«Астана» «Тобылды» финалға шығу мүмкіндігінен айырды

27.04.2022, 10:00    Оқылғаны: 99
Дереккөз: ҰБФ ҚР
Автор:

“Астана” мен “Тобыл” Ұлттық лига додасының жартылай финалындағы екінші ойындарын өткізді. Елорда ұжымы бірінші ойында өзінің фаворит  мәртебесіне шаң жуытпай, бүгін де сенім үдесінен шықты.

Ойын барысы: Алайда бұл ойынның басында Қостанайдан келген қонақтар көсіле сілтеп, 0:6 есебімен серпіліс жасады. “Астана” тез арада еңсе тіктеп, бірінші кезеңнің ортасына дейін таразы басын теңестірді. Одан кейін алға шығып, есеп айырмасын ұлғайтумен болды. Бастапқы кезеңнің соңында елорда командасы қарсыласынан екі таңбалы санға тең басымдықпен қара үзіп кетті – 28:17. Ойынның екінші бөлігінде алаң иелері өз жоспарларын жүзеге асырып, қонақтарынан ұзай түсті. “Тобыл” олаарды қуып жетуге тырысқанымен, бұл қостанайлықтардың қолдарынан келмеді. Үлкен үзіліске дейін есеп айырмасы екі еседен артық шамаға ұлғайды – 56:30. Үшінші онминуттықта қонақтар сәл ширай түсті, әйтсе де, жиырма ұпайдан артық есеп айырмасымен ұтылып жатты. Сары-көкшілдер үшінші кезеңнің екінші жартысында қарқындарын үдетіп, еселерін қайтаруға кірісті. Әйткенмен, матчтың үшінші ширек бөлігінде қостанайлықтар бір ұпай айырмасымен басым түсті. Жалпы есеп – 77:52. “Тобыл” 25 ұпай айырмасымен ұтылып жатты да, төртінші кезеңде олардың ойын өрісін өзгертерліктей мүмкіндіктері де болмады. Соңғы он минутта тіпті қостанайлықтар лайықты деңгейде қарсылық көрсете алмады. Ал “Астана” айылын жимай, ұпай қорын үш таңбалы санға жеткізді де, бұл ойынды да ірі жеңіспен тәмамдады – 101:60.

Роберт Пан

Маңызды сәт: Бірінші кезеңнің ортасынан бастап “Астана” ойын тізгінін өз қолына алып, оны матч соңына дейін уысынан шығарған жоқ.

Матч үздігі: Роберт Пан, Антонио Кэмпбелл және Рустам Мырзағалиев үшеуі команданың барлық ұпайының тең жартысына жуығын еншіледі.

Көп ұпай жинағандар:

  • «Астана»: Роберт Пан (16 ұпай, 9 рет доп қағып алды, 2 пас, 4 рет допты тартып алды), Антонио Кэмпбелл (16 ұпай, 10 рет доп қағып алды, 1 блокшот), Рустам Мырзағалиев (15 ұпай, 5 пас).
  • «Тобыл»: Антон Быков (16 ұпай, 10 рет доп қағып алды), Шайым Қуанов (19 ұпай, 2 рет доп қағып алды, 2 рет допты тартып алды), Павел Ильин (10 ұпай, 2 рет доп қағып алды).


Салдары: “Астананың” финалға шығуына бір жеңіс қажет, ал “Тобылдың” енді ұтылуға хақы жоқ.

Келесі ойын: 28 сәуір күні “Астана” мен “Тобыл” жартылай финалдық кезеңдегі үшінші, бәлкім, соңғы ойынын өткізеді. Бұл ойын да астанадағы “Сарыарқа” велотрегі алаңында өтеді. Ойынның басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде және «In Sport» телеарнасы эфирінде жүргізіледі. 
 


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор "Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры"