«Астана» Таллинде ВТБ Бірыңғай лигасындағы екінші жеңісіне қол жеткізді

06.11.2020, 10:00    Оқылғаны: 531
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

“Астана” үшін Санкт-Петербургтен бастау алған түздегі ойындар сапары аса сәтті басталмай, “Зениттен” ойсырай ұтылып қалған. Сондықтан Эстония астанасына біздің команда тас-түйін әзірлікпен аттанды. Өйткені жеңіс ауадай қажет еді. Ал біздің қарсыласымыз, яғни «Калев» клубы мүлде шөліркеп жүрген, өйткені олар биылға маусымда әлі жеңіске жетіп көрген емес. Екі команданың да осы матч алдындағы жеңіске деген ынталары өз алдына, бұған қоса біздің команданың есесі кетіп жүргелі біраз уақыт болған. Мәселен, “Астана” “Калевтен” осыған дейінгі екеуара үш матчта ұтылып қалған, ал Таллинде соңғы рет бұдан 4 жылға жуық уақыт бұрын жеңіске жеткен болатын.

Эстония командасы ортада ойынға қосылған допты оп-оңай олжаға айналдырғанымен, бұл ойындағы алғашқы ұпайларды біздің Мартиньш Мейерс еншіледі. Ол екінші соққысын да шығыршықа дәл түсіріп, “Астана” үш ұпай айырмасымен алға шықты. Алаң иелері таразы басын тез теңестіріп, бір жарым минутта алға шықты. “Калев” содан тізгін тартқан жоқ, бірақ Дмитрий Гаврилов пен Оярси Силиньшаның соққыларының арқасында Қазақстан командасы олардан қол созымдай жерде болды. Девин Марблдың осы матчтағы алғашқы ұпайлары біздің команданы тағы да алға шығарды, бірақ ұзаққа емес. Алаң иелері таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударды. Николай Бажин мен Джеремайя Хилл дер кезінде қамшыны басып, оларды алысқа ұзата қоймады.  Әйтсе де, бірінші кезеңде “Астана” 4 ұпай айырмасымен есе жіберіп алды – 22:18. Екінші кезеңнің басында Асқар Майдекин матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі, бірақ “Калев” ойын тізгінін уыстарынан шығара қоймады. Алайда Қазақстан командасының ойыншылары жағдайды өзгертуге тырысты. Әрі Майкл Томпсонның алғашқы ұпайлары “Астананы” қайтадан алға шығарды. Екінші кезеңнің ортасында командалар орындарын ауыстырды, енді “Астана” алға шығып, “Калев” қуып жетуге тырысумен болды. Үлкен үзіліс таяғанда Қазақстан ұжымы 9 ұпай айырмасымен қара үзе бастады. Ал ойынның жиырма минуты артта қалғанда “Астана” алты ұпай айырмасымен ұтып жатты – 37:43. Егер жалпы жағдайдан алға озып, үңілер болсақ, екінші кезең Қазақстан командасы үшін ең сәтті ойын бөлігі болды, олар осы кезеңде 10 ұпай айырмасымен басымдық танытты.

Джеремайя Хилл

Шығыршықтарын ауыстырған соң  да “Калев” “Астананың” өкшесіне түсіп, қуып жетуге тырысумен болды. Тіпті екі минутқа да жетпейтін уақыттан соң бұл мақсаттарына да жетіп, есепті теңестірді. Алайда Девин Марбл мен Майкл Томпсон Қазақстан командасын қайтадан алға оздырды. Алаң иелері “Астананы” алысқа ұзатпай, біздің команданың өкшесін басып отырды. Есеп айырмасы толқындай толқып, сәл ғана басымдық таллиндіктерге қарай ауып кете жаздап тұрды. Бірақ үшінші кезеңнің аяқталуына үш минут қалғанда Джеремайя Хилл есеп айырмасын жеті ұпайға жеткізіп, “Калевтің” жаттықтырушылары құрамын тайм-аут алуға мәжбүрледі. Бұл айқын басымдық болмаса да, мұндай ойында маңызы зор айырма еді. Эстондардың тайм-ауты оларға аз да болса, көмектескендей болды. Олар біздің команданың есеп айырмасын одан әрі ұлғайта түсулеріне мүмкіндік бермей, тіпті оны аздап қысқарты да. Бірақ “Калев” біздің команданы үшінші кезең аяқталғанша қуып жете алмады. Төртінші кезең қарсаңында Эмиль Райковичтің шәкірттері алаң иелерінен 5 ұпай озық тұрды – 61:66. Бұл арқаны кеңге саларлықтай басымдық емес еді, сондықтан бәсеке көрігі соңғы он минутқа тірелді.Төртінші кезеңнің екі минутынан соң “Калев” небәрі 2 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бірақ “Астана” ойыншылары қамшыны басып, көсіле шапты. Соңғы кезең бел ортасына жеткенде, Адонис Томастың айып соққыларынан кейін, “Астана” осы ойында алғаш рет екі таңбалы сан айырмасымен қара үзді. Алаң иелері барлық күш-жігерін салып, ойын өрнегін өзгертуге тырысты. Әрі матчтың аяқталуына қырық бес секунд уақыт қалғанда бар болғаны үш ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Джеремайя Хилл сыр білдірмей, “Астананы” қайтадан бес ұпай айырмасымен алшақтата түсті. Эстония клубының жаттықытрушылары кезекті рет тайм-аут алды, бірақ одан ештеңе өзгермеді. Ал Майкл Томпсон екі айып соққысын мүлтіксіз орындап, осы ойынның нүктесін қойды – 85:92.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Калев» – Маркус Кин өзінің үш ұпайлық соққыларымен біздің команданың жүйкесін жұқартып, 23 ұпай еншіледі, 3 рет доп қағып алып, 7 пас берді. Девин Томас бұл ойында екі мәрте хайлайтс орындап, 16 ұпай еншіледі және 9 рет доп қағып алды. Чавон Льюистің еншісінде – 16 ұпай және 5 пас.
  • «Астана» - командалық ойын өрнегін көрсетіп, алты бірдей ойыншысы 10 ұпайдан артық еншіледі. Майкл Томпсон 17 ұпай еншілеп, 9 рет пас берді. Мартиньш Мейерстің еншісінде – 16 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 3 пас. Джеремайя Хилл екі команда сапындағы ең тиімді ойыншы болды – 15 ұпай, 6 рет доп қағып алды және 6 пас. Дэвин Марбл 12 ұпай олжалап, 5 рет доп қағып алды. Оярс Силиньштің еншісінде де – 12 ұпай. Ал Адонис Томас өз есебіне 11 ұпай жазып, 4 рет доп қағып алды.


«Калевтің» бас бапкері Робертс Штельмахерс:
— Бүгін біздің алмастырып ойнататын ойыншыларымыз аз болды – бірнеше ойыншымыздың орны үңірейіп білініп тұрды. Селдіреп қалған құраммен 9 күнде 4 матч өткізу оңай емес. Әрине, ойыншылар шаршады, бірақ мен ақталып тұрған жоқпын. Егер Бірыңғай лигада жеңіске жеткіміз келсе, бәрін де ақылға салып ойнауымыз керек.

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Біз ойын қарқынын бақылап отырдық. Шешім қабылдауда асыққан жоқпыз, әрі іс-әректімізді біліп отырдық. Ұзақ уақыт түзде ойнап жүргендіктен, бұл – біз үшін өте маңызды жеңіс. Әрі бұл біздің толық құрамдағы алғашқы ойынымыз, мен біздің команданың әлеуетін көріп қуанып отырмын. Яғни ойын өрнегімізді жетілдіре түсіп, бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізе аламыз.

Салдары: «Астана» осы жеңісінен соң плей-офф аймағына оралып, сегізінші орынға көтерілді. «Зелена Гура» және «Химки» клубтарының алдын орап кетті. Ал «Калев» биылғы маусымда жеңіске жете алмай жүр, турнир кестесінің соңғы сатысына табан тіреп тұр.

Келесі матч: 9 және 10 қараша күндері астана баскетболшылары өз алаңымызда Ұлттық лига аясындағы екі ойынан тұратын кезекті кездесулерін өткізеді. Қарсыласымыз «Ақтөбе» баскетбол клубы болады. Ал ВТБ Бірыңғай лигасыдағы келесі ойынын Эмиль Райковичтің шәкірттері Красноярскінің «Енисей» командасымен өткізеді. Матч 14 қараша күні «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»