«Астана» түздегі екі матчтың біріншісінде Қостанайдың «Тобылын» талқандады

22.10.2021, 21:00    Оқылғаны: 199
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

“Астана” баскетбол клубы Қостанайға келіп, жергілікті “Тобылмен” Ұлттық лига аясындағы қос кездесуін өткізе бастады. Бүгінгі матчқа дейін екі команда да жеңілістің кермек дәмін татпай, бұған дейінгі қос ойындарын жеңіспен аяқтаған. Әйтсе де, біздің команда осы матчта да, әрі осы жолғы қос кездесуде де фаворит болып саналды. Ал сары-көкшіл жейделілердің Дарко Руссо бастаған жаттықтырушылары бұл ойынға қазақстандықтар мен ресейлік Марко Тихоненкодан бөлек Энтони Хики мен Скайлар Спенсерді шығарды. Соңғысы Қазақстан чемпионатында алғаш рет алаңға шықты.

Біздің жігіттер ойын басталған бетте допты іліп әкетіп, Николай Бажин бірінші шабуылымызда допты алыстан лақтырып, есеп ашты. Алаң иелері де қарап қалмады, екі нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, алға да шықты. «Астанның» жауабы да көп күттірмеді, Спенсер, Марчук және Хики үшеуі доп салып, елордалықтар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Әрі есеп айырмасын ұлғайтты – 6 ұпайға. Кезеңнің ортасына қарай ойын өрісі тең дәрежеде өрбіді. Ал есеп айырмасы 5 ұпай шамасында сақталып тұрды. Осы уақыт аралығында Энтони Хики өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, Вадим Щербак пен Дмитрий Гаврилов матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Хики бірінші кезеңде өте белсенді болып, оның кезекті ұпайларынан кейін біздің басымдығымыз екі таңбалы санды жуықтай түсті. Кезең соңында Марк Тихоненко бүгінгі матчтағы алғашқы ұпайларына қол жеткізіп, одан кейін біздің капитан, яғни Рустам Мырзағалиев үш ұпайлық дәл соққысымен есеп айырмасын екі таңбалы санға жеткізді. Әрі бірінші кезеңдегі соңғы ұпайларды еншілеп, екі айып соққысын мүлтіксіз орындады – 13:26. Екінші кезең екі команданың алма-кезек қателіктерімен басталып, осы онминуттықтыға алғашқы ұпайларды Мырзағалиев еншіледі. Бұл кезде кезеңнің басталғанына екі жарым минуттай уақыт болған-ды. Бұдан кейін ойын нәтижелілігі жағынан көңілдірек өтті. Олег Балашов екі мәрте шабуылды сәтті аяқтап, Марк Тихоненко өз еншісіне екі ұпай қосты. Сондай-ақ Вадим Щербак екі шабуылды қатарынан нәтижелі аяқтады. Осы уақыт аралығында біздің гандикап 20 ұпайды жуықтады. “Тобыл” еңсе тіктеп, есеп айырмасын біраз қысқартты. Бірақ үлкен үзіліс қарсаңында Рустам Мырзагалиев ерекше көзге түсіп, 8 ұпай еншіледі. Әрі Марчуктің тамаша аллей-уп орындауына жағдай жасап, допты ыңғайына көтеріп берді. Осылай, матчтың бірінші бөлігі алшақ есеп айырмасымен аяқталды – 29:49.

Скайлар Спенсер

“Астана” матчтың екінші жартысын да өрнекті ойын өрнегімен бастады. Әсіресе қорғаныстағы ойын үлгілері керемет болды – қостанайлықтар небәрі 5 ұпайды қанағат тұтты. Ал осы уақыт аралығында біздің команда олардың нәтижесінен үш есе асып түсті. Есеп айырмасы болса, отыз ұпайға жетті. Осы бес минутта Вадим Щербак пен Марк Тихоненко екі ұпайдан еншілесе, Николай Бажин өз еншісіне бір ұпай қосты. Ал Энтони Хики 10 ұпай жинады. Біздің команда тізгін тартпай, қорғанысымызды алаң иелері бұзып өте алмай, қара терге түсті. Жалпы, осы үшінші кезеңде қостанайлықтар небәрі 8 ұпай еншіледі. “Астана” тағы 11 ұпай олжалап, үшінші кезеңде “Тобылдан” үш еседен де жоғары нәтижемен асып түсті. Кезең соңында Щербак пен Мырзағалиев доп салып, Руслан Айтқали мен Роберт Пан осы ойындағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Матчтың аяқталуына он минут ойын уақыты қалғанда елорда командасы алаң иелерін қырық ұпайға жуық есеп айырмасымен ұтып жатты – 37:75. Әрі Дарко Руссо шәкіртерінің жеңіске жететіндіктеріне титтей де күмән келтіру мүмкін емес еді. Сол себепті, бұл ойынды қосалқы құрам орындығында жігіттеріміз тәмамдады. Бұл олар үшін өз әлеуеттерін паш етуге болатын тамаша мүмкіндік еді. Әрі олар мұны қалт жіберген жоқ. Нәтижелі ойын өрнегіміз бәсеңсіген жоқ, есепті Руслан Айтқали мен Роберт Пан еселей түсті. Бұл ойында доп салмаған Андрей Литвиненко ғана еді, бірақ ол да төртінші минутта допты доға сыртынан шығыршықа дөп түсіріп, біздің ойыншылардың бәрі де ұпай еншілеп шықты. Матч соңына дейін Руслан Айтқали мен Роберт Пан ұпай қорымызды молайта түсті. Роберт тіпті соңғы ұпайларды өз еншісіне жазып, матчты үш ұпайлық соққысымен тұйықтады. Әрі таблодағы есепті әдемі сандармен түйіндеді – 50:100.



Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Тобыл» – Шайым Қуанов алаң иелері сапындағы ең нәтижелі ойыншы болды, ол 12 ұпай еншілеп, 4 рет допты тартып алды. Асқар Ахметжан өз еншісіне 11 ұпай қосып, 2 рет допты қағып алды.
  • «Астана» – бұл ойында Энтони Хики мен Рустам Мырзағалиев 19 ұпайдан жинады. Әрі, Энтони 2 рет доп қағып алып, 2 пас берді және 3 рет допты тартып алды. Рустам оған қоса 4 пас беріп, 2 рет допты тартып алды. Руслан Айтқали матч соңында көсіле сілтеп, 14 ұпай еншіледі, 5 рет доп қағып алып, 3 рет допты тартып алды. Вадима Щербактың еншісінде – 13 ұпай, әрі 2 рет доп қағып алып, 2 пас берді, 3 рет допты тартып алды. Роберт Пан 10 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды. Ал Марк Тихоненко 6 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды және 4 пас беріп, 2 рет допты тарып алды.


Салдары: “Астана” турнир кестесінде суырылып алға шықты, ал “Тобыл” әзірше екінші орында тұр.

Келесі матч: «Тобылмен» өтетін екеуара екінші матч ертең, яғни 23 қазан күні Қостанайдағы “Қостанай” спорттық ойын-сауық кешені алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»