“Астананың” Ақтөбеге барған сапары ірі жеңіспен басталды

07.02.2021, 10:00    Оқылғаны: 285
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» баскетбол клубы Ақтөбеге барып, Ұлттық лига аясындағы ойындарын ірі жеңіспен бастады. Әр бір ойындағы ұпай қорын тағы да жүзден асырды. Бұл матчқа Эмиль Райкович легионерлерден Девин Марбл мен Мартиньш Мейерске сенім артты.

Бұл ойында есепті Мартиньш Мейерс ашты, ол келесі шабуылды да сәтті аяқтап, “Астананың” алғашқы бес ұпайын бір өзі еншіледі. Бастыпқы екі минутта алаң иелері нәтижелі шабуылдарымен жауап қатып, таразы басын теңестіріп отырды. Бірақ содан кейін Руслан Айтқали, айтпақшы осы қаланың тумасы, екі минутқа де жетпейтін уақыт аралығында үш рет үш ұпайлық соққысын нысанаға дөп түсірді. Сөйтіп, алғашқы кезеңнің бірінші жартысында-ақ өз командасының басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Русланнан кейін Рустам Мырзағалиев, Антон Пономарев, Вадим Щербак және Максим Марчук алаң иелері шығыршығына доп салды. Соңғысының кезекті добынан кейін командалар арасы жиырма ұпайдан да асып кетті. “Астана” бірінші кезең аяқталғанда 23 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті – 13:36. Екінші кезеңде де елорда ұжымы көсіле сілтеді. Бірақ алаң иелері де соққыларының көбісін дәл түсіре бастап, бірінші кезеңдегілерінен көп ұпай еншіледі. Ақтөбеліктер намысты қолдан бермеуге тырысты, тіпті кейбір уақыт аралығында олар қонақтарына дес берген жоқ. Бірақ біздің жігіттер ойын тізгінін өз қолдарында ұстады. Ал матчтың бірінші жартысының соңғы секундтарында Асқар Майдекин салған доптан кейін астаналық гандикап отыз ұпайдан асып кетті – 35:66.

Руслан Айткали

Үлкен үзілістен кейін екі команданың да ұпай еншілеу көрсеткіштері едәуір төмендеп кетті. Бірақ бәрібір біздің ойыншылардың басымдығы сезіліп тұрды. Үшінші кезеңнің бірінші жартысында екі команда да көп қателесті. Десек те, 10 ұпай еншілеп, кезең ортасында алаң иелерінен 34 ұпай озық тұрды. Осы кезеңнің аяғына дейін біздің команда тағы да бес ұпай олжалады. Ал үшінші кезеңнің қорытынды есебін онминуттықтың ең соңында Руслан Айтқали түйіндеді – 49:88. Соңғы кезең тең дәрежелі ойын өрнегімен өтіп жатты. Тым алысқа қара үзіп кеткен біздің команда арқаны кеңге салып, осы ойында жеңіске жететіндеріне бек сенімді болып, тізгін тартқандай болды. Содан кезеңнің бел ортасында голсыз іркіліс болып, ол біразға созылды. Оны Рустам Мырзағалиев үзіп, доға сыртынан үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсірді. Әрі оның ұпайлары біздің команданың кезекті рет жүз ұпай межесінен асып түсуіне мүмкіндік берді. Матч соңына дейін елорда ұжымы тағы да бірнеше шабуылын сәтті аяқтап, кезекті рет ірі жеңіске қол жеткізді – 68:109.

Салдары: Екі команда да турнир кестесіндегі өз орындарында қалды. “Астана” бірінші сатыға нық орналасса, “Ақтөбе” кестені тұйықтап тұр.

Максим Марчук


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» – бұл матчта алаңға шыққан ойыншыларымыздың бәрі де ұпай еншіледі, ал олардың жетеуі он және одан көп жинады. Ең тиімдісі Девин Марбл болды – 16 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 5 пас және 6 рет допты тартып әкетті. Рустам Мырзағалиев 14 ұпай еншілеп, 6 пас берді. Руслан Айтқали да 14 ұпай еншіледі. Асқар Майдекин мен Мартиньш Мейерс 11 ұпайдан жинады. Ал Антон Пономарев пен Максим Марчук 10 ұпайдан еншіледі.
  • «Актобе» – алаң иелері сапында Сергей Борматенков үздік болды – 17 ұпай және 6 рет доп қағып алды. Ал бәрінен де көп ұпай жинаған – Александр Папшив, 19 ұпай.


Келесі матч: «Ақтөбемен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 7 ақпан күні Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайы алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»