Эмиль Райкович: «Қазақстанда жақсы адамдарды көп кездестіріп жолым болды»

19.05.2021, 18:40    Оқылғаны: 802
Дереккөз:
Автор:

«Астана» баскетбол клубының 10-шы мерейтойлық маусымымен бірге елорда командасының бас бапкерімен арадағы үш жылдық ынтымақтастығы да мәресіне жетті. Клубтың баспасөз қызметіне берген эксклюзивті сұхбатында Эмиль Райкович өзінің не себептен кетіп бара жатқандығын тілге тиек етіп, клубтағы үш маусымға созылған жұмысын қорытындылап шықты. Әрі Қазақстанда тұрған кезіндегі сезімдерімен бөлісті.

– Бәрімізді қызықтыратын ең негізгі сұрақ – клубпен арадағы келісімшарттың тәмамдалуы, нақты қабылданған шешім бе? Егер, солай болса, сіздің Қазақстаннан кетуіңіздің басты себептері?

– Бұл шешім шарасыз түрде қабылданды, деуге де болады. Қазақстанда өткізген тамаша үш жылымыздан соң өзімнің де, отбасымның да Еуропаға қайтқымыз келді. Себеп, қыздарымыздың оқуларын Македонияда жалғастырғандарын қалаймыз.

– Енді, клубтағы сіздің үш маусымдағы жұмыстарыңызды қорытындылап шықсақ.

– Бірінші маусым мейілінше көп әсер сыйлады, әрі сөз жоқ, ең табыстысы болды. Біз Қазақстан кубогын жеңіп алып, Ұлттық лигада топ жардық. Сонымен қатар, клуб тарихында ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең жоғарғы жетістікке қол жеткіздік. Әрі мен ВТБ Бірыңғай лигасының ең үздік жаттықтырушысы ретінде арнайы жүлде алдым. Бірақ оны мен жеке жетістігім деп санамаймын. Бұл – бәріміздің жетістігіміз және клуб үшін зор мақтаныш. Өйткені, азулы командалармен өткен көп ойында жеңіске жеттік. Ал бұл «Астана» тарихында мәңгілік сақталады.

Эмиль Райкович

2019/2020 маусымы шарықтау мен құлдырауға толы болды. Бірақ, бірінші кезекте, коронавирус нәубетіне байланысты, 2020 жылдың наурыз айында, мерзімінен бұрын аяқталуымен есте қалды. Егер маусым тоқтатылмағанда, онда біз ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысына шығар едік, оған семімдімін. Менің Ұлттық құраманың бас бапкері ретіндегі алғашқы қадамым да есте қаларлықтай болды. Өйткені, Азия кубогының іріктеу ойындары үр жаңа «Жекпе-Жек» жауынгерлік өнерлер сарайы аренасында, айтып жеткізгісіз атмосферада өтті. Осы сәтті пайдалана отырып, өзіме сенім артқан Ұлттық баскетбол федерациясына тағы да алғыс білдіргім келеді.

Эмиль Райкович

2020/2021 маусым ең күрделісі болды. Бұған COVID-19 байланысты Қазақстандағы шектеулер, сондай-ақ клубтың шектеулі бюджеті көп әсер етті деп пайымдаймын. Өйткені біз үйреншікті мәнерде жұмыс істей алмадық. Команданың маусым алдындағы жиындары тым келте болып шықты. Сондай-ақ ойындар күнтізбесі мен авиаұшу бағыттарымыз қолайлысынан тым алшақ болды. Ал бұл әр ойынға дайындалуымызға қатты әсер етті. Әйтсе де, біз Ұлттық лига мен Қазақстан кубогын аса қиналмай жеңіп алдық. Ал біздің ойыншыларымыз деңгейлерінің әлдеқайда өскендіктерін паш етті. Оған қоса, біздің Ұлттық құрамамыз Бахрейнде өткен, 2021 жылғы Азия кубогының іріктеу ойындарында үстемдік танытты. Біздің жігіттер Палестина құрамасын ойсырата жеңді. Ал осыдан бір жыл бұрын ғана оларды үш ұпай айырмасымен ғана ұтқанбыз. Бұл менің үш жылдағы жұмысымда біздің қазақстандық ойыншылардың деңгейлері елеулі түрде өрлей түскендігін көрсетеді. Сөз жоқ, бұл – мақтан тұтауға болатын ең үлкен жетістік.

Эмиль Райкович

– Сіздің клубтағы жұмысыңыздың ең басты жетістігінің бірі – Қазақстан ойыншыларының мейілінше шыңдала түсулері. Сіз олардың болашақтарына қандай ақыл-өсиетіңізді айтар едіңіз?

– Біз жігіттермен үш жыл бірге жүмыс істедік. Әрі бір-бірімізбен өте жақын араласып кеттік. Қазақстан чемпионатында топ жарған соң мен олардың бәріне «сендердің жанашыр достарың бар, ол әрдайым көмектесуге дайын» дедім. Әрі мен мұны ешқашан ойымнан шығармаймын, әрине. Бұл ретте, ойыншылардың бәрі де өздерінің осал тұстарын, қалай жетіле түсу керек екендерін біледі. Өйткені, мен оларға үнемі білгенімді айтып, ойын үстінде, жаттығу кездерінде, бейне талдаулар барысында ақыл-кеңесімді құлақтарына құйып отырдым. Ең бастысы – мен ойыншылардың баскетболдан тыс белгілі моральді құндылықтарды қабылдап алуларына ықпал етуге тырыстым. Мен олардың еңбекқор және адал болғандарын қалаймын. Сонымен қатар, өмірдегі күнделікті мұраттары мен қарым-қатынастарында біз олармен бірге сомдаған жеңімпаздар мәдениеті мен рухынан ауытқымаса деймін.

Эмиль Райкович

– Клубта үш маусым жұмыс істеп, сіз Қазақстан баскетболымен етене жақын таныстыңыз және жіліктеп бере алатындай болдыңыз. Сіздің ойыңызша, Қазақстанда баскетболды ода әрі дамыту үшін не істеу керек?

– Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Димаш Ғабитұлы Досанов Қазақстанда баскетболды одан әрі дамытып, жетілдіре түседі деп үміттенемін. Ұлттық құраманың FIBA Азия туы астындағы ойындарын сәтті ұйымдастыруының, сондай-ақ Junior NBA және Студенттер лигасы сынды жобаларды жетілдіре түсуінің арқасында ол  Қазақстандағы көп ойыншыларға баскетболды дамыту лайықты деңгейде, осы спорт түрі өрлеген елдердің үлгісінде жалғасады деген үміт отын сыйлады. Сонымен қатар, мен баскетболды дамыту үшін 10 000 адам сыйатын арнайы арена қажет деп ойлаймын. Ол Ұлттық құрама мен Еуропадағы деңгейі аса жоғары чемпионаттардың бірінде өнер көрсететін «Астана» үшін “Өз үйі” болар еді. Сондай-ақ Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер баскетболына білікті мамандар көбірек керек. Әрі, әрине, баскетболды бұқаралық сипатта дамыту үшін барлық қалаларда баскетбол алаңдары көп болуы қажет. Көктем және жаз кездерінде көшелердегі әр түрлі алаңдарда баскетбол ойнап жүрген балалардың көптігі осындай және басқа да шешімдерге жауапты адамдарға баскетболға деген қызығушылықтың жалғасып келе жатқандығын көрсетеді деп қалтықсыз үміттенемін. Өйткені, баскетбол – әйгілілігі жағынан әлемдегі екінші спорт түрі, футболдан кейінгі. Кәсіпқой және әуесқой баскетболды дамыту мақсатындағы инвестиция – дені сау және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру жолындағы керемет қадам.

Эмиль Райкович

– Қазақстанда есіңізге сақталып қалған не? Спорттық қана емес, басқа да қандай ерекше оқиға сізді елітті?

– Менің жолым болып, Қазақстанда өте көп жақсы адамдарды кездестірдім. Әрі мен достығымызды ұзақ уақыт бойы ұмытпаймыз деп ойлаймын. Мен үш жыл бойы бірлігі жарасқан клуб ұжымында жұмыс істедім. Әрі өзіме осындай мүмкіндік берген, баскетбол аңызы, Валерий Алексеевич Тихоненкоға алғыс білдіргім келеді. Ол қандай жағдай болсын, әрдайым мені қолдап отырды. Әрі «біз бір-бірімізден көп нәрсе үйреніп жүрміз», деп жиі айтатын. Клубтағы үш жылғы жұмысымнан соң, нақты түрде, Валерий Алексеевичті өзімнің досым деп есептейтінімді мақтан тұтамын.

Эмиль Райкович

– «Астана» жанкүйерлеріне кетерде қандай тілек жолдайсыз?

– Жанкүйерлеріміздің біздің команданы тек жеңістерінен кейін ғана емес, жеңілістерінен кейін де демеп-жебеп отырса деп тілеймін. Өйткені нағыз жанкүйерлер ештеңеге қарамай, команданы уайымдап отырады. Біздің фанаттар «Астананың» бюджеті ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең төменгі мөлшердегінің бірі екенін білулері керек. Сондықтан әрбір жеңіс – нағыз үлкен жетістік. ВТБ Бірыңғай лигасына қатысудың басты артықшылығы ойын тәжірибесі болып саналады. Яғни, Қазақстан ойыншылары Еуропадағы ең үздік командалардың бірімен өтетін ойындарда осындай мүмкіндіктерге ие болып, өздерінің деңгейлерін көтереді. Ойыншылар жетіле түсіп, ұзақ мерзімді болашақта тек азулы, ең үздік қарсыластарын жеңгендер ғана чемпион бола алады. Осыны ұмытпаңыздар!

Эмиль Райкович
 


Эмиль Райкович – Македонияның бұрынғы кәсіпқой баскетболшысы. Бапкерлік мансабын 2006 жылы Македониядағы «KK Feni Industries» клубының жаттықтырушысы ретінде бастаған (2006 – 2013). Сондай-ақ өз еліндегі «KK Rabotnicki» командасының (2013/2014) және Польшаның «Шленск-Вроцлав» клубының (2014 – 2016) бапкерлері құрамын басқарған. 2008 жылдан 2014 жылға дейін төрт рет Македония чемпионатында «Жыл жаттықтырушысы» болып танылған. Польша чемпионатындағы соңғы екі жылда, яғни 2017 және 2018 жылдары, «Үздік жаттықтырушы» атанған. 2011 жылы Македонияның «KK Feni Industries» командасымен Балқан лигасында топ жарған. Еуропада Эмиль Райковичті қайтпас қайсар және жаратылысынан жеңімпаз бапкер ретінде біледі. Ол – бұрынғы Югославия Республикасының жаңа толқынды, болашақтарынан көп үміт күтуге болатын дарынды жаттықтырушыларының бірі. Жоғары бапкерлік біліктілігімен қоса қарамағындағыларды айрықша жігерлендіре білетін және олардың психологияларын жақсы түсінетін маман ретінде танымал.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»