«Астана» ВТБ лигасының биылғы маусымы соңында «Цмоки Минск» командасынан өз алаңында ұтылды

26.04.2021, 10:00    Оқылғаны: 31
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымындағы соңғы ойынында Беларусь елінен келген қонақтарына төтеп бере алмай, өз алаңында “Цмоки-Минск” командасынан ойсырай ұтылып қалды.

Ортада лақтырылған допты қонақтарымыз іліп әкетіп, әрі олар осы ойындағы есепті де ашты. Алдын-ала айта кетейік, ойының басы “Астана” үшін өте сәтсіз болып шықты – оның себебі доптан жиі айырылып қалу және шығыршыққа доп түсіре алма болды. Ал қонақтар болса, бірінші минуттан бастап, мұның бәрін өз кәделеріне жарата біліп, шабуылдарының бәрін ойдағыдай аяқтап отырды. Осылай, олар 0:11 есебімен қара үзіп кетті. Біздің команда алғашқы ұпайын айып сызығынан еншіледі – Николай Бажин бір мүмкіндігін мүлтіксіз орындады. Ал Асқар Майдекин сәл кейінірек біздің команданың ойын барысындағы алғашқы ұпайларын қоржынымызға салды. “Айдаһарлар” тізгін тартпай, үстемдік құрып, есеп айырмасын бірінші кезеңнің бел ортасында-ақ 16 ұпайға жеткізді. “Астана” осыдан кейін ғана күш-жігерін жинақтап, бірте-бірте есеп айырмасын қысқарта бастады. Николай Бажин екі рет айып сызығынан доп салды, ал Оярс Силиньш өзінің алғашқы үш ұпайлық добын нысанаға дөп түсіріп, әрі үш рет айып соққысын мүлтіксіз орындады. Кезең соңына дейін біздің команда сапынан Рустам Мырзағалиев пен Дмитрий Гаврилов қоржынымызға ұпайлар қосты. Бастапқы 10 минут ойын уақытынан кейін “Астана” 8 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 17:25. Екінші кезең Гавриловтың доп салуымен басталды. Сөйтіп, есеп айырмасы 6 ұпайға дейін қысқарды. Алайда “Цмоки-Минск” ұпай қорын сенімді түрде молайта беріп, ал біздің команданың шабуыл өтінде ойыны мүлде үйлеспей қойды. Антон Пономарев салған үш ұпайлық доп та қонақтарға сес бола алмады, ал есеп айырмасы кезеңнің бел ортасына дейін 18 ұпайға жетті. Бұдан кейін Николай Бажин мен Асқар Майдекин доп салған, бірақ қонақтардың басымдығы 20 ұпайға жетті. Матчтың бірінші бөлігі аяқталғанша «Астана» сапынан Пономарев, Бажин, Силиньш және Хилл доп салды. Бірақ жиырма минут ойын уақытынан кейінгі есеп айырмасы көңіл көншірліктей болмады – 38:57.

Аскар Майдекин

Үлкен үзілістен кейін біздің жігіттердің ойындары сәл де болса оңала бастады. Әрі Джеремайя Хилл мен Дмитрий Гаврилов салған доптардан кейін есеп айырмасы оның үштен бір бөлігінен асатын шамаға қысқарды. Эмиль Райковичтің шәкірттерінің өздеріне деген сенімділіктері арта түсті. Матчтың бірінші жартысында оларға осы жетпегені де осы еді. Үшінші кезеңнің ортасында «Астананың» қозғаушы күші Джеремайя Хилл болып, оны өзінің ұпайларымен Оярс Силиньш қолдап отырды. Бұдан кейін Руслан Айтқали есеп айырмасын 8 ұпайға дейін қысқартты. Әйтсе де, қонақтар Қазақстан командасының арынына төтеп беріп, есеп айырмасын одан әрі қысқартуларына кілт тоқтатты. Тіпті есеп айырмасын қайтадан екі таңбалы санға жеткізіп, алысқа ұзап кетті. Асқар Майдекин мен Джеремайя Хилл “Астананың” ұпай қорын толықтыра түскендерімен, соңғы кезең қарсаңында біздің команда 12 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 62:74. Негізі, бұл да еңсе түсірерліктей нәтиже емес еді. Бірақ төртінші кезең «Астана» үшін апатқа ұшыраған ойын бөлігі болып шықты. Соңғы онминуттықтың басынан-ақ біздің жігіттер доп сала алмай, сергелдеңге түсті. Ал қонақтар болса, өздерінің бұл мақсаттарын ойдағыдай жүзеге асырумен болды. Максим Марчук бұл кезеңдегі “Астананың” ең алғашқы ұпайларын төртінші минутта ғана еншіледі. Ал бұл уақытта есеп айырмасы 20 ұпайдан асып кеткен болатын. “Айдаһарлар” одан әрі үстемдік танытып, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда 30 ұпай айырмасынан артық есеппен ұтып жатты. Сонымен қатар, 10 ұпай межесінен де асып түсті. Ойын соңында біздің команда сапынан Антон Пономарев пен Джеремайя Хилл доп салып, ал Роберт Пан осы матчтың қорытынды есебін түйіндеді. Ал ол, яғни ойын нәтижесі біздің ұжым үшін жер шұқитындай айырмашылықпен тәмамдалды – 74:109.

Салдары: Бұл ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымындағы соңғы ойын еді. Өкінішке қарай, “Астана” турнир кестесінің қорытындысында 12-орынды қанағат тұтты.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – біздің команда сапынан бұл ойындағы үздік ойыншы Джеремайя Хилл болды – 17 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 5 пас. Оярс Силиньш бүгін 14 ұпай жинап, 2 рет доп қағып алды. Дмитрий Гавриловтың еншісінде – 10 ұпай және 3 рет доп қағып алды. Антон Пономарев 8 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды және 2 пас берді. Ал Николай Бажин 7 ұпай олжалап, 4 рет доп қағып алды және 3 пас берді.
  • «Цмоки-Минск» – бүгін Крис Клайберн құйындай орап соқты – 33 ұпай және 5 рет доп қағып алды. Бенджамин-Павел Дуду 20 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды және 5 пас берді.
 


«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Цмоки-Минск» командасын жеңісімен құттықтаймын. Олар бүгін бізден асып түсті және жан-тәндерін салып ойнады. Өкінішке қарай, біз бүгінгі ойын қарқынына ілесе алмадық және физикалық тұрғыда спорттық бабымызға сай болмадық. «Астананың» бас бапкері ретінде ВТБ лигасының соңғы ойынында жеңіліске ұшырау жақсы емес, әрине. Биылғы маусымда өте қиын болды, бірақ ең маңыздысы, жергілікті баскетболшылар өз деңгейлерін әлдеқайда көтерді. Көп-көп рахмет, бәріңізге де тек қана жақсылық тілеймін!

«Цмоки-Минск» бас бапкері Ростислав Вергун:
— Екі командаға да ауыр тиген маусым аяқталды. Біз қарсыласымыздың қандай қиындықтардан өткенін жақсы білеміз. Биыл бізге де өте қиын болды, ойымыздағының бәрін жүзеге асыра алмадық. Бүгін біз тек қана жеңіске жетуді ойладық, әрі мен жігіттерімнің өз күш-жігерлерін тиімді баскетболға жұмылдыра білгендеріне қуаныштымын. Тиімділігі жағынан бұл матч біздің биылғы маусымдағы ең үздік ойынымыз болды. Эмиль Райкович пен оның командасына тек табыс тілеймін. Келесі маусымда тағы кездесеміз деп үміттенемін.
 


Келесі матч: Осымен «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы өнері тәмамдалды. Енді біздің командаға еліміздің Ұлттық лигасының плей-офф сатысында чемпиондық атағын қорғап қалу керек. Оны біздің жігіттер 1/2 финалында Ақтаудың «Каспий» командасымен бастайды. Үш жеңіске дейін жоспарланған екеуара доданың алғашқы үш ойыны 27, 28 және 30 сәуір күндері Нұр-Сұлтанда өтетін болып жоспарланған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры