«Астана» матч соңындағы шырғалаңда жеңістен айырылып қалды

09.03.2020, 10:00    Оқылғаны: 723
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының кезекті ойынын өз алаңында Эстонияның «Калев» клубымен өткізіп, матч соңында әбден қобалжытып, жеңісті уысынан шығарып алды.

«Калев» Нұр-Сұлтанға жан-жақты дайындықпен келді. Көшбасшыларының барлығы дерлік матч хаттамасына тіркелді. Оның үстіне «Калевтің» жаңа ойыншысы, яғни америкалық қорғаушысы Текеле Коттон қонақтар сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Көшбасшыларының біреуі ғана астанаға келе алмады. Ол – латыш қорғаушысы Айгарс Шкеле. Бұл ойын екі ұжым үшін де өте маңызды еді. Сондықтан шектен тыс тартысты ойын болары әуелден түсінікті болды. Джеймс Флоренс, Душан Ристич, Александр Жигулин, Максим Марчук және Малкольм Хилл бұл матчты бастапқы бестікте бастады.

Душан Ристич ортаға лақтырылған допты іліп алып, бірінші шабуылда өзі есеп ашты. Жалпы, ойынның басы біздің жігіттер үшін жаман болған жоқ. Олар 5 шабуылдың 4-еуін сәтті аяқтады. Ал Александр Жигулин мен Малкольм Хилл үш ұпайлық соққыларын дөп түсіріп, Душан Ристич тамаша данк орындап, көзге түсті. Қысқасы, «Астана» 5 ұпай айырмасымен алға озды. Бірақ бұдан кейін біздің команда ұпайсыз іркіліске тап болды. Әрі ол бес минуттай уақытқа созылды. Ал осы аралықта қонақтар есепті теңестіріп қана емес, тіпті 5 ұпай айырмасымен алға озып та үлгерді. Малкольм Хилл айып соққысы сызығынан команда қоржынына екі ұпай қосқанымен, эстондар есеп айырмасын 7 ұпайға дейін ұлғайтты. Кезең соңында Стефен Холт жалғыз өзі қонақтардың қорғанысын бұзып өтіп, есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты. Ал Джеффри Крокеттің орындауындағы пәрменді данктен соң есеп теңесті. Әйткенмен, бірінші кезеңде қонақтар басым түсті. Бірақ бір ғана ұпай айырмасымен алда тұрды. Холт екінші кезеңнің басында «Астананы» алға шығарды. Бірақ бұл «Калев» жігіттерін қамшылай түскендей болды. Олар онсыз да тартысты өтіп жатқан ойын өрнегін одан сайын қыздыра түсті. Осылай, біресе біреуі, біресе екіншісі алға шығып, таразы басы кезең бойы теңселіп тұрды. Ал есеп айырмасы 2-3 ұпайдан асқан жоқ. Екінші кезең бастан-аяқ осылай өтіп, табан тірескен додада нақты фаворит байқалмады. Соған қарамай, іс жүзінде Қазақстан командасы алға шықты. Рас, ұзап кете алмады, бірақ матчтың бірінші бөлігі аяқталғанда, алаң иелері алда тұрды – 39:37.

Стефен Холт Баскетбольный клуб Астана

Үшінші кезеңде шектен тыс шиеленісті дода одан әрі жалғасты. Екі ұжымның ешқайсысы да алға ұзап кете алмады. Екеуі де әрбір ұпай үшін табан тіресе шайқасып, алма-кезек алға шығып отырды. Үшінші кезеңнің бел ортасында есеп сол күйі тепе-тең болды. Әрі бұл үрдіс кезең соңына дейін созылып, сақталып тұрды. Матчтың осы бөлігінің соңында «Астана» қонақтардың екі шабуылынан көз жазып қалды және оларды жауапсыз қалдырды. Сөйтіп, «Калев» соңғы онминуттықтың алдында 4 ұпай айырмасымен алда тұрды. Бәлкім, ойын аса нәтижелі болмаған да шығар. Командалардың ешқайсысы да үш кезеңнің қорытындысында 60 ұпай да жинай алмады. Бірақ доп додасы өте тартысты және қарқынды болды. Ал төртінші кезеңде дода көрігі суыған жоқ. Соңғы кезеңнің екі жарым минуты өткен соң, Стефен Холт кезекті рет таразы басын теңестірді. Алайда Эмиль Райковичтің шәкірттері алға шығып кете алмады. Олар тек қуып жетуге тырысумен қара терге түсті. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда «Калев» 4 ұпай айырмасымен алда тұрған. Бұдан кейін олар қарқындарын үдете түсіп, небәрі екі минуттан кейін 8 ұпаймен қара үзе бастады. Әрине, бұл біздің бапкерлерге ұнаған жоқ. Олар бірден тактикалық үзіліс сұрап, оның біздің командаға пайдасы тиді. Малкольм Хиллдің қорғаныстағы жанкештілігі мен шабуылдағы сауатты қимыл-әрекеттері, сондай-ақ Джеймс Флоренстің үш ұпайлық добы есеп айырмасын мейілінше қысқартты.

Душан Ристич Баскетбольный клуб Астана

Соңғы ойын минуты ұзақа созылды. Әрі асықпай ойнау барысында көптеген қызықты жағдайлар жүзеге асты. Бәрі де Джеймс Флоренстің тағы бір үш ұпайлық добынан кейін басталды. Ол соны шығыршықа дөп түсіріп, біздің команданы алға шығара алатын еді. Бірақ мүлт кетті. Қонақтар да доға сыртынан мүлт кетті. Бірақ олар біздің командамен салыстырғанда, шығыршық түбінде жанкештілік танытып, допты қағып алды және екі айып соққысын орындау құқығына қол жеткізді. Әрі екеуін де мүлтіксіз орындады. «Калев» қайтадан үш ұпай айырмасымен алға шықты. Ал матчтың аяқталуына 16 секундтан сәл ғана асатын уақыт қалған еді. Әрине, Эмиль Райкович тайм-аут алды. Шабуыл ұйымдастыруды ойластырды. Бірақ «Калев» клубының бас бапкері Робертс Штельмахерстің шәкірттері де өздеріне өте қажет нұсқау алды. Эстондар бәрін де сауатты түрде бағамдап, доп Джеймс Флоренсте болғанда, қасақана ереже бұзды. Яғни біздің команда екі айып соққысын орындауы керек. Ал матч соңына дейін 13 секунд бар. Олар – үш ұпай айырмасымен алда. Джеймс екі айып соққысын да мүлтіксіз орындап, есеп тағы мейілінше қысқарды. Бұдан кейін біздің команда, әрине, бар күш-жігерлерін салып, допты тартып алу үшін, прессинг қолдануға кірісті. Бірақ бұл әрекеттері сәтсіз шықты. Керісінше, Душан Ристич допты лақтырмақ болған ойыншыға кедергі жасағаны үшін техникалық фолмен айыпталды. Қонақтар мұндай мүмкіндікті қалт жібере қойсын ба, айып соққыларының бәрін де мүлтіксіз орындап, 4 ұпай айырмасымен ұзай түсті. Бұдан кейін «Астана» бапкерлері тағы да тайм-аут сұрады. Алайда матчтың екінші жартысында үш кідірістің бәрі де қолданылған болатын. Сондықтан біздің команда тағы бір айып соққысымен жазаланды. Эстон командасы мұны да мүлт жіберген жоқ. Матч соңында өз мүмкіндіктерін қалт жібермей, сәтті орындап, жеңісті жұлып алды – 78:83 (21:22, 18:15, 16:22, 23:24).
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» – Душан Ристич тағы да дабл-дабл орындады: 17 ұпай және 13 рет доп қағып алды. Ал Стефен Холт біздің команда сапындағы ең нәтижелі ойыншы болды – 19 ұпай және 3 рет доп қағып алды. Малкольм Хилл өз еншісіне 17 ұпай, 6 пас жазып, 3 рет доп қағып алды. Джеффри Крокет болса, әдемі данк орындап қана қоймай, команда қоржынына 11 ұпай салып, 8 рет доп қағып алды.
  • «Калев» – біздің команда бүгін қонақтарының лидерлерін тоқтата алмады: Кайл Виналес 26 ұпай еншіледі, бұдан бөлек 9 нәтижелі пас беріп, 5 рет доп қағып алды; Янари Йоэсаар дабл-дабл орындады – 23 ұпай, 11 рет доп қағып алды.


Салдары: өзекті өртеген бұл жеңіліс «Астананы» плей-офф аймағынан ысырып шығарды, енді біздің команда 7 рет жеңіске жетіп, 11 матчта ұтылған үш команданың ішінде қосымша көрсеткіштері арқылы жоғары орналасып, 9-орынға жайғасты. «Калев» керісінше, әзірше екеуі де меже тұтқан сегіздікке еніп, 8-орында тұр.

Келесі матч: тура бір аптадан кейін, яғни 15 наурызда елорда командасы өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі қарсыласымен додаға түседі. Бұл жолы Нұр-Сұлтанға Саратовың «Автодор» клубы келеді. Матч «Жекпе-жек» спорт кешені аренасында өтеді. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып қойған.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»