«Астана» жылды «Ақтөбені» төртінші рет тізерлетіп тәмамдады

28.12.2021, 10:00    Оқылғаны: 71
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, «Ақтөбені» өз алаңында төртінші рет ұтып, алдағы мейрамдарға дайындығын бастады.

“Ақтөбемен” додаға түскен төртінші ойын астана командасы үшін Жаңа жыл қарсаңындағы матч болды. Бүгінгі ойында Дарко Руссо бастаған бапкерлер құрамы америкалық легионерлерімізден Джейлен Барфорд пен Скайлар Спенсерге сенім артты. Ең қызығы, бұл матчта біздің бас бапкеріміздің таңдауы түскен бастапқы бестігіміз өзгеше болып, алаңға тек Қазақстан ойыншылары шықты – Николай Бажин, Вадим Щербак, Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук және Андрей Литвиненко. Әрі ойынның басында бұл жігіттер Дарко Руссоның сенімін ақтады. Айтпақшы, алдын-ала айта кетейік, бүгін ойын хаттамасына тіркелген легионерлердің бірде-біреуі алаңға шыққан жоқ – Джейлен Барфорд, Скайлар Спенсер және Марк Тихоненко.

Бірінші нәтижелі шабуылдың авторы біздің Андрей Литвиненко болды. Іле-шала Вадим Щербак доп салып, Дмитрий Гаврилов «Ақтөбе» шығыршығы түбінде жанкештілік танытып, бірнеше рет көзге түсті. Соның арқасында астана басымдығы лезде екі таңбалы санға жетті. Ақтөбеліктер матч басында біздің жігіттерге төтеп бере алмай, өздерінің алғашқы ұпайларына тек кезеңнің орта тұсына қарай қол жеткізді. “Астана” болса, алға қарай ентелей берді – Рустам Мырзағалиев екі рет қызыл-ақ жейделілердің қорғанысын бұзып өтіп, Андрей Литвиненко осы матчтағы бірінші үш ұпайлық допты салды. Осылай, екі команда арасы он алты ұпайға алшақтай түсті. “Ақтөбе” осыдан кейін намысқа тырысып, алғашқы онминуттықтың қалған уақытында  белсенділік танытты. Бізден тек Руслан Айтқали доп салды – әуелі үш ұпайлық добын, содан соң үш айып соққысын мүлтіксіз орындады. Ал қарсыласымыз есеп айырмасын бес ұпайға қысқартты – 13:24. Екінші кезеңнің басында ақтөбеліктер» көсіле сілтеді. Бастапқы минуттардағы біздің команданың жетістігі тек Максим Марчук орындаған “энд уан” болды. Ал қызыл-ақ жейделілер осы уақыт аралығында есеп айырмасын біршама қысқартты. Екінші кезеңнің бел ортасына дейін бізден тек Максим Марчук үш ұпай еншіледі. Ал осы кезеңнің бес минут ойын уақыты өткенде, “Ақтөбе” небәрі үш ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Үлкен үзіліске дейінгі соңғы минуттарда Руслан Айтқали жеті ұпай олжалады, Роберт Пан осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншісіне жазып, соңғы секундтарда Рустам Мырзағалиев үш ұпай еншіледі. Астана басымдығы ұлғая түскенімен, жиырма минут ойын уақытынан кейін біздің жігіттер тоғыз ұпай айырмасымен ғана ұтып жатты – 33:42.

Руслан Айткали

Үшінші ойын бөлігін біздің жігіттер өте жоғары қарқында бастады – 0:9. Доп салғандар Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук және Николай Бажин еді. Сөйтіп, командалар арасы жиырма ұпайды жуық шамаға алшақтай түсті. Ақтөбеліктер матчтың екінші жартысындағы алғашқы ұпайларын үшінші кезеңнің ортасына қарай ғана еншіледі. Жалпы, үшінші онминуттық «Ақтөбе» жігіттері үшін шектен тыс нәтижесіз болып шықты – олар он минутта тек алты ұпай еншіледі. Үшінші кезеңнің екінші жартысы біздің команда үшін де аса сәтті болмады. Вадим Щербак бір ұпай еншілеп, Дмитрий Гаврилов тағы төрт ұпай қосты. “Астана” үшінші кезеңде өз басымдығын жиырма ұпайға жеткізе алмады. Десек те, соңғы кезең қарсаңында құйрық үзе бастады – 39:56. Есеп айырмасы арқаны кеңге саларлықтай еді, әйтсе де ойын аяғында жүйкеге күш түсірмеу жағын ойлау керек болды. Николай Бажин мен Рустам Мырзағалиев есеп айырмасын жиырма ұпайға жеткізіп, іле-шала Роберт Пан мен Руслан Айтқали доп салды. Дәл осы сәтте “Астана” жиырма бес ұпай айырмасымен ұтып жатты. Әрі біздің жігіттер бұл ойынды айқын басымдықпен аяқтады. Роберт Пан мен Андрей Литвиненко бір ұпайдан еншілеп, Руслан Айтқали соңғы минуттарда жеті ұпай олжалады. Әрі матч соңында Әлижан Ыдырысжанға жұлдызды сәт сыйлады – Руслан ойын аяғында допты тартып алды да, алға қарай жүгіріп, бәрінен сытылып кетті. Бірақ допты өзі салмай, жас ойыншыны күтті де, допты соған бере қойды. Шығыршықпен бетпе-бет қалған Әлижан пәрменді данкпен бүгінгі ойынды жапты. 54:79 – біздің команда айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» –  Руслан Айтқали матчтың үздік ойыншысы болып, 23 ұпай жинады, әрі 5 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 5 рет допты тартып алды. Дмитрий Гаврилов дабл-дабл орындады – 13 ұпай, 14 рет доп қағып алды, 2 рет допты тартып алды, 1 блокшот. Рустам Мырзағалиев 9 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды, 6 пас және 2 рет допты тартып алды. Николай Бажиннің еншісінде – 5 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 3 пас және 2 рет допты тартып алды. Максим Марчук 10 ұпай жинады, 3 рет доп қағып алып, 2 пас берді.
  • «Ақтөбе» – қарсыласымыз сапында бүгін де Александр Тихонин үздік шықты, ол 14 ұпай жинап, 7 рет доп қағып алды. Иван Белоусов, Александр Папшив және Василий Петришенец 9 ұпайдан еншіледі.


Салдары: “Астана” Ұлттық лига аясындағы 12 матчтың бәрін де жеңіске жетіп, күнтізбелік жылды жеңіліссіз аяқтап, бірінші орынға жайғасты.

Келесі матч: «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі ойынын 8 қаңтар күні Краснодарда өткізіп, «Локомотив-Кубань» командасымен додаға түседі. Ал Ұлттық лигадағы келесі ойындарын 18 және 19 қаңтар күндері Қостанайда «Тобылмен» өткізеді.

Дарко Руссо

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор "Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры"