«Астана» Ұлттық лига аясында «Каспийге» қонаққа барады

21.11.2020, 18:00    Оқылғаны: 267
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Қазақстан кубогында жеңіске жеткен «Астана» баскетбол клубы бірден Ақтауға аттанып, жергілікті «Каспий» командасымен Ұлттық лига аясында жауапты екі матчтық додаға түсуге кетті. Бұл ойындар 22 және 23 қараша күндері өтеді. Жексенбі күнгі матч астана уақытымен 19:00-де, ал дүйсенбідегі ойын 18:00-де басталады.

«Каспий» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Ақтау қаласынан. 2008 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2014/2015, 2016/2017
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2012, 2013, 2017

Каспий баскетбол клубы 2020/2021

Ұлттық лиганың биылғы маусымы басында “Астана” “Каспийді” өз алаңында қабылдаған. Міне, енді бір айға да толмайтын уақыттан кейін біздің команда жауапты кездесулерін өткізу үшін Ақтауға қонаққа бара жатыр. Естеріңізге сала кетейік, біздің жігіттер өз алаңымыздағы екі ойында да “Каспийді” күйрете жеңген. Сондай-ақ Қазақстан кубогының жартылай финалында да үстемдік танытқан. Сондықтан, алдағы матчтарда Эмиль Райковичтің шәкірттерінің мысы басып тұрары –сөзсіз.

Команда құрамындағы өзгеріс: Алдағы қарсыласымыздың сапындағы бір ғана өзгеріс, Павел Ильиннің команда құрамынан кетіп қалуы болды.

Қарсыластың көшбасшылары: Ұлттық лигадағы сегіз ойыннан кейін Ақтау командасының көшбасшысы америкалық легионер Колин Доэрти болды. Ол – «Каспийдің» ең көп ұпай еншілеген және тиімді ойыншысы. Сонымен қатар, Колин дәл қазір лигадағы ең көп ұпай еншілеген ойыншы болып тұр. Доэртиден бөлек ресейлік Денис Орленконы да ұмытпау керек. Ол қазір тосқауыл қою бойынша лигада көш бастап келеді. Сонымен қатар, Михаил Карпенко қазақстандық Владимир Курочкин және Аймұрат Саткеев сынды ойыншыларымызды да бастапқы бестікте жиі ойнатып жүр. Сондай-ақ ақтаулықтардың негізгі құрамында Александр Оразбеков, Глеб Жуков, Валерий Симонов және Денис Дегтярев ойнайды.

Турнир кестесіндегі жағдай: Ел чемпионатында “Астана” қазір көш бастап келеді. Біздің жігіттер Ақтаудың “Каспий” командасынан бөлек, өз алаңында “Ақтөбені” де екі мәрте тізе бүктірген. Осылай, астана командасы төрт ойын өткізіп, төртеуінде де жеңіске жетіп, әлі ұпай жоғалтпай келеді. “Каспий” қазандағы “Астанамен” болған кездесулерден соң Ұлттық лига аясында тағы алты ойын өткізді. Өз алаңында “Алматы Легионынан” екі мәрте ұтылып қалды да, бұдан соң Алматыда “Легиондармен” өткен жауапты екі матчтың бірінде жеңіске жетті. Содан кейін ақтаулықтар өз алаңында “Атырау Барыстарымен” екі рет додаға түсіп, екеуінде де ойсырай ұтылып қалды. Жалпылай айтқанда, «Каспий» Ұлттық лига аясында “Астанаға” қарағанда екі есе көп ойын өткізді. Бірақ турнир кестесіндегі қарама-қарсы, яғни соңғы орында тұр.

Матчтар жексенбі және дүйсенбі күндері – 22 және 23 қарашада Ақтаудағы “Батыр”спорт кешені аренасында өтеді. Жексенбі күнгі матч астана уақытымен 19:00-де, ал дүйсенбідегі ойын 18:00-де басталады. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»