«Астана» оныншы маусымын Қазақстан чемпионы мәртебесінде түйіндеді

13.05.2021, 10:00    Оқылғаны: 348
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының барлық жанкүйерлерін Ұлттық лигадағы тоғызыншы чемпиондық атағымен құттықтаймыз! Финалдық доданың үшінші матчында астана командасы «Атырау Барыстарын» тағы да тізе бүктіріп, еліміздегі теңдессіз команда мәртебесін қорғап қалды.

Ойын басталған бетте алаң иелері алға қарай лап қойып, шабуылды күшейтті. Бірақ біздің жігіттер бұған сақадай-сай болып, «Барыстардың» ұмтылыстарын тойтарумен болды. Ойын барысында таразы басын Асқар Майдекин, Оярс Силиньш, Вадим Щербак теңестірді, ал Дмитрий Гаврилов бұл ойында біздің команданы бірінші рет алға шығарды. Осылай, бастапқы кезеңнің ортасына қарай “Астана” небәрі төрт ұпай айырмасымен алда тұрды. Дмитрий Гаврилов пен Оярс Силиньш өздерінің нәтижелі шабуылдарымен ойын тізгінін астана командасының уысынан шығарған жоқ. Ал онминуттықтың соңында Николай Бажин, Джеремайя Хилл және Рустам Мырзағалиев осы ойындағы алғашқы доптарын салды. Сөйтіп, екі команданың арасы 8 ұпайға ұлғайды, ал есеп 30:22 болды. Екінші кезеңде екі команданың да кежегесі кейін тартып, ойындары мандымай қойды — бақандай 4 минут ойын уақытында екеуі де нәтижелі ойын өрнектерімен көзге түсе алмады. Осы уақыт аралығында “Атырау Барыстары” тек 2 ұпай ғана еншіледі, ал біздің сапымыздан Роберт Пан үш ұпайлық  бір соққысын ғана дәл түсірді. Кезеңнің ортасында “Барыстар” есеп айырмасын 5 ұпайға дейін қысқартты. Алайда бір жарым минуттан кейін, Хилл мен Марчуктің орындауларындағы нәтижелі шабуылдардан соң, астана ұжымының басымдығы бірінші рет екі таңбалы санға жетті. Бірақ үлкен үзіліске дейін “Астана” өз еншісіне 4 ұпай ғана қоса алды, ал алаң иелері болса, есеп айырмасын біршама қысқартып, жиырма минуттан кейін тек 3 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 43:46.



Үшінші кезеңнің басында “Атырау Барыстары” есеп айырмасын мейілінше, яғни бір ұпайға дейін қысқартты. Алайда, әуелі Вадим Щербак, одан кейін Дмитрий Гаврилов олардың алға шығуларына немесе “Астананы” қуып жетулеріне мүмкіндік бермеді. Бұдан кейінгі Силиньш пен Гавриловтың салған доптары біздің команданың басымдығын 8 ұпайға дейін ұлғайтты. Бірақ үшінші кезеңнің ортасында екі команданы бес ұпай ғана бөліп тұрып, алаңдағы дода көрігі шыныменен қыза түсті. Кезеңнің екінші жартысында біздің команданың ойын өрнегі, әсіресе қорғаныста қимыл-әрекеттері түзеле бастады. Әрі, сары-көкшіл жейделілер бес минуттан артық уақыт бойы, алаң иелерінің бірде-бір ұпай еншілеулеріне мүмкіндік берген жоқ. Ал біздің команда сапынан Силиньш, Мырзағалиев, Пан және Бажин доп салды. Соңғы кезең қарсаңында “Астана” 17 ұпайдан тұратын, арқаны кеңге саларлықтай гандикаппен қара үзіп кетті – 50:67. Айтпақшы, үшінші кезеңде біздің команда қарсыласынан үш есе артық ұпай еншілеп, алаң иелерінің тек 7 ұпайды қанағат тұтқандарын да айта кетуге тиіспіз. Төртінші кезеңде біздің команданың қажыр-қайраты адам қызығарлықтай болды. Олар төртінші кезеңнің басынан-ақ алаң иелерінің есепті қысқартпақ болған, кез келген талпыныстарын тойтарып отырды. Ал есеп айырмасы шарықтап, ұлғая берді. Мәселен, Николай Бажин салған кезекті доптан кейін ол 20 ұпайдан асып кетті. Содан кейін, Силиньш, Майдекин және Марчук үшеуінің орындауларындағы нәтижелі шабуылдардан соң 25 ұпай болды. Ал ойынның аяғына дейін әлі 6 минут уақыт бар болатын. Былайша айтқанда, “Атырау Барыстарының” енді матч тағдырына қандай да бір өзгеріс енгізерліктей мүмкіндіктері де қалған жоқ. Сөйтіп, “Астана” өзінің тоғызыншы чемпиондық атағына сенімді түрде адымдай түсті. Соңғы минутта Асқар Майдекин, Максим Марчук және Андрей Литвиненко доп салып үлгерді. Ал Руслан Айтқали болса, осы ойындағы өзінің ғана емес, “Астананың” 2020/2021 жыдар маусымындағы соңғы ұпайларын еншіледі. Осылайша, біздің команда айқын басымдықпен жеңіске жетті — 65:88.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Атырау Барыстары» – Алаң иелері сапында бүгін Владимир Иванов нәтижелі ойын өрнегін көрсетті, оның еншісінде – 19 ұпай, әрі 8 рет доп қағып алды және 1 блокшот.
  • «Астана» – Оярс Силиньш біздің команда сапында ең көп ұпай жинаған ойыншы болды – 19 ұпай, 3 рет доп қағып алды және 2 рет допты тартып әкетті. Джеремайя Хилл 13 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды, 4 пас берді. Максим Марчук бүгін біздің команда сапындағы ең тиімді ойыншы болды, ол 10 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алып, 6 пас берді және 5 рет допты тартып әкетті. Дмитрий Гаврилов 11 ұпай жинап, 4 рет доп қағып алды және блокшот. Асқар Майдекиннің еншісінде – 10 ұпай, әрі 6 рет доп қағып алып, 3 пас берді. Ал Николай Бажин 8 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды және 3 пас берді.


Салдары: «Астана» тоғызыншы рет Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Оярс Силиньш пен Джеремайя Хилл биылғы доданың таңдаулы, ең үздік бес ойыншысы, құрамына ілікті. Ал астана командасының бас бапкері Эмиль Райкович маусым қорытындысы бойынша ең үздік жаттықтырушы болып танылды.
 

 

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»