«Астана» Нижний Новгородта жеңісті уысынан шығарып алды

10.10.2021, 20:25    Оқылғаны: 209
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы екінші матчында, сырт алаңда, “Нижний Новгород” командасымен додаға түсті. Бұған дейін біздің команда “Зенитті” тізе бүктіріп, ал нижегородтықтар ЦСКА алыптарынан ұтылып қалған болатын. Ойынға дейін көпшілік алаң иелерінің жеңіске жететіндігіне сенім білдірді, әрі іс жүзінде солай болып шықты да. Бірақ жеңіс оларға оңайшылықпен бұйырмады. «Астана» қайсарлық танытып, алаң иелеріне жеңісті қолдан берген жоқ. Бұл матчта біздің команда құрамында алғаш рет америкалық Антонио Кэмпбелл ойнады. Ал қарсыласымыздың жаттықтырушылары үздіктерінің бәрін алаңға шығарды.

Ортада лақтырылған допты алаң иелері іліп әкетіп, бірінші шабуылдарында-ақ есеп ашты. Бірақ біздің жігіттер де қарап қалмады – Энтони Хики бірден есепті теңестіріп, ал Джейлен Бэрфорд командамызды алға шығарды. “НН” екі шабуылын сәтті аяқтап, таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударды. Алайда Қазақстан командасы да тізгін тартқан жоқ. Бірінші кезеңнің ортасында Николай Бажин салған доптан кейін есеп қайта теңесті. Іле-шала Антонио Кэмпбелл ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы ұпайларын еншілеп, “Астана” соның арқасында тағы да алға шықты. Есеп кезекті рет теңескенде, Бэрфорд пен Хики алаң иелерінің қоғанысын тас-талқан қылды. Кезеңнің аяқталуына үш минут қалғанда біздің жігіттер есеп айырмасын еселей түсті. “Нижний” болса, бірде-бір ұпай ала алмай, сергелдеңге түсті. Әйтсе де, кезеңнің соңғы минутында алаң иелері сәтсіздіктерінің тамырына балта шауып, жауапсыз 6 ұпай олжалады. Десек те, бірінші кезеңнен кейін “Астана” алда тұрды – 16:22. Екінші кезеңнің басында Скайлар Спенсер пәрменді данкпен осы ойындағы өзінің алғашқы ұпайларын еншіледі. Бірақ бұдан кейін біздің команданың ойыны үйлеспей қойды. Алаң иелері “Астананы” тез қуып жетіп, алға да шығып кетті. Бұдан кейін ойын өрнегі теңесіп, “арқан тартыс” іспетті тайталаста өрбіді. Осылай, екінші кезеңде есеп 8 рет теңесіп, ойынның бірінші жартысы аяқталғанда да тепе-тең болды – 42:42. Осы уақыт аралығында біздің ұжым сапынан, негізінен, Бэрфорд пен Хики ұпай еншілеумен болып, Марк Тихоненко осы ойындағы алғашқы ұпайларын еншісіне жазды.

Энтони Хики

Үшінші кезеңде табан тірескен дода одан әрі жалғасып, екі команда алма-кезек алға шығып отырды. Үшінші кезеңнің бірінші жартысында Скайлар Спенсер жиі көзге түсіп, айбарлы аллей-уп орындап, бір допты орағыта иіп салды. Сонымен қатар, «Астана» қоржынын Джейлен Бэрфорд пен Антонио Кэмпбелл де толықтыра түсті. Кезеңнің ортасында таразы басы тең болып, теңселіп тұрды. Бірақ бұдан кейін алаң иелері қонақтарын қыспаққа ала түсті. “Астананың” шабуылда ойыны үйлеспей қойып, “НН” болса, бірнеше шабуылын сәтті аяқтап, 8 ұпай айырмасымен алға озды. Кезеңнің соңғы екі минуты нәтижелі болды. Біздің сапымыздан екі шабуылды Хики сәтті аяқтап, Дмитрий Гаврилов бір айып соққысын дәл түсірді. Бірақ алаң иелері де тізгін тартқан жоқ, олар да көсіле сілтеді. Әрі олардың басымдығы, осы матчта бірінше рет екі таңбалы санға жетті. Сөйтіп, соңғы кезеңге дейін олар 9 ұпай айырмасымен қара үзді – 64:55. Үшінші кезең Дарко Руссоның шәкірттері үшін өте сәтсіз болып шықты, бірақ тығырыққа тірелген жағдайды түзеу үшін, алда әлі 10 минут бар. Іс жүзінде, сары-көкшіл жейделілерге есепті теңестіру үшін үш минут та жеткілікті болды. Одан кейін олар алға да шықты. “Астана” құйындай орап соқты – 0:12. Бұл серпіліске негізінен, көп үлес қосқандар Бэрфорд пен Хики болды. Олар өте нәтижелі ойын өрегін көрсетті. Ал Скайлар Спенсер біздің командан алға шығарды. Алаң иелері тығырықтан шығар жолды тауып, кезең соңында ойынның осы бөлігіндегі алғашқы ұпайларына қол жеткізді және “Астанамен” теңесті. Әрі қарай ойын нәтижелі бола қойған жоқ. Әрі тактикалық айла-тәсілге ұласты. Матчтың аяқталуына екі жарым минут қалғанда, есеп те болған. Бірақ алаі иелері алға шығып, өздерінің осы кішігірім басымдықтарынан айырылып қалмауға күш салды. Николай Бажин есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартқанымен, “Нижний” жеңісті уысынан шығармуға тырысты. Оның үстіне, біздің жігіттер мүлт кете бастады. Тактикалық фолдардан кейін, матчтың аяқталуына 10 секунд қалғанда, “Астана” 5 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Ал мұндай жағдайда жеңіске жету өте қиын еді. Сиқырлы ештеңе жүзеге аса қоймай, бұл матчта “Нижний Новгород” жеңіске жетті – 76:63.


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Нижний Новгород» – Роландс Фрейманис алаң иелері сапындағы ең нәтижелі ойыншы болды – 25 ұпай және 6 рет доп қағып алды. Сонымен қатар, нижегородтықтар капитаны, яғни Иван Стребков 15 ұпай жинап, 4 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 3 рет допты тартып алды.
  • «Астана» – Джейлен Бэрфорд осы ойында да ең көп ұпай жинаған ойыншы болды, ол 32 ұпай тоғытып, қолды-аяққа тұрмады, әрі 5 рет доп қағып алып, 2 рет допты тартып алды. Энтони Хики де тамаша ойын үлгісін көрсетті – 18 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 6 пас беріп, 4 рет допты тартып алды. Скайлар Спенсер небәрі 9 ұпай еншіледі, бірақ біздің ұжым сапындағы ең тиімді ойыншы болды, таратып айтқанда, 12 рет доп қағып алып, 4 пас берді, 2 рет допты тартып алды және 2 блокшот. Айтпақшы, осы үш ойыншы бүгінгі ойын күні аяқталған соң, әр түрлі статистикалық көрсеткіштер бойынша көшбасшылар ондығына ілікті. Мәселен, Скайлар Спенсер қазір қайтқан допты қағып алудан – үшінші, ал Энтони Хики пас беруден – лигада үшінші. Ал Джейлен Бэрфорд болса, тіпті бір ойында ең көп ұпай жинағандар кестесінде көш бастап тұр.




«Нижний Новгородтың» бас бапкері Зоран Лукич:
— Қарсыласымызды лайықты деңгейден де жоғары ойын өрнегімен құттықтағым келеді. Бұл – олардың өте жоғары қарқында өткізген екінші ойындары. Әрі «Зенитті» ұтып кеткендері кездейсоқ нәтиже емес екендігін көрсетті. Біз үшін жалғыз ғана оң нәтиже – бұл жеңіс. Бір қарлығаш көктем екендігін білдірмейді. Яғни біздің адымызда көп жұмыс тұр. Өкінішке қарай, тағы бір ойыншымыз қатардан шығып қалды. Антон Астапкович доп лақтыратын қолының сүйегін сындырып алды. Енді ол бір айдан артық уақыт бойы бізге көмектесе алмайды.

«Астананың» бас бапкері Дарко Руссо:
— Бірінші кезекте, «Нижний Новгород» командасы мен өзімнің досым Зоран Лукичті жеңістерімен құттықтағым келеді. Ол он жылдан астам уақыт бойы осы клубта жемісті еңбек етіп жүр. Біз мұнда жеңісті қолдан бермеу үшін келдік, менің ойымша, ойынның басынан аяғына дейін табан тіресе шайқастық. Матчтың бірінші жартысында «Нижнийдің» шабуылда 10 рет қайтқан допты қағып алуына мүмкіндік беріп қойдық. Бұл үлкен үзіліске дейін құйрық үзіп, ұзап кетуімізге мүмкіндік бермеді. Әйтпесе, 5-10 ұпай басымдыққа қол жеткізуіміз керек еді. Әрі матчтың соңғы екі минутында командалық бірнеше бұрыс шешімдер қабылдадық. Біз екі ұпай айырмасымен алда тұрғанбыз, бірақ соны еселей түскеннің орнына, ойын тізгінін «Нижнийға» беріп қойдық.

Салдары: “Астана” бірінші жеңілісінен кейін екі саты төмен сырғып, турнир кестесінің алтыншы сатысына ығысты. а “Нижний Новгород” осы жеңістен соң жетінші орынға орналасты.

Келесі матч: Елорда командасы елге оралған соң биылғы маусымда өз алаңында өтетін бірінші ойынға дайындалады. Бұл матч сенбі күні, 16 қазанда өтеді. Нұр-Сұлтанға Польшаның «Зелена Гура» командасы келеді. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды. НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Ойынға тек «Ashyk» қосымшасы бойынша жасыл статусты көрермендер кіре алады.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»