«Астана» Минскідегі жеңісінен кейін плей-офф додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды

21.03.2021, 22:00    Оқылғаны: 459
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы жеңілістері сериясын үзіп, түзде «Цмоки Минск» командасын ұтып, плей-офф додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Наурыз мейрамында барлық жанкүйерлер тамаша сый!

Эмиль Райкович матч басында мына бестікке сенім артты – Оярс Силиньш, Николай Бажин, Максим Марчук, Эрик Бакнер және Майкл Томпсон. Ортада лақтырылған допты Эрик Бакнер іліп алып, бірінші шабуылда Оярс Силиньш үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсірді. Ал Николай Бажин біздің бұл серпілісімізді үш ұпайлық добымен қолдады. Алаң иелері қонақтарының қарқынды ойын өрнектерінен абдырып қалып, алғашқы ұпайларын тек есеп айырмасы «–6» болғанда ғана еншіледі. Алайда, бұдан кейін біздің команданың ойыны үйлеспей, Оярс Силиньш бір ғана ұпай еншіледі. Ал Минск мұны қалт жібермей, есепті тез теңестірді, тіпті алға да шығып кетті. Эмиль Райкович бірден тайм-аут алуға мәжбүр болды, әрине. Камбек авторы Силиньш болып, ол есепті теңестірді. Бірақ беларусьтар нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, қайтадан алға шықты. Содан соң Эрик Бакнерге қарсы ойын ережесі бұзылып( спортқа жат фол), ол айып соққысының екеуін де мүлтіксіз орындады. Одан кейін пәрменді данкпен таразы басын теңестірді. Алаң иелері де қарап қалмады, дер кезінде қарсы шабуылдарымен жауап беріп, қайтадан алға шықты. Бірінші кезеңнің аяғына дейін Дежеремайя Хилл құйындай орап соқты. Ол әуелі трапециялық боялған аймақта ерекше көзге түсіп, екі ұпай еншіледі. Одан кейін доға сыртынан екі соққысын дөп түсірді. Осылардың арқасында “Астана” қайтадан алға шықты. Өкінішке қарай, кезең соңында тек алаң иелері ұпай еншілеумен болды. Олар әрі есепті теңестірді – 24:24. Екінші кезеңнің басы өте нәтижелі болды. Рустам Мырзағалиев осы кезеңдегі алғашқы ұпайларын еншілеп, ойын ережесін бұзған алаң иелерін жазалап, үшінші минутта шығыршықты айып сызығынан екі рет дәл көздеді. Айтпақшы, алаң иелері ойын ережесін бұзу жағынна шектеуден тез асып кетті. Алайда, біздің жігіттер айып соққыларын үнемі сәтті орындай алмады. Әйтсе де, Қазақстан ұжымы екінші кезеңнің бірінші жартысында барлық ұпайларын тек айып сызығынан еншілеп отырды. Кезеңнің бел ортасында алаң иелері біздің командадан екі ұпай озық тұрған. Бірақ Хилл “Астананың” осы кезеңдегі ойын барысында еншілеген алғашқы ұпайларын салды. Әрі алыстан мергендік танытып, біздің ұжымды алға шығарды. Үлкен үзіліске дейін Джеремайя Хилл мен Майкл Томпсон ұпай еншіледі. Кезең соңында Эрик Бакнер жарақаттанып қалды, себебі оған қарсы ойын ережесі бұзылды. Айып соққыларын оның орнына Антон Пономарев орындап, екі соққының біреуін ғана нысанаға дәл түсірді. Десек те, “Астана” үш ұпай айырмасымен алға озды. Шабуыл ұйымдастыруға әлі уақыт бар болатын, бірақ “Айдаһарлардың” ойындары үйлеспей, олар доптан айырылып қалды. Енді біздің жігітерде үш секунд болған, бірақ алаң ортасынан Хилл лақтырған доп шығыршықтың алдыңғы имек темірінен қайтты. Командалар үлкен үзіліске шыққандағы есеп — 40:43.

Эрик Бакнер

Үшінші кезеңде Эрик Бакнер жай оғындай ойнақ салды. Ол матчтың екінші жартысында есеп ашып, пәрменді данк-томагавк орындады. Максим Марчук оны қолдады, бірақ “Цмоки” бар күшін салып, соның бәріне дер кезінде жауап беріп, біздің команданың қара үзіп кетуіне мүмкіндік бермеді. Кезең ортасында Эмиль Райковичтің шәкірттері таразы басын өздеріне қарай аударды. Алаңдағы ең үздік ойыншы Эрик Бакнер болды. Ол бірнеше рет тосқауыл қойып, көзге түсіп қана қоймай, қайтқан доптарды қағып алып, команданың ұпай қорын да молайта түсті. Жеті минуттың ішінде өз еншісіне 8 нәтижелі балл жазып, Қазақстан ұжымының екі таңбалы есеп айырмасымен алға озуына ықпал етті. Алаі иелері есеп айырмасын қысқартып, біздің командаға жақындай түспек болған. Бірақ кезең соңында тағы да Джеремайя Хилл екпін алып, біздің команданың екі таңбалы санға тең басымдығын сақтап қалды – 51:62. Үшінші кезеңде “Астана” алаң иелеріне қарағанда біршама ширақ болды. Бірақ 11 ұпай айырмасы арқаны кеңге салып, босаңситындай басымдық емес еді. Оның үстіне, алаң иелері соңғы кезеңде өздеріне сенімді болып, атойлап шабуылға шыға бастады. Вадим Щербак, Майкл Томпсон және Эрик Бакнер салған доптар “Астана” басымдығын сақтап тұрды. Бірақ кезеңнің ортасына қарай ол 7 ұпайға дейін қысқарды. “Айдаһарлар” қонақтарын қыспаққа ала түсті, бірақ бүгін Бакнер бабында еді. Оларды өз командасына жақындатпай қойды. Әйткенмен, командалар арасы 4 ұпайға дейін қысқарды. Бірақ Эрик пен Джеремайя салған кезекті доптардан соң 8 ұпайға дейін ұлғайды. Ал ойының аяқталуына дейін әлі біршама уақыт бар еді – үш минут. Беларусь ойыншылары тізгіндерін тартпай, алға қарай ентелеп, дода көрігін қыздыра түсті. Сөйтіп, матчтың аяқталуына бір жарым минут қалғанда, есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты. Екі команданың да қателесуге құқы жоқ еді. Эрик Бакнер мұны жақсы түсініп, допты алаң иелерінің шығыршығына дәл түсірді. Бірақ қорғаныста сауатты ойын өрнегін көрсете алмадық – айып соққысының екеуі де мүлтіксіз орындалды. Есеп айырмасы қайтадан «+2» ғана болды. Әлі қырық секундтан артық уақыт бар болатын. Әрі доп біздің командада еді. Бірақ олар бұл мүмкіндікті мүлт жіберіп, есеп айырмасын ұлғайта алмады. Енді алаң иелерінде шабуыл ұйымдастыруға жетерлік уақыт болды. Олардың жеңісті жұлып алуларына да немесе ойынды овертаймға созуға да мүмкіндіктері бар еді. Бірақ біздің жігіттер қорғаныста жанкештілік танытып, бәлкім, бақтары да жанып, есеп өзгермей, “Астана” бүгін маңызды жеңіске қол жеткізді – 78:80.

Салдары: “Астана” турнир кестесіндегі жағдайын түзеп, “Енисейден” сәл-пәл ұзап, “Калевке” мейілінше жақындай түсті. Ең бастысы, плей-офф додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Ал “Цмоки-Минск” осы ойынға дейін-ақ лиганың финалдық бөлігіне шығу мүмкіндігінен айырылған.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Цмоки-Минск» – бұл ойында біздің командаға көп қауіп төндірген Дерек Кук болып, дабл-дабл авторы атанды – 10 ұпай, 13 рет доп қағып алды, 3 пас және 2 блокшот. Крис Клайберн өз командасында ең көп ұпай жинаған ойыншы – 17 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 3 рет допты тартып әкетті, блокшот.
  • «Астана» – Эрик Бакнер бүгін көсіле сілтеп, біздің команда сапындағы ең тиімді ойыншы болды – 21 ұпай, 11 рет доп қағып алды және 3 блокшот. Джеремайя Хилл ең көп ұпай жинаған ойыншы – 22, сондай-ақ 3 рет доп қағып алды және 2 пас берді. Оярс Силиньш өз еншісіне 9 ұпай жазып, 5 рет доп қағып алды, 5 пас берді, блокшот. Майкл Томпсон 9 ұпай еншілеп, 3 пас берді.


«Цмоки-Минск» бас бапкері — Ростислав Вергун:
— Өкінішке қарай, биылғы маусым біз үшін ойдағыдай болмады, командалардың көбісі көмбеге тікелей тартқанда, біздегі жігіттер жаңа міндеттеріне үйренуге мәжбүр болды. Бұл үдеріс үнемі көңілдегідей және оңай болып шықпады. Бірақ біз бүгін ойын өрнегіміздің түзеле бастағанын байқадық. Жанкештілік танытып, соңына дейін намысты қолдан бермеуге тырысып, тайталасқан жігіттеріме дән ризамын. Матчтың екінші жартысын сүреңсіз өткізген сәттеріміз болғанымен, тайталасып бақтық. Енді сәрсенбі күні өтетін ойынға дайындаламыз.

«Астананың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Өте ауыр ойын болды, бірақ біз осылай боларын білгенбіз. Минск үнемі жігермен ойнайды. Біз ойынды бағамдап, әрі екінші жартысында 10 ұпай айырмасымен алға да шықтық. Бірақ «Цмокилердің» бізді қуып жетулеріне мүмкіндік беріп қойдық. Матч соңы өте қызықты болды. Бағымыз жанып, жеңіске жеттік. Бізге осындай ойын өрнегін сақтау керек, тек қарсыласымыздың есе қайтаруына мүмкіндік бермеу қажет. Әрі мен бүгінгі матчқа 11 ойыншы шығарғанымызға өте қуаныштымын. Бұл – біздің болашағымыздың қамы.



Келесі матч: Бір аптаға да жетпейтін уақыттан соң, яғни 25 наурызда, «Астана» өз алаңында Польшаның «Зелена Гурасын» қабылдап, ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті ойынын өткізеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»