«Астана» бес күннің ішінде ВТБ лигасындағы үшінші ойынын өткізіп, УНИКС-пен додаға түседі

16.02.2022, 18:00    Оқылғаны: 319
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының үш матчтық марафоны өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшысымен, яғни Қазанның УНИКС-імен өтетін жауапты ойынмен тәмамдалады. Матч бейсенбі күні, 17 ақпанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шықты.

! НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР — Барлық жанкүйерлерден Өз алаңымызда өтетін матчтарға кіру Ережелерімен мұқият танысып шығуларыңызды өтінеміз. Аренаға тек Солтүстік есіктен кіруге болады (Орынбор көшесі жағынан, жанармай бекетіне қарама-қарсы).


УНИКС – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан. 1991 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек Еуролига додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007, 2016, 2021 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009-2011, 2013/2014, 2018/2019
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014 
  • FIBA Еуролига чемпионы − 2003/2004 
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/2011
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/2014, 2020/2021
  • NEBL чемпионы − 2002/2003. 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/2010, 2011/2012, 2015/2016, 2020/2021 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/2011, 2018/2019


УНИКС баскетбол клубы 2021/2022

УНИКС пен “Астана” биылғы маусымда, қараша айының ортасында, Қазанда кездескен. Онда алаң иелері басымдық танытқан болатын, есеп – 71:59. Естеріңізге сала кетейік, сол матчқа дейін қазандықтар турнир кестесінде көш бастап, алты ойынның біреуін де ғана жеңіліске ұшыраған болатын. Олар одан кейін де тізгін тартпай, түзде “Цмоки-Минск” клубынан үстем түсіп, өз алаңында “Калевті” күйрете жеңді. Бірақ барлық ойында жеңіске жете алмай, Санкт-Петербургте жергілікті “Зениттен” ойсырай ұтылып қалды. Бұл күнтізбедегі өткен жылдың соңында болды. Ал жаңа жылда қазандықтар әлі жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Бірақ осы ойындарда айқын басымдықпен жеңіске жетті деп те айта алмаймыз: +6 өз алаңында “Нижниймен”, +5 түзде “Зелена Гурамен” және Мәскеудегі маңызды жеңіс – екі ұпай айырмасымен үшінші овертаймда ЦСКА-ны сан соқтырып кетті. Десек те, өз алаңында өткізген соңғы матчта УНИКС “Енисейді” +20 ұпай айырмасымен ойсырата жеңді. Қазір Қазан командасы ВТБ Бірыңғай лигасында көш бастап тұр. Олар 12 ойында жеңіске жетіп, 2 рет ұтылып қалды. УНИКС-тің бұған қоса Еуролигада ойнайтынын да ұмытпауымыз керек. Олар қарашаның ортасына дейін (“Астанамен” кездескенше) он бес ойын өткізіп, соның тоғызында жеңіске жеткен болатын. Әрі қазандықтар “Жальгирис”, “Милан”, “Альба”, “Црвена Звезда”, “Маккаби Тель-Авив”, “Анадолу Эфес”, “Барселона” және ЦСКА секілді азулы командалардан басым түскен болатын.

Команда құрамындағы өзгерістер: Қазанның УНИКС-і құрамында, қарашада “Астанамен” өткен матчтан бері ешқандай өзгеріс болған жоқ.

Команда көшбасшылары: Дәл қазір УНИКС-тің ең үздік көшбасшысы – хорват Марио Хезонья. Оны “Супер Марио” деп те атайды. Ол ұпай еншілеу бойынша да, тиімділігі бойынша да команда көшбасшысы болып отыр. Сондай-ақ екі америкалық ойыншыны, екі Браунды – Лоренцо мен Джонды да бөле-жара атап өтуге болады. Команданың негізгі құрамында ресейлік Андрей Воронцевич, америкалық Айзея Кэнэн, италияндық Марко Списсу және нигериялық Тони Джекири ойнайды. Сонымен қатар, алаңға жиі шығатын америкалық Джарелл Брэнтлиді және ресейліктер Дмитрий Узинский мен Вячеслав Зайцевті атап өткен жөн.

Матч бейсенбі күні, 17 ақпанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Аренаға кіру тек Солтүстік есіктен жүзеге асырылатын болады (Орынбор көшесі жағынан, жанармай бекетіне қарама-қарсы), мына сызбаға сай:

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»