ВТБ Бірыңғай лигасы – «Астана» өз алаңында «Нижний Новгородтан» ұтылды

05.12.2020, 20:00    Оқылғаны: 363
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының командасы ВТБ Бірыңғай лигасындағы «Нижний Новгород» клубымен өз алаңында өткен матчың басым бөлігінде қонақтарын қуып жетуге тырысып, үнемі олардың өкшесін басып отырса да, бәрібір жеңісті жұлып ала алмады.

«Астана» ортаға қайта лақтырылған допты іліп әкеткенімен, бұл матчтағы алғашқы ұпайларды қонақтар еншіледі. Мартиньш Мейерс келесі шабуылда-ақ біздің команданың да есебін ашты, әрі ол ойын басында көзге ерекше жиі түсті. Нижегородтықтар матч басында біршама абдырып та қалды, содан төртінші минутта олардың шығыршығына оныншы ұпай салынып, алты ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алайда, бұдан кейін, өкінішке қарай, “Астананың” ойыны үйлеспей қойды. Төрт минуттай уақыт бойы біздің ойыншылар қонақтардың шығыршығына доп түсіре алмай, дал болды және доптан жиі айырылып қала берді. Ал қонақтардың ойын өрнектері, керісінше, түлеп сала берді. Әрі олар осы минуттарды өз кәделеріне жаратып, алты ұпай айырмасымен ұтылып жатқан команда енді төрт ұпай басымдықпен алға оза бастады. Ақыры, “Астана” голсыз өткізген тынышқтығын үзіп, Джеремайя Хилл айып соққысын мүлтіксіз орындады. Бірақ бұл ойын өрнегіне өзгеріс енгізе алмады. Қонақтар алда ойқастаумен болды. Рас, есеп айырмасы соншалықты ұлғайған жоқ. Бірінші кезеңнің аяқталуына бір минут қалғанда астана ұжымы жеті ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Жалпы, бірінші он минуттың нүктесін Девин Марбл қойды, 15:20 – алда нижегородтықтар. Екінші онминуттықтың басында «Нижний» көсіле сілтеді, бір жарым минуттан кейін олар біздің жігіттерімізден он ұпайдан артық есеп айырмасымен қара үзе бастады. Он ұпайға жуық есеп айырмасы екі минуттай сақталып тұрды, бірақ одан кейін Майкл Томпсон бұл ойында “Астана” сапынан бірінші болып алғашқы үш ұпайлық соққыны сәтті орындады. Ал Девин Марблдың екі ұпайлық добынан кейін есеп айырмасы үш ұпайға дейін қысқарды. Әйтсе де, Эмиль Райковичтің шәкірттері қонақтарды қуып жете алмай қойды. Есеп айырмасы 3-6 ұпай арасында тербеліп тұрды. Ал матчтың бірінші жартысының аяқталуына бір минут қалғанда, “Астана” небәрі екі ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Бірақ біздің жігіттер қанша тырысса да, өз шабуылдарын сәтті аяқтай алмай қойды. Ал “НН” болса, тағы төрт ұпай олжалап, матчтың бірінші жартысы 35:41 есебімен аяқталды. Алда – қонақтар.

Адонис Томас

Алты ұпай – бұл үлкен айырма емес. Бірақ біздің команда таразы басын теңелте алмады. Ол аз болғандай, нижегородтықтар өз басымдықтарын лезде екі таңбалы санға қайта жеткізді. Девин Марблдың ұпайлары есеп айырмасына соншалықты әсер ете қоймады. Бірақ Джеремайя Хиллдің үш ұпайлық соққысынна кейін есеп айырмасы бес ұпайға дейін қысқарды. Алайда “Астана” тағы да қарсыласын қыспаққа ала түсіп, есепті теңестіре алмады. “НН” қайтадан екі таңбалы есеп айырмасына қол жеткізіп, оны берік ұстап тұрды. Үшінші кезеңнің аяқталуына екі минуттай қалғанда, Джеремайя Хилл әдемі данкпен дода көрігін қыздыра түсті. Бірақ бұл да жалпы жағдайға көп әсер ете қоймады. Осы кезеңдегі соңғы ұпайларды қонақтардың баскетболшылары еншілеп, матчтың төртінші ширек бөлігі алдында біздің жігіттерден он екі ұпай айырмасымен ұзап кетті – 49:61. Бұл да команданың сағын сындыратын есеп айырмасы емес-тін. Жағдайды түзеу үшін “Астанаға” екпін алу қажет еді. Алайда, өкінішке қарай, мұны іс жүзінде орындаудан айту ғана оңай болып шықты. Әрі екпінді “Нижний Новгород” ала бастады. Олардың басымдығы бірте-бірте жиырма ұпайды да жуықтай бастады. Мартиньш Мейерс екі нәтижелі шабуылымен есеп айырмасын аз да болса, қысқарта түсті. Әйткенмен, бір жарым минуттан кейін таблодағы есеп “Астана” үшін «–19» болып тұрды. Қазақстан командасының ойыншылары намысты қолдан бермеуге тырысты, бірақ қонақтар жеңісті уыстарынан шығармай, он бес ұпай айырмасын сақтап тұрды. Дмитрий Гаврилов ойын соңында көзге түсіп, бірнеше шабуылды сәтті аяқтап шықты. Десек те, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда “Астана” он ұпаймен ұтылып жатты. Бұдан кейін ешқандай да оқыс серпіліс жүзеге асқан жоқ, матчтың аяқталуына бес секунд қалғанда Девин Марбл ойын нүктесін қойды – 69:79. “Астана” жеңіліске ұшырады.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Девин Марбл біздің команда сапындағы ең көп ұпай жинаған ойыншы болды. Оның еншісінде – 16 ұпай, 7 рет доп қағып алды. Матч басында көзге түсіп, бүкіл ойын бойы жанкештілік танытқан Мартиньш Мейерсу 14 ұпай еншілеп, 8 рет доп қағып алды, 3 блокшот қойды. Дмитрий Гавриловта – 11 ұпай және 5 рет доп қағып алды. Ал Майкл Томпсон бүгін 10 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды, 5 пас берді.
  • «Нижний Новгород» – нижегородтықтардың капитаны Евгений Бабурин бүгін өз еншісіне 15 ұпай қосып, 5 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 4 рет допты тартып алды. Артем Комолов пен Антон Астапкович 13 ұпайдан еншіледі.


«Астананың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
– «Нижний Новгородты» жеңісімен құттықтаймын. Қарсыласымыз бізден асып түсіп, жеңіске лайық болды. Біз өз ойынымыздың ырғағын таба алмадық. Өйткені, бір ай бойы ВТБ лигасында ойнаған жоқпыз. Біздің ойыншылар бұл ойында «жұмсақтық» көрсетіп, шабуылдаудың ретін таппады. Негізі, біз дайындалған едік. Біз бұл жеңілістен сабақ алуға міндеттіміз.

«Нижний Новгородтың» бас бапкері — Зоран Лукич:
— Командамызды жеңісімен құттықтаймын. Бірақ ойын сапасын да ұмытпауымыз керек. Міне, дәл осы біздің командада аса жоғары деңгейде болған жоқ. Төртінші кезеңде бірнеше аллей-уп орындамақ болып, мүлт кеттік. Бұл біздің командаға жақсы сабақ болады деп ойлаймын.


Келесі матч: біздің жігіттер тағы да ұзақ уақыт үйлерінде болмайды. Әуелі, яғни 8 және 9 желтоқсан күндері оңтүстік астанаға барып, Ұлттық лиганың биылғы маусымында бірінші рет «Алматы Легионымен» додаға түседі. Ал ВТБ Бірыңғай лигасыдағы келесі ойынын 14 желтоқсанда өткізіп, астана командасы түзде Польшаның «Зелена Гура» клубымен кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»