«Астана» түздегі сапарын Ақтауда «Каспийді» күйрете жеңумен бастады

23.11.2020, 10:00    Оқылғаны: 33
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» баскетбол клубы Ұлттық лигадағы кезекті ойындарын өткізу үшін Ақтауға барып, бірінші күнгі матчта көп ұпай еншілеген (бір ойындағы) өз рекордын жаңартты. Біздің жігіттер кездесудің басынан аяғына дейін үстемдік құрып, «Каспийді» кезекті рет күйрете жеңді. Эмиль Райкович легионерлерден Джеремайя Хилл мен Девин Марблге сенім артқан болатын.​

Бұл ойында Дмитрий Гаврилов есеп ашып, әрі бірінші шабуылды “энд уан” орындаумен түйіндеді. Одан кейін Николай Бажин “Астана” басымдығын еселей үсті. “Каспий” шамасының жеткенінше тайталасып бақты, бірақ ойынның басталғанына үш минутқа да жетпейтін уақыт өткенде, Джеремайя Хилл есеп айырмасын он ұпайға жеткізді. Алаң иелері біздің жігіттердің өте жоғары қарқындағы шабуыдарына төтеп бере алмай, минут сайын есеп айырмасы ұлғая берді. Бірінші кезеңнің алтыншы минутында-ақ “Астана” отыз ұпай еншілеп, жиырма ұпайдан артық есеп айырмасымен қара үзіп кетті. Алаң иелері естерінен танып қала жаздаса да, бірінші кезеңнің аяғында еңселерін тіктеп, біздің командамен тайталаса бастады. Десек те, олар он минут уақыт ішінде 22 ұпай айырмасымен ұтылды. “Астана” бірінші кезеңде рекордты көрсеткішке қол жеткізіп, 41 ұпай еншіледі. Командалық ойын үлгісін паш етіп, жоғары нәтиже көрсетті. Біздің команда екінші кезеңде де көсіле сілтеді. Әйткенмен, шабуылдағы мүмкіндіктерінің бәрін жүзеге асыра алмады, есесіне қорғаныстағы ойын өрнектерін едәуір жақсарта түсті. Бұл кезеңнің бел ортасына қарай есеп айырмасы 30 ұпайға жетті. Сарғыш-көкшіл түстілер тізгіндерін тартпай, қарсыластарынан одан әрі ұзай түсті. “Каспий” екінші онминуттықта небәрі 7 ұпай ғана еншіледі. Андрей Литвиненко үш ұпайлық дәл соққысымен осы кезеңдегі жиырма алтыншы ұпайымызды қоржынға салды, ал есеп айырмасын бақандай 40 ұпайға жеткізді – 27:67.



Әлі жиырма минут ойнау керек болса да, Эмиль Райковичтің командасының жеңіске жететіндігіне енді күмән келтіру мүмкін емес еді. Өйткені 40 ұпай айырмасы – бұл әжептәуір үлкен басымдық. Оның үстіне, “Астана” айылын жияр сыңай танытар емес. Ақтау командасы үшінші кезеңде нәтижелі ойын үлгісін көрсетті. Бірақ бәрібір де Нұр-Сұлтаннан келген қонақтарына төтеп бере алмады. Кезеңнің ортасында “Астана” көсіле шауып, ұпай қорын молайта түсті. Ал “Каспий” болса, олардың ұмтылыстарына нәтижелі шабуылмен жауап бере алмай қалды. Үшінші кезеңнің аяқталуына үш минут қалғанда “Астана” 50 ұпайға жуық есеп айырмасымен ұтып жатты. Матчтың осы ширек бөлігі аяқталғанда таблодағы есеп 49:96 болып, астана командасы қара үзіп кетті және ақтаулықтарда ешқандай мүмкіндік болған да жоқ. Соңғы он минутта біздің команда қарқынын біршама бәсеңсітті. Әйтсе де, төрт минутқа жуық уақыттан соң Асқар Майдекин біздің команданың ұпай қорын үш таңбалы санға жеткізді. Әрі қарай “Астана” қарқынын бәсеңдетпей, кезекті ірі жеңісіне адымдай түсті. Алаң иелері төртінші кезеңді сәтті аяқтап, үш ұпай айырмасымен басым түсті. Бірақ бұл жалпы матч қорытындысындағы ұтылыстарының көлеңкесінде қалды. “Астана” бұл ойында ірі жеңіске жетіп, бір ойында ұпай еншілеуден Ұлттық лиганың биылғы маусымында жаңа рекорд орнатты – 66:110.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Каспий» – бұл жолы да Ақтау командасы сапында америкалық Колин Доэрти өзінің көшбасшылық қабілеттерін паш етті. Ол өз командасы сапында ең көп ұпай еншілеген және тиімді ойыншы болды – 20 ұпай, 4 рет доп қағып алды және 2 рет пас беріп, 2 рет допты “қиып” әкетті. Қазақстандық Валерий Симонов 12 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды және 2 рет допты “қиып” әкетті.
  • «Астана» – Джеремая Хилл бүгін алаңда жиырма минутқа да жетпейтін уақыт өткізді, бірақ сонда да өте нәтижелі ойын үлгісін көрсетті – 26 ұпай, 4 рет доп қағып алып, 4 рет допты “қиып” әкетті, сондай-ақ 9 пас берді. Роберт Пан “Астана” сапында ең көп ойнаған ойыншы болды – жиырма алты минуттан артық уақыт ойнап, 16 ұпай еншіледі, 5 рет доп қағып алып, 2 пас берді, сондай-ақ 1 блокшот. Девин Марбл бүгін 13 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды. Асқар Майдекин өз еншісіне 11 ұпай жазып, 4 рет доп қағып алды. Ал Дмитрий Гаврилов 9 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды және 4 нәтижелі пас берді.

Салдары: «Астана» жеңіліссіз ойындарын одан әрі сабақтап, турнир кестесінің бірінші сатысындағы жағдайын нығайта түсті, ал «Каспий» осы рейтингтегі соңғы орында қалды.

Келесі матч: «Каспий» командасымен екеуара екінші ойын ертең, яғни 23 қараша күні Ақтаудағы «Батыр» спорт кешені алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:00-де.

Detailed information about the tournament, tournament tables, schedule and match results are published in the Tournaments section.


"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры