«Астана» Ұлттық лигадағы кезекті екі ойынын түзде «Тобылмен» өткізеді

21.10.2021, 10:05    Оқылғаны: 281
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

23 және 24 қазан күндері «Астана» баскетбол клубы Ұлттық лига аясындағы кезекті екі ойынын түзде өткізеді. Бұл жолы елорда командасы Қостанайдың «Тобылына» қонаққа барады. Матчтар Қостанайда өтеді, басталулары – астана уақытымен, 18:00-де.

«Тобыл»
– Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қостанай қаласынан.

Жетістіктері:

  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2003/2004
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2004/2005, 2005/2006, 2006/2007, 2008/2009, 2009/2010, 2010/2011
  • Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2020/2021
  • Жоғарғы лига жеңімпазы: 2013/2014, 2015/2016, 2016/2017
  • Жоғарғы лиганың күміс жүлдегері: 2010/2011
  • Қазақстан кубогының иегері: 2005
  • Қазақстан кубогының финалына шыққан: 2003, 2006, 2008, 2009, 2012, 2015, 2020, 2021
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2018


Баскетбольный клуб Тобол 2021/2022
Команда құрамы:

Қостанай ұжымы маусым аралығында бірталай ойыншысынан айырылып қалды. Былтырғы маусымдағы ойыншыларынан Қостанай командасындағы карьераларын жалғастырмағандар: Константин Двирный, Дмитрий Климов, Даниил Селезнев, Михаил Шваб, Фарид Каримуллин, Руслан Чернявски, Станислав Рововой, Константин Нефф, Дмитрий Лучко және Василий Белозор. Яғни командадан сенім артар үздіктерінің көбісі кетіп қалды. Ростер тұрғысынан алғанда, «Тобыл» сонда да өз ұстанымына берік болып, биыл да, тағы да шетелдік ойыншылардың көмегіне жүгінбей, ойнап жүр. Былтырғы маусымда негізгі құрамда ойнаған баскетболшылардан санаулы ойыншы ғана қалды — Антон Быков, Шайым Қуанов, Максим Воейков және Павел Ильин, сондай-ақ Рустам Валиев, Михаил Мудрагеля және Әнуар Симбаев. Командаға қосылған жаңа ойыншылардың бәрі де – қазақстандықтар, әрине. Әрі өз карьераларын жергілікті командаларда өткізген. Команда құрамын “Алматы Легионынан” Никита Тимофеев, Даниель Альбрант және Вадим Коржов, “Каспийден” Глеб Жуков, “Атырау Барыстарынан” Асқар Ахметжанов толықтырды. Сонымен қатар, команда сапына алғаш рет жас қорғаушы Максим Жуков қосылып отыр.

Бас бапкер: Қостанайлықтардың жаттықтырушылары құрамында мүлде өзгеріс жоқ. «Тобылды» сол бұрынғысынша Тимур Сұлтанов жаттықтырады, әрі оған Сергей Ратников көмектеседі.

Турнир кестесіндегі жағдай: Өзара қос кездесуге дейін екеуі де екі ойыннан өткізіп, 100% нәтижеге қол жеткізіп, турнир кестесінде үзеңгі қағыстырып тұр. Бірақ “Астана” түзде “Атырау Барыстарын” айқын басымдықпен тізе бүктірсе, “Тобыл” өз алаңында “Ақтөбені” әупіріммен жеңді. Сөйтіп, доп айырмасына байланысты, елорда команда қостанайлықтардан жоғары тұр.

Команда көшбасшылары: Шайым Қуанов “Ақтөбеден” басым түскен екі ойында да өз командасының жеңісіне сүбелі үлес қосып, орта есеппен әр ойында 26,5 ұпай еншіледі. Әрі 9 рет доп қағып алып, 8 пас берді. Павел Ильин де сол екі матчта өте тиімді ойын нәтижесін көрсетті. Қостанай командасының көшбасшысы Антон Быков орта есеппен әр ойында дабл-дабл орындауға шақ қалды. Рустам Валиев пен Никита Тимофеев екі матчта да бастапқы бестікте алаңға шықты. Ал Асқар Ахметжан мен Максим Воейков орта есеппен алаңда шамамен жиырма минуттан ойнап шықты.

Кездесулер тарихы: Осы уақытқа дейін екі команда өзара 40 матчтан артық өткізді. Былтырғы маусымда “Астанаға” Қостанай командасымен өтетін ойынның бірінде техникалық жеңіліс жазылды. Қалған кездесулердің бәрінде де біздің жігіттер басымдық танытты.

Қызықты деректер:

  • Павел Ильин мен Максим Воейков – “Астананың” бұрынғы ойыншылары.


Матчтар 23 және 24 қазан күндері Қостанайдағы «Қостанай» спорттық ойын-сауық кешені алаңында өтеді. Екі матчтың да басталуы – астана уақытымен 18:00-де. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»