«Астана» «Каспийді» талқандап, Қазақстан кубогының финалына шықты

17.11.2020, 22:30    Оқылғаны: 431
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» баскетбол клубы жартылай финалда «Каспийді» күйрете жеңіп, Қазақстан кубогының бас бәйгесін шешуші матчта Қостанайдың «Тобылымен» сарапқа салатын болды.

Бұл ойында есепті бірден “Каспий” ашты, бірақ Антон Пономарев лезде “Астананы” алға шығарды. Ақтаулықтар бастапқы минуттарда біздің команданың шабуылдарын жауапсыз қалдырған жоқ. Бірақ “Астана” тез арада өз шығыршығына барар жолдың бәрін бітеп тастады. Ал таблодағы есепті тоқсан пайыз тек біздің команда өзгертіп отырды. Максим Марчук үш ұпайлық дәл соққысымен біздің басымдығымызды екі таңбалы санға жеткізді. Ал үш минуттан кейін Андрей Литвиненко есеп айырмасын жиырма ұпайға теңелтті. Бірінші кезеңнің қорытындысы бірмәнді болды – 33:9. Әрине, 10 минуттың ішіндегі 24 ұпайлық гандикап біздің команданың жеңіске жететіндігін күмәнсіз меңзеп тұрды. Ойынның бір ғана ширек бөлігі өтсе де, бұл матчтағы біздің жігіттердің басымдығы өте жоғары болды. Екінші кезеңде қандай да бір өзгеріс жүзеге асқан жоқ. Роберт Панның төртінші минуттағы ұпайлары біздің команданың басымдығын отыз ұпайдан да асырды. “Каспий” шамасының жеткенінше қарсыласып бақты, әрі кезеңнің бел ортасында біздің команданың есепті ұлғайта беруі сап тиылды. Бірақ сәлден кейін есеп айырмасы қайтадан алшақтай бастады. Максим Марчук ойынның бірінші жартысын түйіндеді, есеп – 59:20. Алда – “Астана”.



Матчтағы дода көрігі осылай “өшіп”, енді “Каспий” бұл ойынға қандай да бір өзгеріс енгізеді дегенге ешкім де сенбеді. Алайда дәл осы сенімділік біздің командаға кері әсерін тигізіп, он бес минуттық үзілістен кейін олар босаңсып қалды. Десек те, ойын тізгінін уыстарынан шығарған жоқ. Асқар Майдекиннің ұпайларынан соң “Астананың” басымдығы қырық ұпайдан асты, содан соң лезде қырық алты ұпайға жетті. Бірақ үшінші кезеңнің қалған сегіз минутында есеп айырмасы өзгерген жоқ деуге де болады. Осы ойын бөлігі астана командасы үшін өте нәтижесіз болды. Әйткенмен, олар 10 минутта 18 ұпай еншіледі. Бұған қарамастан, “Астана” өз басымдығын 7 ұпайға арттырды – 77:31. Төртінші кезеңде біздің команда қайтадан құйындай орап соқты. Ал ақтаулықтар оларға мүлдем төтеп бере алмай қалды. “Каспий” үшін соңғы 10 минут ең нәтижесіз кезең болып шықты – олар өз қоржындарына небәрі алты ұпай ғана қосты. Ал “Астана” болса, көсіле сілтеді. Руслан Айтқали мен Максим Марчуктің ұпайларынан соң есеп айырмасы елу ұпайдан асып кетті. Бірер минуттан кейін Николай Бажиннің ұпайлары астананың басымдығын алпыс ұпайдан да асырды. Ал отыз секундтан кейін Андрей Литвиненко ұпай қорымызды жүздікке жеткізді. Бүгінгі матчты нүктесін Роберт Пан қойды – 106:37.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
 

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – бүгін Эмиль Райкович ойыншылардың бәріне бірдей уақыт бергенін атап өтуіміз керек. Нақтырақ айтқанда, матч хаттамасына тіркелген әрбір ойыншы алаңда 20 минут (+/- бір-екі минут) өнер көрсетті. Әрі бәрі де ұпай еншілеп, допты қағып алып, нәтижелі пас берді. Тек екі ойыншы ғана допты «қиып» алу көрсеткіші бойынша «қаражаяу» қалды. Ең тиімді және көп ұпай еншілеген ойыншы Антон Пономарев болды (20 ұпай, 5 рет доп қағып алды). Ал тиімділігі жиырма және одан жоғары болғандар: Максим Марчук (14 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 2 пас және 5 рет допты “қиып” әкетті), Дмитрий Гаврилов (11 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 2 пас).
  • «Каспий» – ақтаулықтар сапында Денис Дегтярев үздік шықты (9 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 2 рет допты “қиып” әкетті, 1 блокшот).

Салдары: “Астана” айқын басымдықпен жеңіске жетіп, ел кубогы финалына шықты. Онда біздің команданы Қостанайдың “Тобылы” күтіп тұр, олар бұдан сәл ертерек “Атырау Барыстарынан” басым түскен болатын.

Келесі матч: 2020 жылғы Қазақстан кубогының “Тобыл” мен “Астана” арасындағы финалдық ойыны 19 қараша күні, 19:30-да “Сарыарқа” велотрегінде өтеді.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»