«Астана» түзде «Локомотивпен» тайталасып, жеңісті уысынан шығарып алды

04.04.2021, 10:00    Оқылғаны: 459
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Краснодарға барған сапарында жеңісті өңгеріп келе жаздады. Эмиль Райковичтің шәкірттері «Локомотив-Кубань» командасын биылғы маусымда екінші рет тізе бүктіруге шақ қалды. Алайда, алаң иелері матчтың екінші жартысында таразы басын өздеріне қарай аудара алды.

Есеп ойынның екінші минутында ашылып, бірінші болып, біздің Майкл Томпсон доп салды. Бірақ алаң иелері бірден үш ұпайлық доппен жауап берді. Содан «Локо» біраз уақыт алда ойқастады, ал Бажин мен Бакнердің ұпайлары оларды қуып жетуге жетпеді. Бес минут ойын уақытынан кейін «Астана» 6 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бірақ біздің жігіттер алға ентелеп, әуелі Оярс Силиньш әдемі данк орындаса, іле-шала Эрик Бакнер те допты шығыршықтың үстінен салды. Сөйтіп, есеп теңесті. Доп додасы қыза түсіп, мұның арты алыстан атқылауға ұласты. Краснодарлықтар бірден алыс қашықтықтан доп салып еді, Силиньш пен Пономарев жауап ретінде үш ұпайлық соққыларын шығыршыққа дөп түсірді. Әрі олар біздің команданы алға шығарды. Алаң иелері қанша тырысса да, бірінші кезеңде «Астананы» қуып жете алмады. Бірақ аса көп ұтылған да жоқ – 19:22. Екінші кезеңді екі команда да қорғанысқа көңіл бөлумен бастады. Әрі айта кетуіміз керек, екеуі де қорғаныста жақсы ойнады. Бұл доп салудың қиямет-қайым болуына барып ұласты. Мәселен, біздің команда бес минутта бар болғаны бес ұпай ғана еншіледі. Доп салғандар – Майдекин мен Бажин. Алайда “Локомотив” те біздің қорғанысымызды бұза алмады, олар бес минутта өз қоржындарына төрт ұпай ғана қосты. Осылай, “Астана” аз ғана басымдықты сақтап тұрды. Алаң иелері алтыншы минутты жоғары қарқында өткізіп, алға шықты. Бірақ Эрик Бакнер оларды алысқа ұзатпай, өз ұпайларымен «Астана» қоржынын толықтырды. Бұдан кейін Джеремайя Хилл үш ұпайлық соққысын шығыршыққа түсіре алмағанымен, үш айып соққысын орындау құқығына қол жеткізді. Әрі олардың бәрін де мүлтіксіз орындап, біздің команданы қайтадан алға шығарды. Әрі қарай “Астана” алға қарай лап қойып, Николай Бажин, Джеремайя Хилл және Эрик Бакнер үшеуі кезекті ұпайларын олжалады. Матчтың бірінші жартысындағы соңғы ұпайларды алаң иелері еншіледі. Бірақ ойынның алғашқы жартысында “Астана” басым болды – 36:42.

Аскар Майдекин

Үшінші кезең біздің команда үшін зор үмітпен басталды. Николай Бажин үш ұпайлық, ал Майкл Томпсон екі ұпайлық соққыларын дөп түсірді. Әрі қазақстандықтар басымдығы екі таңбалы санға жетті. Алайда, өкінішке қарай, осыдан кейін біздің команданың ойыны мүлде жүрмей, «+11» басымдығы лезде «+3» басымдығына айналды. Эмиль Райкович тайм-аут алуға мәжбүр болды. Бірақ бұл да екпін алып, көсіле шапқан алаң иелерінің қарқынын баса алмады. Тіпті, керісінше, біздің ойыншылар жиі қателесе бастады. “Локомотив” тез арада есепті теңестіріп, тіпті алға да шығып кетті. Біздің жігіттер екі минуттан астам уақыт бойы ұпай еншілей алмай қойды. Ал алаң иелері осы уақыт ішінде жеті ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Ақыры Хилл голсыз өткен іркілісті үзіп, әуелі екі айып соққысын мүлтіксіз орындады. Содан кейін алыстан мергендік танытты. Алайда Бажиннің ұпайлары да алаң иелерінің кезекті рет қамшы басуына бөгет бола алмады. Олар есеп айырмасын «+9» ұпайға дейін жеткізді. Бұл кезеңдегі соңғы шабуылды Антон Пономарев сәтті аяқтады. Бірақ “Астана” соңғы онминуттық алдында 7 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 65:58. Соңғы кезеңнің басында “Локо” басымдығы екі таңбалы санды жуықтады. Бірақ Майдекин мен Щербак ұпай еншілеп, есеп айырмасы 4 ұпайға дейін қысқарды. Алаң иелері прессинг қолдануды жалғастырып, “Астананың” есепті теңестіруіне мүмкіндік бермеді. Бірақ өздері де алысқа ұзап кете алмады. Екі команданың арасы төртінші кезеңде толықтай дерлік екі ұпайдан алты ұпайға дейінгі шамада тербеліп тұрды. Біздің команда сапынан Хилл, Майдекин, Томпсон және Бажин ұпай олжалады. Матчтың аяғы өте шиеленісті өтті. Оған Оярс Силиньш май құя түсіп, үш ұпайлық соқысын дәл түсірді. Матчтың аяқталуына бір минут қалғанда, “Астана” екі ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Енді әрбір шабуыл маңызды болды. Алайла алаң иелері өз мүмкіндіктерін қалт жібермей, сәтті аяқтаса, біздің жігіттер допты шығыршыққа түсіре алмай, дал болды. Сөйтіп, бұл матчтың соңында “Локомотив-Кубань” басым  болып, әрі осы ойында жеңіске жетті – 90:84.

Салдары: “Локомотив-Кубань” турнир кестесіндегі үшінші орынға мейілінше жақындай түсті, ал “Астана” он бірінші орында қалды.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Локомотив-Кубань» – алаң иелері сапындағы ең үздік ойыншылар Уилл Каммингс (24 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 6 пас) және Найджел Уилльямс-Госс (23 ұпай, 9 пас, 3 рет допты тартып әкетті) болды.
  • «Астана» – біздің команда сапында ең көп ұпай жинаған Джеремайя Хилл болды, ол 20 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды және 5 пас берді. Эрик Бакнер біздің ұжымда тиімділігі жағынан бәрінен асып түсті – 14 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 3 пас және 2 блокшот. Николай Бажин соңғы ойындарда нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп жүр, ол бүгін де ерекше көзге түсті – 15 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 3 пас. Майкл Томпсон бүгін өз еншісіне 9 ұпай қосып, 3 рет доп қағып алды, 10 пас беріп, 4 рет допты тартып әкетті.


«Локомотив-Кубаньның» бас бапкері Евгений Пашутин:
— Команданы жеңісімен құттықтап, қолдау көрсеткендері үшін жанкүйерлерге алғыс білдіргім келеді. Бұл психологиялық тұрғыда, Қазандағы ойыннан кейінгі, өте ауыр ойын болды. Бірақ жігіттер жинақталып, қайсарлық танытты. Мүмкін, бұл әдеттегідей әдемі ойын болмаған шығар, бірақ біз жеңіске жеттік. Үшінші кезеңде қорғанысымызды күшейтіп, коммуникацияны ретке келтіріп, жан-тәнімізді салып, біріге алдық. Ал шабуылда сәл ғана төзімділік пайда болып, ойынның екінші жартысында ойлы да, сайлы ойын үлгісін көрсеттік. Қазір бізге тынығып, плей-оффқа дайындалу керек. Соңғы үш ойынды жақсы өткізіп, чемпионаттың негізгі бөлігінде қазіргіден де жоғары орындарға көтерілуге тырысу қажет.

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Алаң иелерін жеңісімен құттықтаймын. Олар бүгін тәжірибелерінің арқасында ұтты. Біз матч бойы тайталасып, құрамдық аймақ үлгісінде ойнадық, ойын қарқынын бәсеңдетіп отырдық. Өйткені, «Локоның» жоғары қарқынына төтеп бере алмаймыз. Өкінішіті, матч соңында бізге күш-жігер жетпей қалды. Бірақ бұл да – команда үшін үлкен тәжірибе. Бүгін қазақ ойыншыларына көп уақыт бердік. Мысалы, Асқар Майдекин. Николай Бажин тұрақты түрде доғары деңгейде ойнап жүр. Өз командама кінә артқым келмейді. Тек ойыншыларды мақтап өткім келеді, олар бүгін азулы қарсыласымызбен тайталасып, намысты қолдан берген жоқ. «Локоның» алдағы матчтарына сәттілік тілеймін.

Келесі матч: Елге оралған соң, 6 және 7 сәуір күндері, астана командасы Қостанайдың «Тобылымен»Ұлттық лига чемпионаты аясындағы соңғы ойындарын өткізеді. Одан кейін біздің жігіттер қайтадан жолға шығып, 11 сәуір күні ВТБ Бірыңғай лигасында түздегі соңғы кездесуін өткізеді. Қарсыласы Мәскеудің ЦСКА командасы болады.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»