаенко:
 
—  Қазір теңдессіз тәжірибе алып жатырмын: негізгі командамен жаттығу, ВТБ Бірыңғай Лигасында ойнау. Бұл маған өзімді дамытуға, қабілеттерімді шыңдауға көмектеседі. Әр матч сайын өзімді тек жақсарта түсуге және барымды салуға тырысып жүрмін.
 
Әрине, ВТБ Лигасы мен Ұлттық лига арасында айырмашылық бар. Ол команда санынан басталып, ойын жылдамдығына дейін сезіледі. Биыл Ұлттық Лигадағы командалар деңгейі айтарлықтай бірдей, сондықтан ерекше қызық. Ойындар күреске толы, кімнің жеңімпаз атанатыны кездесу соңында ғана анықталады.
 
Алаңда туындағын қиындықтарды еңсеруге бапкерлеріміз көмектеседі. Олар қателерімді айтып, мықты және осал тұстарымды көреді, оларды қалай жақсартуым керек екеніне қатысты кеңес береді. Жаттығуларда барлық компоненттермен жұмыс істеп жатырмыз: кей нәрселер бірден қолымыздан келеді, ал кейбіріне көбірек уақыт керек. Ал бұл өз кезегінде одан әрі дами түсуге мотивация береді.

 
Сардал Абашидзе Ұлттық Лигада сенімді ойын өрнегін көрсетіп, негізгі команда құрамындағы лайықты орнын алды. Оның ішкі біріншілікте өткізген соңғы үш матчындағы статистикасына зер салайық: «Тобылға» қарсы ойында Абашидзе 19 ұпай еншілеп, 8 рет допты алды. «Ақтөбемен» ойындардың алғашқысында Сардал 17 ұпай олжалап, 4 нәтижелі пас берді. Ал екінші матчта 13 ұпай және 4 рет допты алумен көзге түсті. Оның ВТБ Бірыңғай Лигасындағы дебютін күтеміз.

Баскетбольный клуб Астана | Сардал Абашидзе
 
Сардал Абашидзе:
 
— Мансабымдағы бұл қадамның мен үшін маңызы зор. Елордаға қоныс аударып, өмірімді өзгертуге, баскетболды бағалайтын және жақсы көретін жерде ойын үшін барымды салуға бел буғанда, тәуекел етіп жатқанымды түсіндім. Алайда қазір маған сенім артқан және қалыптасуыма күш салған барша жанға алғысым шексіз. Еңбек ақталды, мен мақсат еткен жеріме жеттім.
 
Алайда бұл – жолдың басы. Босаңсуға болмайды. Ойынға өзіңді арнау, барыңды салу маңызды. Клубта жолымызды бірге бастаған жігіттермен өсіп келеміз. Олардың нәтиже көрсетіп, әр ойын сйаын қарқын алып келе жатқандарына қуаныштымын.

 
Нәтиже бар: Михаил Лоншаковтан тәжірибе алған төрт ойыншы бүгінде ВТБ Бірыңғай Лигасында өнер көрсетіп жүр. Бұл клубтың жас ойыншыларға жоғары деңгейде ойнап, тәжірибе жинауына мүмкіндік бере отырып, өскелең ұрпақты дамытуда маңызды қадамдар жасап жатқанын дәлелдейді. Бұл – жолдың басы. Жігіттер әлі де көп жұмыс істеуі керек, алайда қазірдің өзінде бұл стратегияның қазақстандық баскетболшылар әлеуетін ашатыны көрініп отыр.
 

«Астананың» өскелең ұрпағы

 
Ойыншылар тек «Астана-2-ден» негізгі командаға ауысып қойған жоқ. Биыл «Астана-2» құрамында бұған дейін «Жастар» сапында өнер көрсеткен ойыншылар мансаптарын жалғастырып жатыр: Илья Пестов, Захар Медовской, Павел Соннов, Абылайхан Жандарбек пен Богдан Бойко. Қазір олардың бәрі Ұлттық Лигада ойнау арқылы тәжірибелерін арттырып жатыр.
 
Илья Пестов (17 жаста) өзінің дебюттік маусымында тұрақты нәтиже көрсетіп жүр: орта есеппен әр ойында 4.6 ұпай, 2.6 рет допты алу, 1.6 пас және 1.3 рет допты тартып алу.
 
Захар Медовской (18 жаста) жақсы қарқын алып келеді. «Ақтөбеге» қарсы өткен соңғы кездесулердің бірінде ол өзінің снайперлік қабілеттерін көрсетіп, алыстан жасаған төрт соққысының төртеуін де жүзеге асырды.
 
Павел Соннов (17 жаста) әзірге көп ойын уақытын алып жүрген жоқ, сондықтан оның статистикасынан қандай да бір нәтиже көру мүмкін емес. Алайда Павел командаға қорғаныста және допты алуда көп көмек көрсетіп, өте үлкен жұмыс көлемін атқарады.
 
Абылайхан Жандарбек (18 жаста) «Ақтөбемен» соңғы матчтарда команданың көшбасшы ойыншыларының бірі атанды. Ол екі ойында 12 және 17 ұпай еншілеп, әр матчта 8 реттен допты алған. Жалпы, орта есеппен ол маусымда командаға 7.1 ұпай сыйлап, 5 рет допты алып жүр.
 
Богдан Бойконың (18 жаста) «Астана-2» құрамына қосылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Оның U21 Қазақстан чемпионатында ойнайтын «Жастар» сапындағы статистикасы таңғалдырады: орат есеппен әр матчта 13.2 ұпай, 11.2. рет допты алу, 2 пас, 2 рет допты тартып алу, 1.2 блокшот.
 
Одан бөлек, пирамида баспалдығымен тек ойыншылар емес, бапкерлер де жоғары көтеріледі. Өз жолын «Астана Жастар» командасында бастаған Никита Галиахметов қазір «Астана-2» бас бапкері Михаил Лоншаковтың көмекшісі қызметін атқарады.

Баскетбольный клуб Астана | Никита Галиахметов
 
Никита Галиахметов:
 
– Биыл клубтағы үшінші маусымы және осы уақыт бойы 2006-2007 жылы туған баскетболшыларды жаттықтырып келемін. Біз жасөспірімдер мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаттарында бірге өнер көрсеттік. Биылғы маусымда алға қадам жасап, Ұлттық Лига командасы сапына қосылдық. Сондықтан бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр деуге болады.
 
Галиахметов кейбір жас баскетболшылар үшін биылғы жылдың ерекше маңызды болғанын атап өтті:
 
– Биылғы маусымда Ұлттық Лигада өнер көрсететін команда қыркүйекте Қазақстан Кубогының иегері атанған жас ойыншылардан ғана жасақталған. Елдің үздік ерлер командаларына қарсы ойнау арқылы жастарға қажетті тәжірибені алып, алға қарай дамуды жалғастырамыз.


 
Михаил Лоншаков:
 
- Ұлттық Лигада ойнаумен қатар, жастарға арналған жобаларда, мысалы, ВТБ Жастар лигасында немесе өзге де халықаралық турнирлерде бақ сынағымыз келеді. Бұл жігіттердің жылдам дамуына көмектесер еді.
 

Болашақтан үміт

 
«Астана» бас директоры Самсон Аракелян клуб міндеті – негізгі командаға талантты жастарды даярлайтын, жұмыс істейтін жүйені құру екенін бірнеше рет айтқан. Қазір бұл жүйе өз нәтижесін беріп жатыр: Оразбеков, Сәрсенғалиев, Исаенко, Абашидзе сында жастар ВТБ Бірыңғай Лигасында өзін көрсетуге мүмкіндік алды.

Баскетбольный клуб Астана | Самсон Аракелян
 
Самсон Аракелян:
 
— Иә, биылғы маусым «Астана» үшін сәтсіз өтіп жатыр: негізгі ойыншылардың жарақаты мен легионерлерге қатысты жаңа шектеулер негізінде команда жастарға басымдық берді. Мұның барлығы клубтың қандай күрделі жағдайды басынан өткеріп жатқандығын көрсетеді. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, жастардың мұндай жоғары деңгейде ойнауға мүмкіндік алуы – олардың кәсіби тұрғыда өсуі мен Қазақстан баскетболының дамуында жасалған маңызды қадам.
 
Біз өзімізге әрдайым 5-10 жылдан кейін «Астана» намысын кім қорғайды деп сұрақ қоямыз? Егер бұл сұраққа жауап бере алмасақ, бұл біздің басты мәселемізге айналады. Бүгінде қазір біз дамуына көңіл бөліп отырған 20 ойыншының ішінде өз мансабын баскетболмен байланыстыратындар бар екеніне сенімдімін.
 
Клубымыздың алған басты бағыты – осы. Үш жылдан кейін қазіргі құрамды алмастыра алатын ойыншыларымыз болуы керектігін жақсы түсінеміз. Бұл – қажеттілік. Өйткені, біраз жылдар ВТБ Бірыңғай Лигасында командамыздың намысын қорғаған қазақстандық ойыншылар 3-5 жылдан кейін мансаптарын аяқтаулары мүмкін.
 
Біздің мақсат – болашақ жеңістердің берік кірпіші болатын жаңа команда құру. Бұл жай клубтың стратегиясы ғана емес, ол – Қазақстандағы баскетбол деңгейінің өсуі мен халықаралық аренада бәсекелестікке қабілетті болуы үшін жасалған аса маңызды қадам.

 
«Астана» болашағы үшін әлеуеттік команданы жасақтау маңыздылығын түсіну идеясын бапкерлер де қолдайды. Жаттықтырушылар ойыншылардың дамуына ғана емес, жалпы елдегі баскетбол қауымдастығының өркендеуіне үлес қосуды мақсат етеді. Себебі, клуб пен ұлттық құрама дамуы үшін бүкіл Қазақстаннан таланттарды іздеп, оларға қолдау көрсету керек.
 
Михаил Лоншаков:
 
— «Астана» есігі баршаға ашық, біз Қазақстандағы баскетболды өркендету үшін тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз. Аймақтағы спорт мықты болған сайын, клуб та, ұлттық құрама да күшті болады. Барлық деңгейде – жастар арасында да, ересектер арасында да.
 
Өңірлерге сапар шегіп, талантты ойыншыларды іздеуге, әдістемелік материалдармен бөлісуге әзірміз. Халықтың «Астананы» жабық жоба ретінде қабылдағанын қаламаймын. Бұл – жас бапкерлер мен ойыншылардың дамуына көмектесетін платформа. 
 
Жанкүйерлерге келер болсақ, бізге олардың қолдауы маңызды. Бәріңізді аренада күтеміз. Иә, қазір қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз, бірақ дәл осындай сәттерде қолдаудың маңызы арта түседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»