Хилл трипл-дабл орындап, «Астана» «Тобылды» тас-талқан қылды

07.04.2021, 10:00    Оқылғаны: 249
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Ұлттық лига чемпионатының негізгі додасындағы соңғы екі ойынын өткізе бастап, біріншісінде “Тобылды” ойсырата жеңді. Айта кетуге тиіспіз, бұл ойынды біздің команда ықшам ғана құрамда өткізді. Эмиль Райкович бұл ойынға Джеремайя Хилла мен Майкл Томпсонды қосқанда, 8 ойыншы ғана шығарды. Ал қонақтардың көшбасшысы Антон Быков алаңда қара көрсетіп, ойын хаттамасына тіркелгенімен, командалар құрамымен таныстыру рәсімі басталғанда, оның ойнамайтыны белгілі болды.

Бұл ойындағы алғашқы ұпайларды Роберт Пан еншілеп, оны матч басында Майкл Томпсон мен Антон Пономарев қолдады. Алайда қонақтар да қарап қалмады, олар біздің әрбір нәтижелі шабуылымызды аяқсыз қалдырмай, жауап беріп отырды. Ал екінші минутта қостанайлықтар алға да шықты. Бірақ Пономарев таразы басын тез теңестірді. Осындай арпалыста ойынның алты минуты да өте шықты. Ал таблодағы есеп бірнеше рет теңесіп, өзгеріп отырды. Осы уақыт аралығында «Астана» еншісіндегі ұпайларды Бажин, Томпсон, Пан және Хилл олжалады. Бірінші кезеңнің соңғы 4 минуты алға қарай лап қойған, біздің жігіттердің үстемдік құруымен өтті – 17:2. Осы ойын бөлігінде Руслан Айтқали, Асқар Майдекин және Андрей Литвиненко осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі, яғни бірінші кезеңде осы ойынға тіркелген ойыншыларымыздың бәрі де ұпай еншілеп шықты. Ал кезең қорытындысында “Астана” үстем түсті – 32:17. Екінші кезеңде де астана ұжымы ойын тізгінін толықтай өз қолдарына алып, қонақтардың ойын өрісін өзгертулеріне ешқандай да мүмкіндік берген жоқ. Негізі, “Тобыл” бұл кезеңде нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен болатын. Әйтсе де, олар тағы 7 ұпай айырмасымен есе жіберіп алды. Бұл кезеңде “Астана” сапынан көп ұпай еншілегендер Джеремайя Хилл мен Руслан Айтқали болды. Екеуі 20 ұпай олжалап, Бажин мен Томпсон да ұпай қорларын молайта түсті. “Астана” екі кезеңнен кейін 20 ұпайдан артық есеп айырмасымен қара үзіп кетті – 59:37.

Роберт Пан

Алаңдағы орындарын ауыстырған соң ойын тізгіні толықтай астаналықтарға көшті. Ал “Тобыл” үшін үшінші кезең өте нәтижесіз болып шықты. Олар тіпті 10 ұпай да еншілей алмады. Ал біздің жігіттер есеп айырмасын ұлғайтқан үстіне ұлғайта берді. Бастапқы бес минутта «Астана» басымдығын Роберт Пан мен Майкл Томпсон, сондай-ақ Антон Пономарев ұлғайты. Кезеңнің бел ортасынан кейінгі Джеремайя Хилл мен Роберт Пан еншілеген ұпайлардан соң есеп айырмасы 30 ұпайдан да асып кетті. Ал Руслан Айтқали үш кезеңнен кейінгі ойын есебін түйіндеді – 81:45. Ойын тағдыры шешілген де еді, бұған 40 ұпайдан асатын есеп айырмасы да дәлел бола алады. Бірақ біздің команда тізгін тартпай, соңғы кезеңнің басында көсіле сілтеді – 12:0. Бұл серпілісімізде ұпай еншілегендер Роберт Пан, Асқар Майдекин, Руслан Айтқали және Андрей Литвиненко болды. содан кезең соңына дейін ойын біршама тең дәрежеде өтті. Сөйтіп, “Астана” ірі жеңіске сенімді түрде адымдай түсті. Матчтың аяқталуына бір жарым минут уақыт қалғанда Асқар Майдекин алаң иелері есебін үш таңбалы санға жеткізді. Ал біздің команданың осы матчтағы соңғы ұпайларын Руслан Айтқали еншілеп, соңғы минутта екі рет үш ұпайлық соққыларын шығыршыққа дөп түсірді. Ойын қорытындысында “Астана” 50 ұпай айырмасымен өте ірі жеңіске қол жеткізді – 107:57.

Руслан Айткали

Салдары: “Астанаға” ел чемпионатын жеңіліссіз аяқтауға, бір қадам ғана қалды. Ал “Тобыл” үшінші орнын сақтап тұр.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» –  Бірінші кезеңде-ақ, біздің ойыншылардың бәрі де ұпай еншіледі. Джеремайя Хилл бүгінгі матчта трипл-дабл авторы атанды – 20 ұпай, 12 рет доп қағып алды, 10 пас, сондай-ақ 5 рет допты тартып әкетті. Осы ретте, айта кеткеніміз жөн болар, бұл – барлық командаларды есепке алғанда, Ұлттық лиганың биылғы маусымындағы ең бірінші трипл-дабл. Роберт Пан 20 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды, 2 пас беріп, 4 рет допты тартып әкетті және 1 блокшот. Руслан Айтқалидың еншісінде – 25 ұпай және 7 рет доп қағып алды. Майкл Томпсон 15 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды және 2 пас берді. Николай Бажин өз есебіне 5 ұпай жазды, 10 рет доп қағып алды, 7 пас және блокшот.«Тобыл» – Бүгін Павел Ильин мен Рустам Валиев қана он ұпайдан артық жинай алды – 14 және 12 сәйкесінше.


Келесі матч: «Тобылмен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 7 сәуір күні, Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»