Жеңілісі жиілеп кеткен «Астана» түзде «Парманы» шектен тыс шиеленісті ойында ұтты

18.12.2020, 10:00    Оқылғаны: 117
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, түзде «Пармамен» өткен ойыны триллер жанрының үздік туындысындай болып, аяғындағы шектен тыс шиеленісті дода елорда командасы жанкүйерлерінің жүйкелерін біраз жұқартты да. Әйткенмен, біздің жігіттер алаң иелерінен маңызды жеңісті жұлып алды, ал Джеремайя Хилл бір ойында үш ұпайлық доп салудан өз рекордын жаңартты!

Алаң иелері ортада лақтырылған допты іліп әкетті де, бірінші шабуылда-ақ допты алыстан шығыршыққа дөп түсірді. Бірақ «Астана» да қарап қалмады, Майкл Томпсон қарсы шабуылда өзінің үш ұпайлық соққысымен есепті теңестірді. Бұдан кейінгі екі минутта алаң иегерлері алға қарай лап қойды, бірақ біздің жігіттер де олардан қалыспады, алайда соққыларын дөп түсіру жағы кемшін болды. Мұның пермдіктерге пайдасы зор болды. «Парма» ойыншылары барлық соққыларын мүлтіксіз орындап, матчтың басталғанына үш минут өткенде, «Астана» тоғыз ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Оярс Силиньш қамшыны басып, допты алыстан дәл түсіргенде, жағдай өзгеріп сала берді. Бірінші кезеңнің ортасында пермдіктер сегіз ұпай айырмасымен алда тұрды. Бірақ Силиньштің тағы үш ұпайлық дәл соққысынан кейін «Астана» есеп айырмасын бес ұпайға дейін қысқартттты. Бірақ пермдіктер сыр бермеді, олар есеп айырмасын қайтадан үлғайта бастады. Екі минуттай уақыттан кейін есеп айырмасын осы матчта бірінші рет екі таңбалы санға жеткізді. Осы кезде Джеремайя Хилл бүгінгі матчтағы өзінің алыс қашықтықтан дөп түсірген доптарының алғашқысын салып, алаң иелерінің қарқындарын басты. Бірақ матч басында есе жіберіп алғанымыздың кесірінен бірінші кезең 24:16 есебімен аяқталды. Алда – алаң иелері. Екінші кезеңдегі алғашқы шабуылда Майкл Томпсон «Астананы» жігерлендіріп, доп додасын қайтадан қыздыра түсті. Осы кезеңнің үшінші минутында Адонис Томас есепті теңестірді, содан кейін бірінші рет осы матчта біздің команданы алға шығарды. Алайда, алаң иелері де айылдарын жимай, қарқындарын үдете түсті. Кезеңнің ортасында Оярс Силиньш тағы да алыс қашықтықтан мергендік танытты, әрі оған қарсы ойын ережесі бұзылып, айып соққысын да мүлтіксіз орындады. Осы төрт ұпай таблодағы есепті тағы да теңестірді. Доп додасы алма-кезек шабуылға ұласып, алыстан лақтырылған доптар нысанаға дөп түсе бастады. Үлкен үзіліске екі жарым минут қалғанда Адонис Томас «Астананы» қайтадан алға шығарды. Джеремайя Хилл құйындай орап соғып, матчтың бірінші жартысының соңына дейін тағы да үш ұпайлық соққысының екеуін шығыршыққа дөп түсірді. Мартиньш Мейерс пен Вадим Щербак та доға сыртынан нысананы дәл көздеді. Матчтың бірінші жартысы 45:51 есебімен аяқталды. Алда біздің жігіттер еді. Бірақ төрешілер кеңесіп және бейнеқайталауды мұқият қарап шығып, «Астана» ойын ережесін бұзғаны үшін алаң иелерінің екі айып соққысын орындауларына мүмкіндік берді. Олар екеуін де мүлтіксіз орындады. Осылайша, кездесудің бірінші жартысы 47:51 есебімен аяқталды.

Джеремайя Хилл

Төрт ұпай айырмасы ештеңе шешпейтін басымдық еді. Мұны әрі пермдіктер тез дәлелдеп, матчтың екінші жартысының басында үш ұпай еншіледі. Енді “Астана” жеңісті есепті уысынан шығарып алмауға тырысумен болды. Ал командалар арасы үшінші кезеңнің бастапқы минуттарында үш ұпайдан бір ұпайға дейін тербеліп тұрды. Әйтсе де, «Парма» мақсатына жетіп, қайтадан алға шықты, бірақ ұзақ уақытқа емес. Марбл мен Силиньштің нәтижелі шабуылдарынан кейін таразы басы қайта тең болды. Ал сұрмерген Джеремайя Хилл «Астананы» қайтадан алға шығарды. Алаң иелері де тізгіндерін тартпай, біздің жігіттердің өкшесіне түсті. Үшінші кезеңнің соңына дейін есеп қайта теңесті. Бірақ Джеремайя қолды-аяққа тұрмай, атой салып, бүгін доға сыртынан қауіп төндіркмен болды. Тағы да шығыршықты алыстан дәл көздеп, үш кезеңнің нүктесін қойды – 67:70. Айта кетуіміз керек, Хилл осы үш ұпайлық соққысымен өз карьерасындағы жеке рекордын жаңартты. Енді оның бұл көрсеткіші бір ойында жеті үш ұпайлық соққы болды. Ал доп додасы бәсеңсімей, қыза түсті. Әрине, бұл ойыншылардың жүйкелеріне де әсер етпей қойған жоқ. Әр ұпай алтынға те болып, ұпай еншілеу мүлдем қиындай түсті. Бапкерлер де өз ойыншыларын мейілінше тактикалық баскетбол үлгісінен ауытқымауды талап етумен болды. Есеп өте баяу қарқынмен ұлғайды. Бес минутта екі команда он үш ұпай ғана еншіледі – «Парма» жеті, ал “Астана” алты ұпай. Бұл ұпайлардың бәрі де табан тірескен додада олжаланды. «Астана» сапында Девин Марбл мен Мартиньш Мейерс көзге түсті. Матчтың аяқталуына үш минуттан сәл ғана асатын уақыт ішінде алаңда қызықты көп жәйт жүзеге асты. Бірақ Майкл Томпсонның екі айып соққысын мүлтіксіз орындағанын санамағанда, командалар соқыр ұпай да еншілей алмады. Күйгелектілік байқала бастады, соңғы бір жарым минутта жүйкесі сыр бермеген ұжымның бағы жанары сезіліп тұрды. Девин Марбл екі ұпай олжалап, “Астана” басымдығын алты ұпайға жеткізді. Алайда «Парма» іле-шала шығыршықты алыстан дөп көздеді. Эмиль Райкович кезекті рет тайм-аут алып, өз шәкірттерінің ойын өрнектеріне түзету енгізуге тырысты. Ал матчтың аяқталуына бір минуттан астам ғана уақыт қалған болатын. «Астананың» тактикалық үзілісінен кейін бәрі де шыр айналып, тез өте бастады. Томас пен Мейерс алаң иелерінің қорғанысын бұзып, есеп айырмасын +5 ұпайға жеткізді. Бірақ пермдіктер көзді ашып-жұмғанша үш ұпайлық соққымен есеп айырмасын қайтадан сусымалы жағдайға тіреді. Матчтың аяқталуына отыз секунд қалғанда біздің команда бір ұпай айырмасымен ғана алда тұрды. Сондықтан соңғы шабуылда уақыт толығымен қолданылды, бірақ допты шығыршыққа түсіру мүмкін болмады. Қайтқан допты «Парма» ойыншылары қағып алғандарымен, алаңның екінші жартысына дейін жетіп, шабуыл ұйымдастыруға мүлдем уақыт қалмаған еді. Сол себепті, допты өз алаңдарынан лақтырған, бірақ ол нысанаға жетпеді. Матч қорытындысы – 83:84. “Астана” жеңіске жетті.


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Парма» – пермдіктердің қорғаушылары Лоренцо Уильямс пен Адас Юшкявичус бүгін 15 ұпайдан еншіледі, әрі Лоренцо 5 рет доп қағып алып, 5 пас берді, ал Адас 6 пас берді. Шабуылшылары Марекс Мейерис пен Эйгирдас Жакаускас бұл матчта доп қағып алудан алдарына жан салмады – 8 рет. Әрі Марекс 9 ұпай, ал Эйгирдас 11 ұпай еншіледі.
  • «Астана» – Джеремайя Хилл үш ұпайлық соққыларын дөп түсіруден өз карьерасындағы жеке рекордын жаңартып, 7 доп салды және 21 ұпай еншіледі, сондай-ақ ол 3 рет доп қағып алды, 5 пас берді, 3 рет допты тартып әкетті, 1 блокшот қойды. Девин Марбл бүгін өзіне сенімді болып, нәтижелі ойын үлгісін көрсетті – 16 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 3 пас. Мартиньш Мейерс шығыршық түбінде жанкештілік танытып, матч соңында өте маңызды ұпайлар еншіледі – 14 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 3 пас, 1 блокшот. Оярс Силиньш бірінші кезеңде біздің команданы алға сүйреумен болды – 12 ұпай, 4 рет доп қағып алды. Майкл Томпсон «қара жұмысты» көп атқарып, шүмектетіп тер төкті – 9 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 5 пас. Адонис Томас қиын-қыстау кезеңде ойынды өз қолына алып, біздің команданы үнемі алға сүйреумен болды – 7 ұпай, 3 рет доп қағып алды.


«Парманың» бас бапкері Казис Максвитис:
— Біз ұтылдық, ал мен жаттықтырушы ретінде бұл жеңілісті өз мойныма алуым керек. Команда аянған жоқ, бірақ, өкінішке қарай, менталитетіміз дұрыс болмады. Шабуылда, қорғанысқа қарағанда, белсенді болдық. Матч басында қорғаныста сауатты ойнап, қорғанушы команда менталитетімен әрекет еткен ұжы жеңңске жетеді деп айтқанмын. Бүгін көп қате жібердік. Біз мұны түзеуіміз керек. Келесі ойынға дайындаламыз.

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Парманы» өрнекті ойыны үшін құттықтағым келеді. Трибуналары көрерменге толы «Молотта» ойнаудың өзі үнемі жанға жағады. Бұл тамаша жағдай ауыстыру болды. Біз біраз қиындықты басымыздан кештік. Бұл біздің толық құрамда ойнаған екінші ойынымыз ғана шығар. Ойын үстінде жіберген қателіктеріміз де болды, бірақ команда бұл жолы мейілінше жинақылық көрсетті. Шабуылда белсенді болып, жоспардан ауытқымай ойнадық. Бұл біз үшін өте маңызды жеңіс, әрі келесі матчта бұдан да үздік ойын үлгісін көрсетеміз деп үміттенемін. 

Келесі матч: тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл соңына дейін Эмиль Райковчтің командасы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында тағы бір матч өткізеді. 26 желтоқсанда, жексенбі күні, біздің жігіттер өз алаңымызда лига көшбасшысы петербордың «Зенит» клубын қабылдайды.



Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»