«Астана» есеп айырмасынан маусым рекордын жаңартып, «Алматы Легионын» күйрете жеңді

27.01.2021, 10:00    Оқылғаны: 351
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Солтүстің және оңтүстік астаналар арасындағы екі матчтық кезекті дода «Астана» баскетбол клубының қарсыласын күйрете жеңуімен басталды. «Алматы Легионының» жаңарған құрамы елорда ұжымының дүлей шабуылдарына төтеп бере алмады, ал біздің жігіттер есеп айырмасы бойынша маусым рекордын жаңартты. Осы орайда, Эмиль Райковичтің бұл матчқа тек Қазақстан ойыншыларын шығарғанын айта кетуге тиіспіз.

Есепті Роберт Пан ашты, ол біздің команданың ғана емес, осы ойындағы алғашқы алты ұпайды бір өзі еншіледі. “Алматы Легионы” бес минуттың ішінде бес ұпай алды, бірақ бұл кезде олар 10 ұпай айырмасымен ұтылып жатқан. Елорда командасы қарқындарын бәсеңсітпей, ойын тізгінін өз қолдарында ұстады. Бірінші кезеңнің соңғы минутында Вадим Щербак біздің басымдығымызды жиырма ұпайға жеткізді. Әрі бұл кезең «Астананың» үстем түсуімен аяқталды – 34:13. Екінші кезеңде де Эмиль Райковичтің шәкірттері айылдарын жимай, басымдық танытты. Бірақ жалпылама алғанда, ұпай еншілеу едәуір бәсеңсіп қалды. “Алматы Легионы” тәжірибесі мол “Астанаға” қарсы ешқандай қайрат көрсете алмай, есеп айырмасы минут сайын алшақтай берді. Кезеңнің жетінші минутында Дмитрий Гаврилов есеп айырмасын 30 ұпайға жеткізді. Ал матчтың бірінші жартысының нүктесін Максим Марчук қойды – 57:20.

Рустам Мырзағалиев

Матчтың екінші жартысының басында Рустам Мырзағалиев бірден “Астана” басымдығын қырық ұпайға жеткізді. Ал үшінші кезеңнің ортасына қарай, Максим Марчуктың кезекті дәл соққысынан кейін есеп айырмасы елу ұпайдан да асып кетті. Үшінші кезеңде алматылықтар небәрі 11 ұпай еншіледі. Ал біздің команда осы уақытта өз есебіне одан он ұпай артық қосты – 21 ұпай. Соңғы кезеңнің басында командалар арасы тым алшақ болды – 78:31. “Алматы Легионы” қолынан келгеннің бәрін жасап, мейілінше тырысты-ақ, бірақ командалар деңгейі жер мен көктей болып шықты. Матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда Николай Бажин елорда командасының басымдығын алпыс ұпайға дейін жеткізді. Ал бір минуттан кейін ол біздің команданың осы ойындағы ұпай қорына жүз бірінші ұпайды салды. Әу бастан-ақ, екі команданың құрамы дайындық және тәжірибе деңгейі жағынан мүлде екі түрлі екені байқалған. Алайда ойынның аты ойын, “Астана” бүгін “Алматы Легионын” тас-талқан қылды – 109:41.

Салдары: Турнир кестесінің бірінші сатысын меншіктеген “Астанаға” енді ешқандай қауіп жоқ, ал “Легион” осы жеңілісінен кейін бір саты төмендеп, төртінші орынға ығысты.

Anton Ponomarev

Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» – бүгін алаңға шыққан біздің ойыншылардың бәрі де ұпай еншіледі. Өз еншісіне ең көп ұпай жазан Роберт Пан болды – 21 ұпай және 8 рет доп қағып алды. Антон Пономарев дабл-дабл авторы атанды – 13 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 10 пас және 3 рет допты тартып әкетті. Руслан Айтқали еншісінде – 14 ұпай және 8 рет доп қағып алды. Николай Бажин 12 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды, 6 пас беріп, 2 рет допты тартып әкетті. Ал Вадим Щербак 17 ұпай жинады.
  • «Алматы Легионы» – алматылықтар сапында ең үздік ойыншы Даниель Альбрант болды, ол бүгін дабл-дабл орындады – 16 ұпай, 10 рет доп қағып алды және 2 блокшот.


Келесі матч: «Алматы Легионымен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 27 қаңтар күні Щучинскідегі «Жақсы – 2» спорттық базасы аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»