«Астана» өз алаңында «Автодордан» есе қайтара алмады

01.02.2021, 10:00    Оқылғаны: 525
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Саратовтың «Автодорымен» өз алаңында өткен матчты жоғары қарқында бастап, бірінші кезеңді +10 ұпай басымдықпен аяқтағанымен, «Астана» баскетбол клубы матчтың екінші бөлігінде қонақтарының есепті теңестіріп, тіпті жеңісті өңгеріп кетулеріне мүмкіндік беріп қойды.

Ортада лақтырылған допты біздің команда іліп әкетіп, бірінші шабуылда-ақ Мартиньш Мейерс есеп ашты. Қонақтар да қарап қалмай, «Автодор» бірден жауап қатып, тіпті алға да шығып кетті. Бұдан кейін Адонис Томас осы ойындағы бірінші үш ұпайлық доптың авторы атанды. Әрі “Астананы” алға шығарды. Жалпы, бастапқы бес минутта біздің команда еншілеген ұпайлардың барлығын дерлік дәл осы Адонис олжалап отырды. Әрі Роберт Пан үш ұпайлық соққысын нысанаға дөп түсірді. Алғашқы онминуттықтың ортасына қарай саратовтықтар 6 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Ал Николай Бажин мен Майкл Томпсонның орындауындағы іркес-тіркес сәтті шабуылдардан соң есеп айырмасы екі таңбалы санға жетті. Қонақтар бар күш-жігерлерін салып, есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Әрі олар оны аздап қысқартты да. Алайда «Автодордың» бұл талпынысын Девин Марбл тоқтатып, кезеңнің екінші жартысында көсіле сілтеді. Кезең соңында Майкл Томпсон тағы да үш ұпайлық доға сыртынан мергендік танытып, “Астана” басымдығын қайтадан екі таңбалы санға жеткізді – 29:19. Екінші кезеңде Девин Марбл біздің команданың он ұпай шамасындағы басымдығына өз үлесін қосты. Ал капитан Рустам Мырзағалиев өзінің үш ұпайлық соққысымен біздің команданың кішігірім серпілісін бастап, қонақтардан 17 ұпай айырмасымен қара үзе бастадық. Кезеңнің ортасында Мартиньш Мейерстің “басы дауға” қалды. Ол допты данк тәсілімен қонақтардың шығыршығына салған болатын, бірақ шығыршыққа ұмтылғанда ұқыптылық танытпады. Төрешілер біздің ойыншының ұпайларын есепке алмаумен ғана шектелмей, оған спортқа жат фол берді. Бұған қоса, біздің командаға техникалық фол берілді. Осылай, қонақтар үш айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды. Әрі одан кейін доп олардың иелігінде қалатын болды. Қонақтар бұл мүмкіндіктің бәрін толықтай жүзеге асырып, есеп айырмасын 10 ұпайға дейін қысқартты. Екі минуттан кейін саратовтықтар 6 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Матчтың бірінші жартысының аяғына дейін біздің команданың қоржынына Мартиньш Мейерс пен Джеремайя Хилл ұпайлар қосты, бірақ екі таңбалы санға тең басымдыққа қайтадан қол жеткізе алмадық. Ойынның бірінші жартысын Дмитрий Гаврилов түйіндеді – 48:41.

Адонис Томас

Майкл Томпсон матчтың екінші жартысын алыстан лақтырған кезекті дәл соққысымен бастады. Әрі біздің команданың басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. “Автодор” бұған да жасымай, өздерінің ойын өрнектерін түзей бастады. Әрі үшінші кезеңнің екі жарым минут ойын уақытынан кейін таблодағы есепті теңестірді. Әрине, бұл біздің жаттықтырушылар құрамына ұнаған жоқ, әрі Эмиль Райкович қонақтардың қарқындарын тежеу үшін және өз шәкірттерінің ойындарына өзгеріс енгізу үшін бір минуттық іркіліс алды. Үшінші кезеңнің ортасы толықтай ойын тізгініне таласумен өтті, командалар алма-кезек алға шығып, таразы басы бірнеше рет теңесті. Девин Марбл кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда есепті кезекті рет теңестірді. Өкінішке қарай, бұл біздің команданың осы кезеңдегі соңғы ұпайлары болып шықты. Ал саратовтық ұжым осы уақыт аралығында өз еншісіне 7 ұпай қосты. Осылайша, “Астана” төртінші кезеңге дейін қонақтарын алға шығарып қойды – 59:66. Үшінші кезең өте сәтсіз ойын бөлігі болып шығып, 7 ұпай айырмасымен ұтып жатқан командамаыз енді 7 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Төртінші кезеңдегі дода өте шиеленісті болды. Марбл мен Томас еншілеген ұпайлардан соң небәрі бес ұпай айырмасымен ұтылып жатқанбыз, бірақ “Автодор” дәл осы сусымалы басымдығын уысынан шығармады, тіпті “Астананы” өзіне бір табан жақындатпай қойды. Кезеңнің ортасына қарай, Майкл Томпсонның мүлтіксіз орындаған айып соққыларынан соң, есеп айырмасы 6 ұпайға дейін қысқарып еді, саратовтықтардың жаттықтырушылары бір минуттық үзіліс алатын құқықтарын қолданды. Бұл тайм-аут оларға майдай жағып, екі минутан кейін қонақтар 10 ұпайдан артық есеп айырмасымен алға озды. Уақыт болса, аз қалған. Бірақ жағдайды түзегеннің орнына, матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Мартиньш Мейерс ескерту алды. Бұл оның бесінші рет ереже бұзуы еді, яғни ол алаңнан аластатылды. Әйтсе де, Майкл Томпсон есеп айырмасын 7 ұпайға дейін қысқартып, дода көрігін соңғы рет қыздыра түсті. Ал матчтың аяқталуына бір жарым минут қалған болатын. Бірақ “Автодор” барлық күш-жігерімен матч соңын шиеленістіре түспеуге тырысты. Матчтың соңғы минуты тартысты ойын сәттеріне толы болды. Есеп айырмасы 10 ұпай болып тұрғанда, біздің команда барлық күш-қайратын жұмсады. Матчтың аяқталуына 9 секунд қалғанда Адонис Томас есеп айырмасын төрт ұпайға дейін қысқартты, бірақ уақыт өте аз қалған еді. Соңғы тайм-ауттан кейін “Астана” ойыншылары оларға Эмиль Райкович “сызып бергендердің” ешқайсысын жүзеге асыра алмады. Сөйтіп, өте маңызды жеңісті уыстарынан шығарып алды – 83:92.

Салдары: Екі команда да турнир кестесіндегі өз орындарында қалды: “Автодор” – жетінші, ал “Астана” – оныншы. Алайда біздің команда плей-офф аймағынан көп алыстап кетті.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Майкл Томпсон өз еншісіне 20 ұпай жазып, 3 рет доп қағып алды, 9 пас беріп, 2 рет допты тартып әкетті. Девин Марблдың еншісінде – 19 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 2 пас және 3 рет допты тартып әкетті. Адонис Томас 15 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Ал Мартиньш Мейерс бүгін 10 ұпай олжалап, 6 рет доп қағып алды және 2 пас берді.
  • «Автодор» – Желько Шакич дабл-дабл авторы атанды – 20 ұпай және 11 рет доп қағып алды. Евгений Минченко 19 ұпай, ал Нэйт Мэйсон мен Никита Михайловский 17 ұпайдан жинады.
 


«Астананың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— «Автодорды» жеңісімен құттықтаймын. Бүгін олар бізден жақсы ойнады, әсіресе матчтың екінші жартысында. Біз ойынның бірінші жартысын жақсы бастадық, бірақ одан кейін ескертулер алып, жағдайымыз қиындай түсті. Бүгін Оярс Силиньш ойнай алмады, сондықтан Желько Шакич бізге көп қиындық туғызды. Біздің бүгінгі жеңілісіміздің басты себебі осы болды деп ойлаймын.

«Автодордың» бас бапкері — Горди Херберт:
— Мен өз ойыншыларымды мақтан тұтамын. Біз өткен аптада неше түрлі қиындықтарға тап болдық. Кейбір ойыншыларымыз ауырып қалып, толыққанды жаттығу жұмыстарын өткізе алмады. Нұр-Сұлтанға жету үшін бізге 30 сағат қажет болды. Бірақ мұның бәріне қарамастан, бүгін маңызды жеңіске қол жеткіздік. Өз жігіттерімді тамаша нәтижемен және ойындарымен, әсіресе соңғы 25 минуттағы жанкештіліктерімен құттықтаймын.
 


Келесі матч: Астана баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасындағы қарсыластарын өз алаңында қабылдауын одан әрі жалғастырады. 4 ақпан күні Нұр-Сұлтанға қарымта матч өткізу үшін Красноярскінің «Енисей» командасы келеді. Ал ақпан айыны бірінші демалысын біздің жігіттер Ақтөбеде өткізіп, осы қаланың өзі аттас командасымен Ұлттық лига аясында екі мәрте кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»