«Астана» мен «ПАРМА» арасындағы дода рекордты 3 овертаймға ұласты

20.12.2021, 10:00    Оқылғаны: 454
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы «ПАРМА-ПАРИМАТЧ» командасына қонаққа барып, үш овертаймға кідірді. Бұл – қосымша ойын уақыты бойынша ВТБ Бірыңғай лигасындағы жаңа рекорд. Біздің команда жеңіске жетсе, плей-офф аймағына оралар еді. Алайда алаң иелеріне де жеңіске жету өте маңызды болып шықты.

Ортада ойынға қосылған допты ала иелері іліп әкетіп, бірден есеп ашты. “Астана” сапынан бірінші болып Джейлен Барфорд доп салды да, есепті теңестірді. Бұдан кейін сары-көкшіл жейделілердің кежегелері кейін тартып, бірнеше минут бойы алаң иелерінің шығыршығына доп сала алмай қойды. Ал пермдіктер алға қарай лап қойып, есеп айырмасын лезде екі таңбалы санға жеткізді. Олардың бұл қарқындарын Дарко Руссоға тоқтатуға тура келді – тайм-аут. Бір минуттық үзілістен кейін біздің команданың ойыны жүре бастады: Скайлар Спенсер екі рет айып соққысын мүлтіксіз орындап, Энтони Хики екі рет ойыннан доп салды, Антонио Кэмпбелл тура осылай бір рет көзге түсті, ал Барфорд біздің команда сапынан бірінші болып үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Іле-шала Спенсер есепті теңестіріп, ал Барфордтың тағы бір үш ұпайлық добының арқасында “Астана” алға шықты. Алаң иелері біздің жігіттердің бұл серпілістерінен көз жазып қалғанымен, қайтадан қамшыны басты. Бірақ таразы басын теңестіру оңайға түспеді. Бізден өз мүмкіндіктерін Кэмпбелл, Хики және Мырзағалиев қалт жіберген жоқ. Әйтсе де, кезеңнің соңғы секундында алаң иелері есепті теңестіріп кетті  – 24:24. Екінші кезеңді де, біріншісіндей, “ПАРМА” ойыншылары белсенді бастады. Дарко Руссоның шәкірттері төрт минутқа жуық уақыт бойы доп сала алмай, әбігерге түсті. Әрі пермдіктерді тағы да алға ұзатып алды. Бұл жолы – 8 ұпайға. Энтони Хики голсыз өткен іркілісті үзіп, оны Максим Марчук қолдады. Содан соң Хики қайтадан доп салып, Скайлар Спенсер орындаған данктен соң таблодағы есеп қайта теңесті. Бірақ алға шығу мүмкін болмады, алаң иелері қайтадан қарқындарын үдете түсті. “Астана” матчтың бірінші жартысының соңына дейін оларды қуып жетуге тырысумен болды. Екі мәрте Барфорд және бір рет Хики доп салғанымен, бұл алаң иелерін қуып жетуге жеткіліксіз болып шықты – 41:38.

Энтони Хики

Үшінші кезеңде астана командасы пермдіктерді қуып жетуге тырысты. Әрі есеп айырмасын алты ұпайдан екі ұпайға дейін қысқартты. Жалпы, үлкен үзілістен кейінгі ойынымыз аса нәтижелі болмады. Скайлар Спенсер мен Джейлен Барфорд 4 ұпай еншіледі. Кезеңнің ортасында алаң иелері тағы да көсіле сілтеп, олардың басымдығы қайтадан екі таңбалы санға жетті. Дәл осы сәтте Дарко Руссо тағы да бір минуттық үзіліс алуға мәжбүр болды. Әрі бұл тайм-ауттың да пайдасы зор болды. “Астана” “ПАРМА” ойыншыларының қарқындарын басып, есепті біртіндеп қысқарта бастады. Энтони Хики мен Скайлар Спенсер өз еншілеріне екі ұпайдан қосты. Марк Тихоненко доға сыртынан екі рет мергендік танытты, Барфорд пен Хики де алыстан “нысананы” дәл көздеді. Алайда мұның бәрі бұл кезеңде есепті теңестіруге жетпеді. Бірақ соңғы кезеңге дейін біздің жігіттер небәрі екі ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 60:58. Энтони Хики төртінші кезеңнің басында таразы басын теңестірді. Ал сәл кейінірек Марк Тихоненко тағы бір үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Алайда алаң иелері біздің команданы алға шығармай қойды. Джейлен Барфорд есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартқан. Бірақ кезеңнің ортасында “ПАРМА” тағы да көсіле шапты, әрі қара үзе бастады. Матчтың негізгі уақытының аяқталуына бес минут қалғанда қазақстандықтар 7 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Спенсер пермдіктердің қорғанысын бұзып өтіп, доп салған. Бірақ алаң иелері 7 ұпай басымдықтарына қайта қол жеткізіп, оны келесі бір жарым минут бойы ұстап тұрды. Барфорд айып соққысының біреуін-ақ салып, ізінше Кэмпбелл екі ұпай еншіледі. Джейлен айып сызығынан тағы да бір ғана ұпай еншілеп, Энтони Хики екі ұпайымен есеп айырмасын мейілінше қысқартты. Ал матчтың негізгі уақытының түгесілуіне бір минут қана қалған болатын. Алаң иелері екі айып соққысын мүлтіксіз орындаған. Бірақ 20 секунд қалғанда Джейлен Барфорд үш ұпайлық соққысын дөп түсіріп, есепті теңестірді. Алаң иелерінің бір шабуыл ұйымдастыратын уақыттыра болған, бірақ олар сәтті аяқтай алмады. Сөйтіп ойын овертаймға ұласты – 76:76. 

Дарко Руссо

Естеріңізге сала кетейік, бұл – “Астананың” ВТБ лигасындағы екінші ойында қатарынан овертаймда додаға түсуі. Өз алаңымыздағы “Енисеймен” өткен матчта біздің команданың бағы жанбаған. Овертайм “Астана” үшін аса сәтті басталмады. Біздің жігіттер екі минутқа жуық уақыт бойы доп сала алмай, дал болды. ал алаң иелері болса, өз басымдықтарын 4 ұпайға дейін ұлғайтты. “Астананың” қосымша уақыттағы алғашқы ұпайларын Скайлар Спенсер еншіледі. Ал Максим Марчук бір минуттан соң есепті теңестірді. Ойыншылардың шаршап-шалдыққандары білініп тұрды. Әсіресе, Барфорд алаңда ілбіп, әзер қозғалып жүрді. Пермдіктер екі ұпай иеленгендерімен, дәл осы Джейлен таблодағы сандарды қайта теңелтіп, екі айып соққысын мүлтіксіз орындады. Бірінші овертаймның қалған соңғы минутында екі команда да доп сала алмады. Ал ойын есен-аман екінші овертаймға ұласты – 82:82. Айтпақшы, бірінші овертаймның соңында алаңнан кеткен Барфорд екіншісінің басында шықпады. Қосалқы құрам орындығында оның аяқтарына массажшы Тамерлан Батырғалиев ем қолданумен болды. Екінші қосымша бесминуттықтың да басында, тура біріншісіндегідей, алаң иелері көсіле шауып, 7 ұпай айырмасымен алға озды. Бірақ Энтони Хики доға сыртынан мергендік танытып, оны біршама қысқартты. Одан кейін алаңға Джейлен оралды. Бірақ ол тек жанкештілікпен ғана қимылдап жүрді. Максим Марчук бесінші рет ескерту алып, әрі қарай командамызға көмектесе алмады. Джейлен тағы да айып сызығынан екі ұпай еншіледі. Бірақ көп ұзамай қайтадан орындыққа барып отырды. Пермдіктер ойынды осы овертаймда аяқтауды жоспарлады. Осы бесминуттықтың аяқталуына бір минуттан сәл ғана асатын уақыт қалып, олар 7 ұпай айырмасымен алда тұрған. Бірақ біздің жігіттер тізгін тартпай, дода көрігін қыздыра түсті. Николай Бажин өте маңызды үш ұпайлық доп салып, іле-шала Энтони Хики алаң иелерінің қорғанысын бұзып-жарып, екі ұпай олжалады. Олег Балашов екі ұпай еншілеп, алаң иелері ереже бұзғандықтан, қосымша айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды. Әрі оны мүлтіксіз орындап, “Астананы” бір ұпай айырмасымен алға шығарды. Небәрі 8 секунд қана қалған. Алаң иелері шабуылға шығулары керек. “ПАРМА” өзінің жаттықтырушыларымен бір минут кеңесіп, допты шығыршыққа түсіре алмай, мүлт кетті. Олег Балашов қорғаныста қайтқан допты қағып алып еді, пермдіктер оған қарсы ереже бұзды. Бар болғаны, 3 секунд қалған. Балашов екі айып соққысын да шығыршыққа түсірді. Жеңіс қолда тұрғандай еді. Бірақ алаң иелері берілген жоқ. Әрі допты шамамен алаң ортасынан ышқына лақтырып, нысананы дәл көздеді. Есеп қайта теңесті – 97:97. Яғни, алда – үшінші овертайм. Бұл ВТБ лигасының жаңа рекорды еді. ВТБ. Соңғы секундтардағы үш ұпайлық доп біздің жігіттердің сағын сындырды деу – ештеңе айтпаумен тең. Біздің команда сапындағы белді ойыншыларымыздың бірнешеуі саптан шығып қалып, әрі қарай командамызға көмектесе алмады. Жалпы, бәрі де әбден қалжыраған еді. Алаң иелері әлі тың деп те айта алмаймыз. Олар да көп күш жұмсап, шүмектетіп тер төкті. Бірақ екінші овертаймның соңы оларды жігерлендіріп жіберді. Өкінішке қарай, бәрі де біздің жолымызды шырмады. Антонио Кэмпбелл екі ұпай еншілегенімен, алаң иелері өздеріне өте сенімді ойын өрнегін көрсетіп, алға шықты. Энтони Хики соңғы минутта айып соққыларының екеуін де дәл түсіріп, “Астана” үшін жүз ұпай межесінен еңсергенімен, жеңіс “ПАРМА” ойыншыларына бұйырды – 108:101.


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «ПАРМА-ПАРИМАТЧ» – Джеремайя Хилл бүгін икс-фактор болды. Ол негізгі уақытта бірнеше рет үш ұпайлық доп салып, овертаймдарда шектен тыс тиімді болып шықты. Әрі ол екінші овертаймның соңында өзекті өртер үш ұпайлық доп салып, былайша айтқанда, матч тағдырын шешті – 32 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 2 пас, 3 блокшот. Сонымен қатар, Балтық жағалауы елдерінің де ойыншылары Марекс Мейерис, Эйгирдас Жукаускас, Адас Юшкявичус үшеуін де айрықша атап өткен жөн.
  • «Астана» – Бүгінгі ойын ВТБ лигасы тарихында рекордқа толы матч болды. Өйткені, бірінші рет және жалқы рет матч үш овертаймға созылды. Әрі тағы бір рекорд жаңарды. Бірақ ойыншыға қатысты – Энтони Хики бүгін екі команда сапынан да алаңда көп уақыт өткізген ойыншы болды. Әрі дәл қазір Лига тарихында бір ойында елу минуттан артық ойнаған жалғыз ойыншы – 51:41. Осы уақыт ішінде Энтони 28 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды, 10 пас беріп, 5 рет допты тартып алды. Сонымен қатар, дәл қазір Энтони Хики пас беру мен доп тартып алудан ВТБ Бірыңғай лигасында көш бастап тұр. Скайлар Спенсер алаңда 40 минуттан артық өткізіп, дабл-дабл авторы атанды – 14 ұпай, 14 рет доп қағып алды, 2 блокшот. Спенсер – ВТБ Бірыңғай лигасында доп қағып алудан алда. Джейлен Барфорд 28 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алып, 2 рет допты тартып алды. Айтпақшы, Джейлен бүгінгі ойыннан кейін Лиганың ең нәтижелі ойыншысы тізімінде қайтадан бірінші орынға шықты. Әрине, Антонио Кэмпбеллді де атап өтуге тиіспіз, оның еншісінде – 7 ұпай, 12 рет доп қағып алды, 2 пас, 1 блокшот.


«ПАРМА-ПАРИМАТЧ» бас бапкері — Казис Максвитис:
— Егер біз ойын тізгінін уысымыздан шығарып алмағанда, матч үш овертаймға созылмас та еді. Бірінші овертаймда біз ойын ережесін бұзып, тоқтатуымыз керек еді, бірақ қонақтардың ойыншысы периметрден еркін соққымен доп салды. Екінші овертаймда қорғанысымызды ауыстырдық та, қосалқы құрам орындығынан шыққандардан Евгений Воронов көп қажыр-қайрат қосты. Бүгін көп эмоция мен ментальды қателіктер болды. Ең бастысы, баскетбол Құдайлары бізді қолдап, жеңіске жеттік.

«Астананың» бас бапкері м.а.: – Сирвидис Виргинюс:
— Бүгін біз намысты қолдан берген жоқпыз. Бірақ қосалқы құрам орындығындағы ойыншыларымыз пермдіктерге қарағанда өте аз болды. Әйткенмен, қорғаныста аз қателескен жоқпыз. Соның кесірінен жоспарымызды жүзеге асыра алмадық. Осы қарапайым қателіктер ойын тағдырына әсер етті.

Салдары: “Астана” турнир кестесінде оныншы орында қалды, бірақ плей-офф аймағынан тағы да біршама алшақтай түсті.

Келесі матч: Тарих қойнауына еніп бара жатқан жылдың соңында астана командасы Ұлттық лига аясында «Ақтөбемен» екі мәрте қос кездесуден өткізіп үлгереді. Әуелі, қызыл-ақ жейделілермен 23 және 24 желтоқсанда додаға түседі. Содан соң бір күн дем алып алады да, екі ұжым алаңда 26 және 27 желтоқсан күндері тағы кездеседі. Ал ВТБ Бірыңғай лигасында біздің жігіттер енді Жаңа жыл мерекелерінен кейін, яғни 8 қаңтарда бақ сынап, түзде Краснодардың «Локомотив-Кубань» командасымен ойнайды.



Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»