«Астана» маусым аралығындағы бірінші жолдастық кездесуінде «Тобылды» тас-талқан қылды

16.09.2020, 20:00    Оқылғаны: 359
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Астанада көптен күткен матч болды! «Астана» президенттік баскетбол клубы коронавирус нәубеті басталғалы бері бірінші рет өз алаңында додаға түсті. Оқу-жаттығу жиыны аясындағы жолдастық кездесуін Қостанайдың «Тобылымен» өткізіп, біздің жігіттер үстем түсті.

Бұл ойын басталған бетте астана командасының мерейі үстем болып, алғашқы бес минуттың ішінде-ақ 10 ұпайға жуық есеп айырмасымен суырылып алға шықты. Матчтың бірінші ширек бөлігі аяқталғанда, сары-көкшіл жейделілер +20 ұпай айырмасымен алда тұрды. Эмиль Райковичтің шәкірттері бұдан кейін де қарқындарын бәсеңсіткен жоқ. Ал қостанайлықтар оларға мүлдем төтеп бере алмай, үлкен үзіліске шыққанда, бақандай 40 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Ойынның екінші жартысында «Астана» қарқынын аздап бәсеңсітті, әйтсе де есеп айырмасын одан әрі ұлғайта берді. Сөйтіп, үшінші онминуттықтан соң есеп айырмасы елу ұпайдан да асып кетті. Ал матч соңына дейін «Астана» ұпай қорын жүзден де асырып, алпыс ұпай айырмасынан да асатын басымдықпен жеңіске жетті – 107:45 (34:14, 29:8, 23:11, 21:12).



Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» – Джеремайя Хилл (24 ұпай, 5 пас, 3 рет допты «қиып» әкетті), Майкл Томпсон (10 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 9 пас) және Рустам Мырзағалиев (13 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 5 пас және 3 рет допты «қиып» әкетті). Нәтижелі ойын өрнегін көрсеткендер – Асқар Майдекин (16 ұпай, 4 рет допты «қиып» әкетті) және Адонис Томас (14 ұпай, 3 пас).
  • «Тобыл» – қарсыласымыздың сапында Антон Быков (17 ұпай, 6 рет доп қағып алды), сондай-ақ Максим Воейков (8 ұпай, 3 пас) көзге түсіп, өз командаларын алға сүйреді.


Біздің ойыншылардың бәрі де алаңда 10 минуттан астам уақыт бойы ойнау мүмкіндігіне ие болды. Тек Антон Пономарев қана матч хаттамасына тіркелгенімен, алаңға сол күйі шыққан жоқ.

Бұл ойын жолдастық матч болса да, біздің команда Ұлттық лиганың алдағы маусымына дайын екендігін көрсетті, яғни «Астана» биыл да Қазақстан чемпионы атағынан ең басты үміткер команда болатындығын сездірді.

Біздің клуб осы кездесуден басқа, ОЖЖ аясында Қазақстан клубтарымен тағы да бірнеше жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Нақты ақпараттар әлеуетті қарсыластармен өзара келіссөздер аяқталған соң жарияланатын болады.
 



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»