Тарихта осы күні — КСРО құрамасының 1988 жылғы Олимпиададағы жеңісі

30.09.2020, 10:00    Оқылғаны: 927
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Осыдан 32 жыл бұрын, 1988 жылғы 30 қыркүйекте Кореяның астанасы Сеулде баскетболдан ХХІV Олимпиада ойындарының финалдық матчы өткен. Шешуші ойында алаңда бітіспес қарсыластар, яғни Югославия және КСРО құрамалары додаға түскен. Кеңес Одағы командасының сапында Қазақстан баскетболының ең әйгілі түлектерінің бірі Валерий Алексейұлы Тихоненко ойнаған болатын.

Аты аңызға айналған жаттықтырушы Александр Яковлевич Гомельский баптаған кеңестік құраманың бұл Олимпиада мен ондағы айбынды жеңісі «Астана» баскетбол клубының қазіргі Бас менеджері Валерий Алексейұлы Тихоненко үшін тағдыршешті болған еді. Дәл осы ұмытылмас күні Валерий Алексейұлы клубтың баспасөз қызметінің түсіру тобына сол оқиға туралы естеліктерімен бөлісіп, сыр шертті. Бұл эксклюзивті сұхбатты біз жақын арада жариялайтын боламыз.

КСРО ұлттық баскетбол командасы 1988

Ал бүгін КСРО құрамасының тарихи жеңіске жеткен жолын тағы бір шолып шығуды, уақыт көшін 1988 жылға ойыстыруды, ретро-баскетбол атмосферасына шомуды және Валерий Тихоненко ойнаған тарихи матчтардың бейнетаспасын қарап шығуды ұсынамыз.  

Топтық кезең:

КСРО құрамасы бұл доданы Югославия құрамасымен бастады. Осы ойында олар 79:92 есебімен ұтылып қалды. Алайда, бұл ойындағы ең басты жетістік алаңға Арвидас Сабонистің шығуы болды (матчты бастан-аяқ ауыспай ойнап шықты деуге де болады). Ол бұған дейін 1,5 жылдай уақыт бойы ауыр жарақатын емдеумен болған еді (өкшесінің сіңірі үзілген).

Бұдан кейінгі ойындарда Кеңес командасы жеңіске жетті (Австралия – 91:69, Корея – 73:110, ОАР – 88:78). Ал енді бір ойында жолдары болып, бақтары жанды. Пуэрто-Рико құрамасымен өткен ойынның негізгі уақыты аралдықтардың айып добын орындауымен аяқталды. Бірақ олар мүлт кетіп, жаза басты. Овертаймда КСРО құрамасы қарсыласына еш мүмкіндік бермей, жеңіске жетті.

Плей-офф:

Өз тобында екінші орынға ие болған КСРО құрамасы ширек финалда бразилиялықтармен додаға түсті. Олардың негізгі күші, алға сүйрер серкесі Оскар Шмидт болатын. Оны тоқтату мүмкін болмады: бірінші минуттан бастап, тізгін тартпай, алға ентелеген Шмидт 46 ұпай еншіледі. Алайда ауысып ойнайтын ойыншыларының көптігі мен ұжымдық ойын өрнегіне сүйенген Кеңес командасы матч соңында көсіле шапты. Бразилиялықтар шаршаңқырап қалған көшбасшысына қолдау көрсете алмады.

Жартылай финалда жолдары АҚШ құрамасымен түйісті. Бұл кеңес және америка баскетболшыларының Мюнхен Олимпиадасынан кейінгі бірінші ойыны еді. АҚШ құрамасы 1972 жылғы жеңілістерінің қарымын қайтаруға дайындалды. Ондағы КСРО жеңісі дау-дамай мен пікір-сайысқа ұласқан болатын. Америкалықтар тіпті күміс жүлдеден де бас тартқан еді – ол әлі күнге дейін ХОК сейфінде сақтаулы жатыр. Ал 1988 жылы жұлдызды-жолақты жейделілер қола жүлделерін алды. Себебі олар жартылай финалда КСРО құрамасынан таза ұтылып, төрешілерге ешқандай кінә таға алмады (82:76). АҚШ-тың сол құрамасының сапында NBA супержұлдыздары ойнаған болатын – Дэвид Робинсон, Митч Ричмонд, Дэн Махерле, Дэнни Мэнинг.
 


«Америка кедергісінен» өткеннен кейін, КСРО құрамасының югославтармен болған шешуші матчта жеңілуге моральді құқықтары жоқ еді. Осылай, Кеңес командасы финалда Дражен Петрович, Владе Дивац және Тони Кукоч сынды жарық жұлдыздары ойқастаған Югославия құрамасынан басым түсті (76:63). Ойыншылардың көбісінің пікірлері бойынша, жартылай финалда КСРО құрамасы АҚШ жұлдыздарын тізе бүктіргенде, югославтар Кеңес командасының жеңіске деген жігерлерін сезініп, психологиялық тұрғыда еңселері түсіп кеткен.
 


Сеул Олимпиадасының алтын медаліне қол жеткізгендер: Римас Куртинайтис, Арвидас Сабонис, Шарунас Марчюленис, Вальдемарас Хомичюс, Александр Волков, Валерий Гоборов, Александр Белостенный, Валерий Тихоненко, Тийт Сокк, Сергей Тараканов, Игорс Миглиниекс және Виктор Панкрашкин.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»