«Астана» ВТБ лигасының жаңа маусымында түздегі бірінші ойынын Қазанда өткізеді

02.10.2020, 10:00    Оқылғаны: 47
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымында түздегі бірінші ойынын Қазанда өткізіп,  жергілікті УНИКС клубымен додаға түседі. Матч 3 қазан күні, астана уақытымен 21:00-де басталады.

УНИКС – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан. 1991 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек Еурокубок додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009-2011, 2013/2014, 2018/2019
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014 
  • FIBA Евролига чемпионы − 2003/2004 
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/2011
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/2014 
  • NEBL чемпионы − 2002/2003. 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/2010, 2011/2012, 2015/2016 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/2011, 2018/2019


Команда құрамы:

УНИКС-тің құрамына келер болсақ, ол былтырғысымен салыстырғанда едәуір өзгерді. Өткен маусымдағы команда көшбасшыларының бірі, америкалық Эрика Макколлумның кетуі ең басты және орны толмас өзгеріс десек те болады. Ол «Химки» клубымен келісімшартқа отырды. Сонымен-қатар командадан негізгі құрамда ойнаған Алекс Таюс, Рэймар Морган, Джордан Теодор, Хаукур Палссон және Джамил Уилсон кетіп қалды. Тағы бір легионер, яғни Элджин Кук та кеткен, бірақ ол былтырғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасы аясында бірде-бір ойын өткізбеген болатын. Ресейлік ойыншылардан команда сапынан Валерий Лиходей кетті. Ол Польшаға барып, «Анвилл» командасының намысын қорғайтын болды. Сондай-ақ Андрей Кощеев те кетіп, жас ойыншы Кирилл Аношин команда құрамына тіркелмеді.

Қазанда баскетбол ойнауды одан әрі жалғастыратын шетелдіктер америкалық Джамар Смит пен грек Костас Каймакоглу болды. Ресейлік ойыншылардан УНИКС-пен келісімшарттарын ұзартқан ойыншылар – Павел Сергеев, Евгений Колесников, Дмитрий Узинский және Артем Клименко.

Биылғы маусымда қазандықтардың құрамын бес бірдей америкалық ойыншы толықтырды. Джон Холланд – шабуылдаушы қорғаушы, өзінің кәсіби мансабын Еуропада бастаған. Францияның «Роан» және «Гравлин-Дюнкерк», Испанияның «Кахасоль» және Түркияның «Бешикташ» командаларында ойнаған. Бұдан кейін Джон өз бағын NBA-да сынап көрді. Алайда «Бостон Селтикс» және «Кливленд Кавльерс» клубтары сапында аз ғана ойнап, негізінен NBA жетілу лигасындағы «Кантон Чарджес» және «Остин Сперс» ұжымдары сапында өнер көрсетті. 2019 жылы ол Пуэрто-Риканың «Сантерос де Агуада» және Филиппиннің «Сан Мигель Бирмен» командалары құрамдарында ойнап үлгерді. Ал былтырғы маусымды толықтай Израильдің «Хапоэль Иерусалим» командасы сапында өткізді. Ойын үйлестіруші, қорғаушы Нейт Уолтерс карьерасын NBA-да бастап, «Милуоки Бакс» сапында ойнаған, одан кейін «Нью-Орлеан Пеликанс» құрамына ауысқан. Содан соң NBA жетілу лигасы мен «Гранд-Рапидс Драйв» сапында ойнап, екі маусым Еуропада доп қуған – Түркияның «Бешикташ» және Сербияның «Црвена Звезда» командалары сапында. Нейт бұдан кейін өз бағын қайтадан NBA-да, нақтырақ айтқанда, «Юта Джазз» сапында сынап көрген. Бірақ негізгі құрамға іліге алмай, «Солт-Лейк Сити Старз» сапына ауысқан. Одан соң Францияның «Элан Шалон» командасына ойысқан. Соңғы екі маусымды, әуелі «Жальгирис», сосын «Маккаби Тель-Авив» командалары сапында өткізген. Ойын үйлестіруші Айзея Кэнэннің NBA-да өте көп ойнаған. Ол «Хьюстон Рокетс», «Филадельфия Севенти-Сиксерс», «Чикаго Булз», «Финикс Санз», «Миннесота Тимбервулвз» және «Милуоки Бакс» секілді командалар сапында ойнап үлгерген. Сондай-ақ NBA жетілу лигасындағы «Рио-Гранде Вэллей Вайперс», «Солтүстік Аризона Санз» және «Стоктон Кингз» командаларының да намысын қорғаған. Айзея Қытайға да барып, 2019 жылы «Шаньдун Голден Старз» командасы сапында өнер көрсеткен. Еңгерзедей шабуылшы Джордан Морган карьерасын Италиядағы «Виртус Рома» сапында бастаған, одан кейін Францияға ойысып, онда «Хермин де Нант Баскет» және «Пари-Левалуа» командаларында ойнаған. 2016 жылы АҚШ-қа оралып, «Кантон Чардж» құрамына іліккен, бірақ Еуропаға қайтуы тез болып, Грекияның «Кымис» және Словенияның «Петрол Олимпия» командалары сапында ойқастаған. Соңғы екі маусымды Түркияның «Банвит» және «Пинар Каршияка» командалары сапында өткізген. Шабуылшы Джон Браун УНИКС-ке келгенше, 4 маусым Италиядағы «Виртус Рома», «Универсо Тревисо Баскет» және «Нью Баскет Бриндизи» командалары сапында өнер көрсеткен.

Командадағы ресейлік жаңа ойыншыларға тоқталар болсақ, олар – үшеу. Еңгерзедей шабуылшы Павел Антиповті жаңадан келген деп айта алмаймыз. Өйткені ол әр түрлі 4 маусымды Қазан командасында өткізген. Сондай-ақ ол «Спартак», «Зенит» және «Локомотив-Кубань» командалары сапында ойнаған, ал соңғы екі маусымды «Нижний Новгородта» өткізді. Еңгерзедей шабуылшы Александр Разумов «Зенитте» ойнаған, бірақ карьерасының басым бөлігін Ресей Суперлигасындағы «Рязань» «Спартак-Приморье» және «Новосибирск» командалары сапында өткізген. Жас шабуылдаушы қорғаушы Георгий Жбанов бұған дейінгі 4 маусымда «Нижний Новгород» сапында тәжірибе жинақтаған.

Команда көшбасшылары: 

УНИКС үшін бұл ойын ВТБ лигасы маусымындағы алғашқы матч болады. Бірақ олар бұған дейін, маусым аралығында, 4 ойын өткізіп, «Автодор» және ПАРМА командаларымен екі реттен кездесті. Ал 30 қыркүйек күні ЕуроКубок додасындағы бірінші ойынын өткізіп, Италияның «Умана Рейер Венеция» командасына есе жіберіп алды. Олар осы ойында ұтылып қалса да, УНИКС-тің дәл қазіргі көшбасшыларын атап өтуге болады. Италия командасымен өткен матчта УНИКС сапында Джамар Смит ең тиімді және нәтижелі ойыншы болды. Джон Браун, Айзая Кэнэн және Джон Холланд та көзге түсіп, нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Ресейлік ойыншылардың ішінен Дмитрий Узинский үздік шықты. Міне, осы ойыншыларға біздің команда ерекше назар аударуы керек.

Бас бапкер:

Қазандықтардың бапкерлері құрамы былтырғы маусымен салыстырғанда, титтей де өзгерген жоқ және грекиялық жаттықтырушылардан құралады. Димитрис Прифтис Қазан командасын төртінші маусым қатарынынан басқарады. Ал оған тағы да екі грек маманы, атап айтқанда, Томас Нику мен Валилес Симтсак көмектеседі. Бас бапкер Прифтистің жаттықтырушылық қызметтегі тәжірибесі жиырма жылдан асып жығылады. Негізінен өз отаны Грекияда шыңдалған. Еңбек жолын әйелдер арасындағы «Калитея» командасын жаттықтырумен бастаған. Одан кейін 10 жыл бойы ерлер арасындағы «Дафнис», «Ионикос», «АЕК» және «Арис» командаларының бас бапкерлеріне көмекші болған. Бұдан соң «Кавала», «Калитея» және «Колосос» командаларының бапкерлері құрамын басқарған. 2014 жылы аз ғана уақыт «Панатиакос» командасының бас бапкеріне көмекші болады да, содан кейін «Арис» командасының тізгінін ұстайды. Осы команданы баптап жүріп, 2016 жылы Грекия чемпионатында «Жыл жаттықтырушысы» атанады. Сонымен қатар, Димитрис Прифтис ұзақ уақыт бойы Грекия ұлттық құрамасының бас бапкеріне көмекші болады. УНИКС клубының бапкерлері құрамын басқарып жүріп, 2019 жылы ол ВТБ Бірыңғай лигасының Жұлдыздары матчында «Әлем Жұлдыздарының» жаттықтырушысы болып сайланады.

Димитрис Прифтис

Турнир кестесіндегі жағдай:

УНИКС үшін бұл ойын ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымындағы бірінші ойын болады, яғни дәл қазір қазандықтардың турнир кестесінде ешқандай ұпайы жоқ. «Астана» бір жеңілісімен көш соңында тұр, бірақ осы ойында жеңіске жетсе, біздің команда біршама жоғары көтеріле алады.

Кездесулер тарихы:

ВТБ Бірыңғай лигасының барлық маусымдарын есепке алсақ, «Астана» мен УНИКС баскетбол алаңында 15 рет додаға түсті. Өкінішке қарай, астана командасы Қазанның қарымды клубын оның екеуінде ғана ұтты.

Қызықты деректер:

  • УНИКС «Астана» клубының ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы қарсыласы болған. Әрі ол ойын да Қазанда өтіп, алаң иелері жеңіске жеткен болатын.
  • Қазанда Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше бар. 2018 жылы «Астанамен» өз алаңында өткен матчта, осы көшеде тұратын кез келген адамға ойынға тегін кіруге болған.


Матч сенбі күні, яғни 3 қазанда Қазан қаласындағы «Баскет-Холл» аренасында өтеді өтеді. Басталуы – астана уақытымен 21:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры