«Астана» Таллинде жергілікті «Калевпен» кездеседі

04.11.2020, 10:00    Оқылғаны: 608
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Жеңіске жетуді көздеген «Астана» баскетбол клубының ойыншылары Эстонияға жол шекті. Онда олар ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Таллиннің «Калев» клубымен кездеседі. Матч бейсенбі күні, 5 қарашада, астана уақытымен 23:00-де басталады.

«Калев» – Эстонияның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Таллинн қаласынан. 1920 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1991.
  • Эстония чемпионы − 2000, 2005, 2006, 2009, 2011, 2012, 2013, 2014, 2016-2019
  • Эстония чемпионатының күміс жүлдегері – 2015
  • Эстония кубогының жеңімпазы − 2005-2008, 2016-2017


Команда құрамы:

Эстонияның «Калев» клубы былтырғы маусыммен салыстырғанда құрамын едәуір өзгертті. Команда сапынан былтыр негізгі құрамда ойнаған америкалық Кайл Виналес, эстондар Янари Йоэссар мен Кристиан Кистинг және латыш Айгарс Шкеле кетіп қалды. Сонымен қатар, америкалықтар Саша Киллеа-Джонс, Текеле Коттон, Майкл Финке, эстондар Сандер Райесте, Кристиан Кангур және Мартин Паасойа таллиндіктер сапынан кетті.

Калев баскетбол клубы 2020/2021

Былтырғы маусымдағы құрамынан үш ойыншы ғана қалды, әрі бәрі де эстондар – Стэн Сокк, Танел Курбас және Мартин Дорбек. Ал биыл команда құрамына төрт бірдей америкалық ойыншы қосылды. Орталық шептегі Девин Томас “Калевке” дейін Түркияның “ТЭД Анкара Колежлилер”, Испанияның “Бильбао Баскет”, Израильдің “Хапоэль Эйлат”, Грекияның “Лаврио”, Венгрияның “Алба Фехервар” және Аргентинаның “Пенароле” сынды командаларында ойнаған. Қорғаушы Маркус Кин бұған дейін негізінен Азияда атой салған – Тайландтың “Моно Вампайр”, Оңтүстік Кореяның “КейСиСи Эгис”, Тайванның “Формоса Дриамерс” және “Юлон Люксген Динос” командалары сапында. Сонымен қатар, ол NBA Жетілу лигасында, “Мемфис Хастл” сапында да өнер көрсеткен. Қорғаушы Гейб Билер “Калевке” дейін Люксембургтің “Арантиа Ларошетт”, Македонияның “Пелистер Спорт Битоба” және Сербияның “Врсач Свисслайон” командаларында ойнаған. Ал шабуылшы Чавон Льюис бұған дейін ВТБ Бірыңғай лигасында бақ сынаған, одан ертеректе Литваның “Ювентус”, Польшаның “Чарни” және “Старт” командаларында өнер көрсеткен. “Калевте” ол 2018/2019 жылдар маусымында ойнаған. Сондай-ақ, “Нижний Новгород” және “Енисей” клубтарында да ойнап үлгерді. Биыл команда құрамы латыш қорғаушысы Янис Кауфманиспен де толықты. Янис өз карьерасын Латвияның “Валмейра” және ВЭФ командаларында бастаған. Сондай-ақ ол Испанияның “Форца Ллейда” командасында өнер көрсеткен, ал былтырғы маусымды Латвияның “Вентспилс” клубында өткізді. Кауфманис екі мәрте Латвия чемпионы болған. Сонымен қатар, команда сапына бес эстон ойыншысы алынды. Орталық шептегі Рауно Нургер “Калевтің” өз түлегі, бірақ Испаниядағы “Пенас Хуэско” және “Бреоган” командалары сапында ойнап келген. Шабуылшы Крегор Хермет негізінен Эстонияның “Аудентес”, “Кохила” және “Университет Тарту” командалары сапында ойнаған. Сондай-ақ Испанияның “Форца Ллейда” клубы сапында тәжірибе жинап келді. Қалғандары эстондық жас қорғаушылар – Индрек Сунелик, Георг Каск, Джулиус-Эрик Кастейн.

Бас бапкер:

Команданы былтырғы маусымдағыдай латыш маманы Робертс Штельмахерс жаттықтырады. Әрі оған былтырғыдай эстон Индрек Рейнбок пен латыш Акселис Вайрогс көмектеседі. Жаттықтырушылар құрамына биыл тағы бір бапкер қосылды – эстон Алар Варрак.

Робертс Штельмахерс

Команда көшбасшылары:

Бұған дейінгі өткен ойындарда команданы алға сүйреген ойыншылары америкалықтар Гейб Билер, Девин Томас және Маркус Кин болды. Сондай-ақ эстон Крегор Хермет те ерекше көзге түсіп жүр. Латыш Янис Кауфманис және Танел Курбас, Стэн Сокк, Мартин Дорбек сынды эстондар алаңда шамамен жиырма минуттан ойнап келеді. Рауно Нургер екі матчта да бастапқы бестікте алаңға шықты.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Калев” биылғы маусымда небәрі екі-ақ ойын өткізді. Әрі екеуінде де ұтылып, “Зенит” пен “Химкиге” есе жіберді. Сонымен қатар, коронавирус тестінің нәтижесіне байланысты, Эстония командасы “Локомотив-Кубань” клубымен болатын ойынға бара алмай, оларға техникалық жеңіліс жазылды. Сөйтіп, “Калев” үш жеңілістен соң 12-орынға табан тіреді. Ал “Астана” бес ойындағы жалқы жеңісімен олардан бір саты жоғары, яғни 11-орында тұр.

Кездесулер тарихы:

Былтырғы маусымға дейін «Астана» мен «Калев» 14 рет кездескен болатын. Әрі екеуара кездесулерде көбінесе Қазақстан командасы басым түсіп жүрген. Бірақ былтырғы маусымда эстондар бұл көрсеткішті түзеуге тырысып, “Астананы” екі рет тізе бүктірді. Сөйтіп, екеуара 16 ойында “Астана” 10 рет жеңіске жетіп, 6 мәрте ұтылып қалды.​

Қызықты деректер:

  • Былтырғы маусымда “Калев” “Астананы” екі мәрте сан соқтырып кетті.
  • “Астана” былтырғы маусымдағы соңғы ойынын дәл осы “Калев” клубымен өткізді.


Матч бейсенбі күні, яғни 5 қарашада Таллиндегі «Саку Суурхалль» аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 23:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі, сонымен қатар, QazSport телеарнасында келесі күні, 6 қарашада 10:00-де қайталанып көрсетіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»