«Енисей» «Астанадан» есесін қайтарды

02.04.2017, 20:00    Оқылғаны: 555
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Енисей» клубы өз алаңында қазақтың «Астана» командасынан басым түсті – 88:78 (27:15, 20:20, 21:18, 20:25).

Алексей Вздыхалкин мен Тони Тэйлордың алыстан лақтырған доптары «Енисейге» алғашқы минуттардан алға шығуға көмектесті. Үнемі торшеңбер түбінде допты қағып алып және ойыншыларын жиі алмастырып, красноярлықтар ұпай айырмасын ұлғайта берді. Ойынның екінші ширек бөлігінің ортасында ұпай айырмасы ең жоғарғы “нүктесіне” жетіп, 19 ұпайға тең болды (36:17). Әйтсе де, «Астана» берілмеді, әрі шабуылды күрт үдетті: Родерик Одом мен Иан Миллер есепті қысқартып, ойынның екінші жартысында қуып жетуге боларлықтай мүмкіндік тудырды (47:35). Алайда үзілістен кейін де ойын «Енисейге» қолайлы сценарийде өрбіді. Сібірліктер ұпай айырмасын қайтадан ұлғайта түсті және ойын ырғағына үстемдік құрды. Соңғы онминуттық бел ортасына жеткенде Василий Заворуев өз командасының қоржынынан үш ұпай салып, айып соққысын орындауға да мүмкіндік алды (77:58). Осы ойын сәтінен кейін қазақстандықтар дода көрігін қыздыра алмады.
 
Бірінші айналымдағы өзекті өртер жеңілістерінің есесін қайтарған «Енисейдің» плей-оффқа шығатын мүмкіндігі мейілінше арта түсті. Красноярлықтар енді қалған ойындарының бәрінде ұтылып қалып, ал «Автодор» мен «Астана» бірде-бір рет жеңілмесе ғана шешуші кезеңге шыға алмайды.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Енисей»: Тони Тэйлор (21 + 6 пас), Андрей Кощеев (13), Сулейман Браймо (11 + 6 рет доп қақшып алды).

«Астана»: Иан Миллер (31 + 7 пас), Леонидас Каселакис (16 + 6 рет доп қақшып алды), Родерик Одом (13 + 6 рет доп қақшып алды).

«Енисей» БК бас бапкері Олег Окулов:
— Кез келген ойындағыдай қателіктер болды. Бірақ біз мақсатымызға жеттік – «Астананы» қорғаныста тұсаулап ұстадық, нақтырақ айтқанда, қорғаушыларымыз әрбір ойыншыны жекелей ұстауға тырысқан жоқ, әркім өз аумағына жауап берді. Жігіттерімізге бірінші минуттан бастап батыл да, ширақ ойнауды тапсырдық. Ойыншылар мұны бұлжытпай орындады. Ал жіберген қателіктеріміз бүгін біздің жеңіске жетуімізге кедергі бола алмады.

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
— «Енисейді» лайықты жеңісімен құттықтаймын. Менің ойымша, «Енисей» – Лигадағы ең үздік алты команданың бірі. Бірақ бүгін красноярлықтарға соншалықты көп тер төгудің қажеті болған жоқ, өйткені біз бүгін алаңға шыққан жоқпыз. Бұл – біздің биылғы маусымдағы ең нашар ойынымыз. Кейбір ойыншыларымыз маусым бітті деп шешкендей, ал мен олардан түсініктеме күтемін. Алдымызда әлі өте күрделі үш ойын бар. Ең басты мақсатымыз – плей-оффқа шығу үшін соңына дейін жанталасу.
 
«Астана» келесі ойынын да түзде өткізеді, енді елорда командасы Ресейдегі Нижний Новгородқа барады. 9 сәуір күні осы қаланың өзі аттас «Нижний Новгород» баскетбол клубымен кездесіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында додаға түседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»