«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының шығысындағы «Енисейге» қонаққа барады

28.02.2020, 08:00    Оқылғаны: 509
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы көктемді Красноярскіде қарсы алып, 1 наурыз күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында жергілікті «Енисей» клубымен жауапты ойын өткізеді

«Енисей» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск қаласынан, 1981 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, FIBA Еуропа кубогы додасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2011




Красноярск командасымен қаңтар айының басында, Нұр-Сұлтанда өткен бірінші айналымдағы матчта «Астана» 5 ұпай айырмсымен жеңісті жұлып алған болатын – 95:90. Сол кездесуден кейін «Енисей» ВТБ Бірыңғай лигасы аясында тағы бес ойын өткізді. Әрі FIBA Еуропа кубогында төрт рет додаға түсті. Ресей командасына биылғы жылдың басы аса сәтті бола қоймады. Сібірліктер Нұр-Сұлтанда жеңіліске ұшыраған соң, өз алаңында Польшаның «Стелмет Зелена Гура» клубымен кездесіп, жеңісті уыстарынан шығарып алды. Одан кейін түзде екі ойын өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшыларына қонаққа барды. Мәскеу түбінде «Енисей» көпшілікті таң қалдыра жаздап, «Химкиден» 4 ұпай айырмасымен ғана ұтылды. Ал Краснодардың «Локо» командасына 15 ұпай айырмасымен есе жіберді. Ақпан айының басында красноярлықтар тағы да өз алаңында жеңістен айырылып қалып, «Пармадан» 2 ұпай айырмасымен ұтылды. Жұлдыздар матчы қарсаңындағы үзіліске дейін «Енисей» өз алаңында «Калев» клубын ұтты – 86:73. FIBA Еуропа кубогы додасында да «Енисей» қаңтардағы матчтарының бәрін де жеңілістің кермек дәмін татты. Бірақ екінші кезеңдегі соңғы ойынында жеңіске жетті. Алайда бұл ойын ештеңе де шешпейтін еді, красноярлықтар FIBA Еуропа кубогындағы додадан тыс қалды.

Турнир кестесіндегі жағдай: Жыл басындағы ойындарын сүреңсіз өткізгендеріне қарамастан, «Енисей» қазір турнир кестесінің бесінші сатысында тұр. Мұның бәрі Красноярск командасының маусым басында, жалпы чемпионаттың бірінші жартысында көсіле сілтеп, өте сәтті ойын өрнегін көрсеткен діктерінен – олар Жаңа жылға дейінгі 10 матчта 6 рет жеңіске жеткен болатын, оның үстіне, ЦСКА, «Локомотив-Кубань» және УНИКС секеілді көшбасшылардан басым түскен. «Астана» қазір 11-орында тұр. Бірақ дәл қазір турнир кестесіндегі жағдай – өте шиеленісті. Таратып айтар болсақ, біздің жігіттердің Красноярск командасынан бір жеңісі ғана кем. Егер «Астана» «Енисейді» жеңіп кетсе, онда плей-офф аймағына қайта орала алады. Бірақ мұның бәрі осы демалыс күндері өтетін басқа ойындардың нәтижесіне де байланысты. Ал егерде, «Астана» ұтылып қалса, онда турнир кестесіндегі орнынан қозғалмайды. Бірақ плей-офф аймағынан алыстай түседі. Осы жерде ұмытпауға тиіспіз, биылғы маусымда біздің команданың түзде жолы болмай жүр. Десек те, әрдайым үмітімізді үзбейміз, Эмиль Райковичтің шәкіртерінің қарсыласын жеңетін мүмкіндіктері баршылық.

Команда құрамындағы өзгеріс: 13 қаңтар күні «Енисей» құрамынан америкалық қорғаушы Дариус Моррис шығарылып тасталды. Бірақ ол ВТБ Бірыңғай лигасы аясында соңғы ойынын 11 қарашада өткізген, яғни «Астанамен» өткен кездесуде ойын хаттамасына тіркелген де жоқ болатын. Ал жаңа ойыншыларына келетін болсақ, «Енисей» сапында «Астанамен» болған матчтан бері мұндай өзгеріс жоқ.

Команда көшбасшылары: команданың көшбасшылары – еңгерзедей хорват шабуылшысы Томислав Зубчич (ең тиімді ойыншы) және америкалық қорғаушы Дэвион Берри (ең көп ұпай жинаған ойыншы). Екеуі де бірінші айналымдағы екеуара матчта Қазақстан командасына көп қауіп төндірген. Орталық шептегі америкалық Дастин Хог та команда көшбасшыларының бірі болып саналады. Ол – «Енисей» сапында доп қағып алу көрсеткіші бойынша теңдессіз, әрі қарсыластарының бәрі дерлік оған қарсы ойнағанда ережені көп бұзады. Ресейлік ойыншылар ішінен қорғаушы Денис Захаров көзге жиі түсіп жүр. Негізгі құрамдағы ойыншыларына бұлардан бөлек серб қорғаушысы Никола Ребич, америкалық шабуылшы Гарлон Грин және ресейлік шабуылшы Александр Гудумак кіреді. Бапкері Дражен Анзулович америкалық қорғаушысы Чавон Льюисті үнемі алаңға шығарып, ойынға қосып отырады. Сондай-ақ шабуылшы Артем Комиссаров пен қорғаушы Иван Викторовқа да мүмкіндік беріп жүр. Сонымен қатар, бастапқы бестікке орталық шептегі Илья Попов пен қорғаушы Сергей Митусов та ілігіп тұрады, бірақ олардың алаңда өткізген уақыттары – орта есеппен бір ойында 10 минуттан да аз.

Матч жексенбі күні, яғни 1 наурызда Красноярскідегі «Арена Север» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі, сондай-ақ QazSport телеарнасында 19:45-те қайталанып көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында елорда командасының өз алаңында өткізетін алдағы ойындарына билеттер сатыла бастады – 8 наурыз күні Эстонияның «Калев» клубымен және 15 наурызда Саратовтың «Автодорымен». Екі кездесу де Нұр-Сұлтанда «Жекпе-Жек» спорт кешені аренасында өтеді.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»