«Астана» өз алаңында Эстонияның «Калев» клубынан есе қайтаруды көздейді

04.03.2020, 20:00    Оқылғаны: 707
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы Халықаралық әйелдер күні мейрамында, яғни 8 наурызда ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін өткізіп, өз алаңында Эстонияның «Калев» клубын қабылдайды.

«Калев»
– Эстонияның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Таллинн қаласынан. 1944 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1991
  • Эстония чемпионы − 2000, 2005, 2006, 2009, 2011, 2012, 2013, 2014, 2016-2019
  • Эстония чемпионатының күміс жүлдегері – 2015
  • Эстония кубогының жеңімпазы − 2005-2008, 2016-2017


Калев

Чемпионаттың негізгі додасының бірінші айналымында Қазақстан командасы Таллинге барған. Өз алаңында қарсыласымыз басым түсіп, «Астананы» сәл ғана ұпай айырмасымен ұтып кеткен – 84:76. Эстон командасы содан бері ВТБ Бірыңғай лигасы аясында 10 матч өткізді. «Астанамен» ойнаған соң, өз алаңында тағы да екі рет додаға түсті. «Цмоки-Минск» командасымен ойнағанда, эстондар жеңісті уыстарынан шығарып алды. Есесіне, «Енисеймен» кездескенде, өз жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Таллиндіктер жыл соңына дейін тағы да екі матч өткізген. Алайда, екеуінде де оңбай ұтылып қалды. Әуелі Мәскеу түбінде «Химкиге», одан кейін өз алаңында ЦСКА баскетболшыларына есе жіберді. Қаңтардағы ойындарының бәрі өз алаңында өтіп, Польшаның «Стелмет Зелена Гура» клубынан ойсырай ұтылып, «Автодорды» тізе бүктірді. Ақпанда керісінше, «Калев» барлық ойындарын түзде өткізді. Санкт-Петербургте көпшілікті қайран қалдырып, «Зениттен» жеңісті жұлып алды. Бұдан кейін «Енисей» мен ЦСКА баскетболшыларынан ұтылды. Соңғы ойынын өткен аптада Қазанда өткізіп, жергілікті УНИКС клубынан ұтылып қалды. Бұдан бөлек «Калев» үнемі Эстон-Латыш лигасында ойнап келеді.

Турнир кестесіндегі жағдай: «Калев» клубы да «Астана» секілді 7 матчта жеңіске жеткен. Бірақ олар бір матч артық өткізген. Яғни олардың бір жеңілісі – артық. Сондықтан, «Калев» турнир кестесінде біздің командадан төрт саты төмен тұр. Эстондар 11-орынға, ал «Астана» 7-орынға орналасқан. Егер «Астана» жеңіске жетсе, плей-офф аймағына мейілінше жайғасады. Әрі қосарлана өтіп жатқан ойындардың нәтижесіне байланысты әлі де жоғары көтерілуі мүмкін. Ал егерде «Астана» ұтылып қалса, қайтадан плей-офф аймағынан тыс қалуы ықтимал. Эмиль Райковичтің шәкірттері Эстонияда ұтылып қалғандарымен, қарымта матчта біздің команданың жеңіске жетуге болатын мүмкіндігі мол. Биылғы маусымда біздің ойыншылар өз алаңымызда нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп келеді.

Команда құрамындағы өзгеріс: 2019 жылы 19 желтоқсанда «Калев» сапынан америкалық шабуылшы Келвин Годфри кетіп қалған. Ол екеуара бірінші ойында «Астанаға» қарсы ойнаған. Желтоқсанда «Калев» сапына екі америкалық баскетболшы қосылды. Шабуылшы Майкл Финке былтырғы маусымда өзі оқитын Университеттің намысын қорғаған, ал биылғы маусымды Польшаның «Легия» командасы сапында бастады. Шабуылшы Саша Киллеа-Джонс былтырғы маусымның ақпан айында NCAA додасында ойнауын доғару жөнінде шешім қабылдап, Чехияның 2-ші лигасына ойысқан. Онда «Спарта Прага» командасымен жеңімпаз атанды. Жазда ол немістің «Брауншвейг» командасына ауысқан. Бірақ Бундеслигада бірде-бір ресми ойын өткізген жоқ.

Команда көшбасшылары: дәл қазір америкалық қорғаушы Кайл Виналес пен эстон шабуылшысы Янари Йоэсаар команданың көшбасшылары болып саналады. Тура осы екеуі «Астанамен» болған қараша айындағы матчта өз командаларына жеңіс әперген. Осы ретте атап өтуге тиіспіз, мұның алдындағы Қазанда өткен матчта Кайл команданың лидері болды. Ал Янари болса, ойын хаттамасына да ілікпеді. Бұл екеуінен бөлек, таллиндіктердің негізі ойыншылары – латыш қорғаушысы Айгарс Шкеле және эстон шабуылшысы Кристиан Китсинг. Бірақ бір апта бұрын Қазанда Кристиан да ойын хаттамасына тіркелмеді. Ал Айгерс хаттамаға тіркелгенімен, алаңға сол күйі шықпады. Енді бір эстон шабуылшысы, яғни Кристиан Кангур үнемі бастапқы бестікте алаңға шығып жүр. Сонымен қатар, команданың жаңа ойыншылары Саша Киллеа-Джонс пен Майкл Финкені, сондай-ақ Сандер Райесте, Стэн Сокк, Танел Курбас және Мартин Дорбек сынды эстон жігіттерін де атап өткен жөн. Олар алаңда 10 минуттан артық ойнап жүр.

Матч жексенбі күні, яғни 8 наурызда Нұр-Сұлтандағы «Жекпе-жек» спорт кешені аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі. Матч билеттері Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып қойған. Естеріңізге сала кетейік, «Астананың» Саратовтың «Автодор» клубымен өз алаңында өтетін келесі ойынына да билеттер сатыла бастады. Бұл матч 15 наурыз күні «Жекпе-жек» спорт кешені алаңында өтеді.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»