«Астана» «Енисеймен» кездесуге Красноярскіге кетті

23.01.2021, 10:00    Оқылғаны: 612
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында жаңа жылдағы бірінші түздегі ойынын Красноярскіде өткізіп, биылғы маусымда алғаш рет жергілікті «Енисей» клубымен кездеседі. Матч жексенбі күні, 24 қаңтарда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де.

«Енисей» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск қаласынан, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Ресей суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей суперлигасындағы «Б» дивизионыны күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2011


Команда құрамы:

“Енисей” маусым аралығында алты ойыншымен ғана келісімшартқа отырды. Олардың – бесеуі ресейлік, ал біреуі америкалық ойыншы. Красноярскіде қалған легионер Дастин Хог болатын. Ал Ресей ойыншыларынан команда құрамында Артем Комиссаров, Александр Гудумак, Иван Викторов, Илья Попов және Сергей Митусов қалды. Алайда Красноярск командасының белді ойыншыларынан хорват Томислав Зубчич, серб Никола Ребич, америкалықтар Гарлон Грин мен Чавон Льюис, сондай-ақ ресейлік Денис Захаров кетіп қалды. Соңғысы петерборлық “Зенитке” ойысты.

Енисей баскетбол клубы 2020/2021

Красноярск командасының құрамын төрт америкалық ойыншы толықтырды. Тәжірибелі қорғаушы Кэррон Джонсон өзінің кәсіби карьерасын Жаңа Зеландияның “Нью Зиланд Брейкерс” командасы сапында бастаған. Одан кейін Еуропаға ойысып, Германияның “Риезен Людвигсбург”, Францияның “Руен”, Польшаның “Доброва Горница”, Италияның “Пистойа”, Румынияның “Клюй”, сондай-ақ Израильдің “Хапоэль Беер Шева” секілді командалары сапында өнер көрсеткен. Қорғаушы Джордан Метьюс кәсіпқой аренадағы алғашқы ойынын NBA Жетілу лигасындағы “Эри БэйХоукс” командасы сапында өткізген. Бұдан соң екі маусым Еуропада ойнады – Данияның “ФОГ Нэйствед” және Италияның “Ваноли Кремона” клубтарында. Шабуылшы Лейтон Хэммондс “Енисейге” дейін үш маусым еуропалық клубтарда шыңдалды: Финляндияның “Нокиа”, Венгрияның “Керменде” және Польшаның “Гдыня Арка” клубтарында. Қорғаушы Таюс Бэттл бұған дейін бір маусым ғана кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, NBA Жетілу лигасындағы “Айова Вулвс” сапында ойнаған. Сонымен қатар, командаға ресейлік алты ойыншы қосылды. Қорғаушы Михаил Кулагин “Триумфтан” бастап, одан кейін ЦСКА сапында соңғы бес маусымды өткізді. Орталық шептегі Сергей Балашов “Енисейге” дейін “Локомотив-Кубань” мен “Зенит” сапында ойнаған. Қорғаушы Тимофей Якушин ЦСКА жүйесінің түлегі, кәсіби карьерасын “Химкиде” бастаған, ал былтырғы маусымды ПАРМА сапында өткізген. Сондай-ақ команда өз құрамына үш жас ойыншы тіркеді: қорғаушы Дмитрий Соньконы және шабуылшылар Иван Ващенко мен Артем Шлегелді.

Бас бапкер:

Красноярскіліктердің жаттықтырушылары құрамы былтырғы маусыммен салыстырғанда мүлде өзгерген жоқ. Красноярск командасының бас бапкері қызметінде – сол бұрынғысынша хорват маманы Дражен Анзулович. Оған сол бұрынғысынша ресейлік жаттықтырушылар Павел Дергачев және Сергей Васильев көмектеседі.

Дражен Анзулович

Команда көшбасшылары:

Дәл қазір команданың ең көп ұпай жинаған ойыншысы Михаил Кулагин болып саналады, ал ең тиімді ойыншысы – Дастин Хог. Бірақ соңғы ойында ол алаңға шыққан жоқ. Сонымен қатар, команданың негізгі құрамында легионерлер Лейтон Хэммондс, Таюс Бэттл және Кэррон Джонсон ойнайды. Әрі алаңға үнемі Артем Комассаров, Сергей Балашов, Илья Попов және Сергей Митусов шығып тұрады.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Енисей” биылғы маусымда 11 ойын өткізіп, әзірше бір рет қана жеңіске жетті. Осы нәтижесімен дәл қазір турнир кестесін тұйықтап, 13-орынға табан тіреп тұр. “Астана” да 11 ойын өткізген, бірақ 4 рет жеңіске жетіп, оныншы орынға орналасқан. Тағы да атап өтуге тиіспіз, “Енисей” алты рет қатарынан жеңіліске ұшырады. Бірнеше ойында, әсіресе “Автодор” және “Нижний Новгород” клубтарымен түзде өткен матчтарда қарсыласымен тайталасып, тиісінше 6 және 4 ұпай айырмасымен ғана ұтылса, соңғы Красноярскіде ПАРМАмен өткен ойында күйрей ұтылды – минус 34 очка. “Астана” керісінше, соңғы ойындарын тәп-тәуір өткізіп жүр. Әуелі біздің жігіттер Пермдегі түздегі ойында жеңісті жұлып алды, одан кейін өз алаңымызда ұтылып қалса да, турнир кестесіндегі қазіргі көшбасшы, петерборлық “Зенитпен” табан тіресе тайталасты, ал биылғы жылды жеңіспен бастап, “Локомотивті” тізерлетіп, көпшілікті таң қалдырды.

Кездесулер тарихы:

“Астана” мен “Енисей” ВТБ Бірыңғай лигасы аясында 12 рет кездесті, әрі дәл қазір екеуара жалпы есеп тең – 6:6. Бірақ бұл матчтардан бөлек, екі команда жолдастық кездесу де өткізген, онда “Астана” жеңіске жеткен болатын.

Қызықты деректер:

  • ВТБ Бірыңғай лигасындағы екеуара матчтарда екі команда иық тіресіп тұр, яғни жеңістерінің сандары – бірдей. Ендеше, алдағы ойыннан соң біреуі өзара кездесулер қорытындысында алға шығады.
  • Екі команда арасындағы соңғы үш ойын біздің команданың жеңісімен аяқталған.


Матч жексенбі күні, 24 қаңтарда Красноярскідегі «Арена Север» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»