«Астана» Нижний Новгородта жеңісті уысынан шығарып алды

07.03.2021, 21:10    Оқылғаны: 398
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының командасы түзде «Нижний Новгородпен» өткен матчтың екі жарым кезеңінде үстемдік танытты. Алайда матч соңында алаң иелері жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алды.

“Астананың” жаңа ойыншысы Эрик Бакнер ортада қайта лақтырылған допты іліп әкеткенімен, бірінші шабуылда біздің команда ұпай еншілей алмады. Нижегородтықтардың да біздің шығыршыққа ұмтылған бірінші мүмкіндіктері сәтсіз болды. Сөйтіп бұл ойындағы есепті Эрик Бакнер ашты, әрі “энд уан” соққысын да сәтті орындады. Жалпы, ойынның басы аса нәтижелі болмады. Бастапқы үш минутта Бакнердің ұпайларынан бөлек, тек Вадим Щербак қана бір рет айып сызығынан доп салды. Ал алаң иелері біздің шығыршыққа доп түсіре алмай, дал болды. Кезеңнің ортасына дейін екі команды тек екі нәтижелі шабуылдарымен алмасты. Сөйтіп, ойынның бастапқы бес минутында екеуара небәрі 10 ұпай еншіледі – “Астана” екі ұпай айырмасымен алда тұрды. Бұдан кейін алаң иелері есепті тез теңестірді, тіпті алға да шықты. Бірақ Оярс Силиньш көзтартар данк орындап, ал Хилл екі ұпайлық соққысын дөп түсіріп, Майкл Томпсон айып соққысының біреуін сәтті аяқтап, таразы басы теңесті. Ал Максим Марчук біздің команданы алға шығарып, Томпсон оны еселей түсті. Кезеңдегі соңғы ұпайларды алаң иелері еншілегенімен, олар бірінші онминуттықта ұтылды – 13:16. Екінші кезеңде Зоран Лукичтің командасына шығыршыққа доп салу тағы да қиямет-қайым болды. Ал біздің Джеремайя Хилл болса, барлық қашықтықтан мергендік танытып, үш ұпайлық, екі ұпайлық соққыларын дөп түсіріп, екі айып соққысын да мүлтіксіз орындады. Бұдан кейін есеп айырмасы екі таңбалы санға жетті. Бірақ дәл осы сәтте алаң иелері де «оянып», осы кезеңдегі алғашқы ұпайларын еншіледі. Әйтсе де, біздің команданың басымдығы он ұпайдан артық межеде сақталып тұрды. Ал Томпсонның үш ұпайлық добынан соң есеп айырмасы 17 ұпайға жетті. Аракідік алаң иелері де шабуылдарын сәтті аяқтап отырды. Бірақ екінші кезеңнің соңында біздің ойыншылар көсіле шапты. Хилл “энд уан” орындап, соңғы секундтарда Хилл берген пасты Вадим Щербак шығыршыққа түсіріп, матчтың бірінші жартысының нүктесін қойды – 28:47.

Джеремайя Хилл

Матчтың бірінші жартысындағы «Астананың» ойын өрнегі мен нәтижесі жеңіске жетерліктей қарқында өрбіп, ал Джеремайя Хиллдің ойыны ерекше көңіл аударарлықтай болды – 18 ұпай, 2 пас және 2 рет допты тартып әкетті. Бірақ бұл ойын соңындағы емес, жиырма минуттан кейінгі көрсеткіштер еді. Яғни қуанып, арқаны кеңге салуға – әлі ерте. Үшінші кезең біздің жігіттердің алаң иелерін қыспаққа алуымен басталды. Эрик Бакнер екі шабуылын сәтті аяқтап, екіншісін әдемі данкпен түйіндеді, әрі есеп айырмасын бақандай жиырма ұпайға жеткізді. Үшінші кезеңнің ортасына дейін “Астана” жиырма ұпай шамасында өз басымдығын ұстап тұрды. Бірақ бұдан кейін біздің ойыншылардың ойындары жүрмей, ал алаң иелері, керісінше, екпіндерін үдете бастады. Нижегородтықтар тіпті тез арада, яғни үшінші кезеңнің аяғына дейін, есеп айырмасын он ұпайдай қысқартты. Бірақ бұл кезеңді Вадим Щербак түйіндеді, 51:63 – алда “Астана”. Осылай, төртінші кезеңнің басында Эмиль Райковичтің шәкірттерінің басымдығы арқаны кеңге саларлықтай болмай қалды. Бірақ әлі де біршама еді. “Нижний Новгород” шамамен үшінші кезеңнің екінші жартысынан бастап өздеріне сенімді ойын өрнегін көрсете бастады. Әрі біздің командаға 12 ұпайға дейін жақындай түсті. Алаң иелері төртінші кезеңнің басында да алға қарай лап қойды. “Астана” үш минут бойы бірде-бір ұпай еншілей алмай қойды. Ал «НН» болса, есеп айырмасын бес ұпайға дейін қысқартты. Әрі дода көрігін мейілінше қыздыра түсті. Алаңға Джеремайя Хиллдің оралуы біздің командаға сенім үмітін ұялата түсті. Ол шыға сала, көзтартарлық данк орындап, одан кейін үш ұпайлық соққысын нысанаға дөп түсірді. Оны Вадим Щербак та қолдап, үш ұпайлық соққысын шығыршыққа сүңгітті. Сөйтіп, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда, “Астананың” басымдығын 13 ұпайға жеткізді. Алаң иелерінің екі шабуылынан кейін Томпсон флоутер орындап, “Астананың” басымдығын қайтадан екі таңбалы санға жеткізді. Ойынның аяқталуына екі минут қырық секунд қалған болатын. Алайда қалған уақытта алаң иелері қарқындарын үдетіп, қамшыны басты. Оның үстіне, біздің жігіттердің жүйкелері сыр беріп, жиі қателесе бастады. 11 ұпай басымдығы бір минуттың ішінде +2 ғана болып шыға келді. Әлі бір минуттан артық ойнау керек. Біздің жігіттер қателеспейтін жерде, кезекті рет жаза басып, есеп теңесті. Ал біздің команда өз шабуылында ұпай еншілей алмай, қонақтар айып соққысын орындау мүмкіндігіне қол жеткізді. Олар оның екеуін де мүлтіксіз орындап, екі ұпай айырмасымен алға шықты. Матчты аяқталуына екі секунд қалған. Эмиль Райкович тайм-аут алды, бұдан кейін ойынды тым болмаса, овертаймға созу мүмкіндігі бар еді. Бірақ доп шығыршыққа түспеді. Осылай, “Астана” қолда тұрған жеңісті уысынан шығарып алды. Қорытынды есеп – 75:73.

Салдары: “Нижний Новгород” алтыншы орында қалса да, өз көрсеткіштерін нығайта түсті. Ал біздің команда болса, 12-орынға сырғыды. Сәл кейінірек “Калев” “Автодордан” басым түсіп, “Астана” осы, 12-ші орынға “жайғасты”.
 

 

«Нижний Новгородтың» бас бапкері — Зоран Лукич:
— Жеңістің аты – жеңіс. Ойынның екінші жартысында біз оған лайық екенімізді көрсеттік. Шәкірттерімнің матчтың бірінші жартысындағы сүреңсіз ойындарының себебі менің шешімдеріме байланысты болды, екі кезең барысында мен жаза бастым. Қылшығын аламын деп, былшығын шығарып алдым. Өкінішке қарай, соның кесірінен команда кібіртіктеп қалып, кежегелері кейін тартты. Матчтың екінші жартысында түзетулер енгізіп, ойыншыларды жиі алмастырып отырып, ойын деңгейін көтеріп үлгердік. Жанкештілігіміздің арқасында жеңісті жұлып алдық деп ойлаймын, иә жеңісті жұлып алдық. Не істеу керек екені нақты білдік, әрі мақсатымызға қол жеткіздік.

«Астананың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Өзекті өртер жеңіліс, әсіресе ойынның бірінші жартысында жақсы өткізіп, 22 ұпай айрмасымен қара үзіп кеткенде – ұтылу. Өкінішке қарай, біз сол деңгейде 40 минут бойы ойнауға шыдамадық. Себебі, – ауысып ойнайтын ойыншыларымыз аз. Бүгін біз екі ленионерімізді шығарған жоқпыз. Өйткені, келесі маусымда «Астана» сапында қалатын жергілікі ойыншыларды көп ойнатқымыз келеді. Біз енді оларды алаңға жиі шығаруға тырысып, ВТБ Бірыңғай лигасында тәжірибе жинауларына ықпал етеміз. Олар өздеріне берілген уақытты ұтымды пайдаланды, мен әрі Марчук, Щербак сынды жігіттеріміздің бүгін аянбай, жанкештілік танытқандарын мақтан тұтамын. Алайда, ең соңында біз жұмыла қимылдай алмай қалдық, соңғы минуттарда шабуылға шыққанда алаң иелерінің қысымын бұзып өте алмадық, ал «Нижний» бізді жазалап отырды.

Келесі матч: Нұр-Сұлтанға оралған соң астана баскетболшылары Ұлттық лига чемпионаты аясында, 9 және 10 наурыз күндері, өз алаңында «Атырау Барыстарымен» екі ойын өткізеді. Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы Эмиль Райкович командасының келесі қарсыласы – «Цмоки Минск». Бұл матч 21 наурыз күні Беларусь астанасында өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»