«Астана» ел чемпионаты соңында «Синегорьені» сүріндірді

05.02.2020, 10:00    Оқылғаны: 642
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы «Синегорье» командасын екі матчтық кездесудің біріншісінде ойсырата ұтып, Ұлттық лига чемпионатының негізгі додасындағы жеңісті жолын жалғады.

Бүгінгі матчтың хаттамасына қазақстандық ойыншылармен бірге Стефен Холт пен Душан Ристич тіркелді. Әрі бұған дейінгі, Ұлттық лига аясында «Каспий» командасымен өткен, легионерлер алаңға мүлдем шықпаған, екі матчпен салыстырғанда, бүгінгі ойында Душан да, Стефен де, бастапқы бестікте ойнады. Бұл екеуімен бірге алаңға алғашқы минуттан бастап Роберт Пан, Рустам Мырзағалиев және Максим Марчук үшеуі шықты.

Ортаға лақтырылған допты көкшетаулықтар қағып әкеткенімен, олар бірінші шабуылдарында мүлт кетті. Ал Роберт Пан біздің бірінші шабуылымызды сәтті аяқтап, есеп ашты. Ойын басында біздің жігіттер басымдық танытып, әр минут сайын есеп айырмасын ұлғайта түсті. Тура төрт минут өткенде, Душан Ристич есеп айырмасын 10 ұпайға жеткізді. Бұдан кейін Көкше командасы есепті қысқарта алды, бірақ бірінші кезеңнің аяғына дейін негізінен 10 ұпай айырмасы сақталып тұрды. Екінші кезең де осылай, бірінші кезеңнің екінші бөлігіндегідей өтіп, екі команда тең дәрежеде ойнады. Тіпті Андрей Литвиненко есеп айырмасын «+14» ұпайға жеткізгенде де, көкшетаулықтар табандылық танытып, тайталаса берді. Олар әрі кезеңнің ортасына қарай есеп айырмасын тағы да 9 ұпайға дейін қысқартты. Алайда матчтың бірінші бөлігінің қалған 5 минутында біздің команда тағы да құйындай орап соғып, есеп айырмасын ұлғайта түсті. Астана баскетболшыларының қарқындары үдей түсіп, үлкен үзіліс алдындағы соңғы минутта Стефен Холт екі айып соққысын мүлтіксіз орындады. Сөйтіп, матчтың бірінші жартысы аса ірі есеппен аяқталды – 29:49.



Ойынның бірінші жартысында «+20» ұпаймен қара үзіп кеткен «Астананың» бұл ойында жеңіске жететініне күмән келтіру мүмкін емес еді. Оның үстіне, Эмиль Райковичтің командасы үшінші кезеңде де тізгін тартқан жоқ. Қарсыласымыз үшінші кезеңде серпіліс жасап, табан тіресе додаға түскенімен, біздің жігіттер оларды сабаларына тез түсіріп, есеп айырмасын қайтадан кезең басындағы шамаға жеткізді. Үшінші кезеңнің соңында «сары-көкшілдер» толықтай үстемдік құрып, қарсыласына ешқандай мүмкіндік бермеді. Стефен Холт пен Вадим Щербак үшінші онминуттықтың аяғында астана командасының басымдығын «+35» ұпайға жеткізді. Соңғы кезеңнің екі минутқа да жетпес уақыты өткенде, тағы да Вадим Щербак өзінің кезекті үш ұпайлық добымен «Астананы» қарсыласы қуып жете алмастай шамаға жеткізді. Бірер минуттан кейін Александр Жигулин бірнеше шабуылды сәтті аяқтап, «Астана» «+48» ұпаймен қара үзіп кетті. Мұндай есеп айырмасы «Синегорье» еңсе көтере аларлықтай емес еді, әрі уақыт та аз қалған. Десек те, көкшетаулықтар күш-жігерлерін салып, тағы да талпынып көруге тырысты. Әйтсе де, «Астана» қарсыласын күйрете жеңді. Есеп – 55:96 (13:22, 16:27, 11:26, 15:21).

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Душан Ристич 12 ұпай еншілеп, 8 рет доп қағып алып, 3 пас берді және 2 рет тосқауыл қойды. Стефен Холт өз еншісіне 16 ұпай жазып, 4 рет доп қағып алды. Қазақстан ойыншылары ішінде ең тиімді және нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен Вадим Щербак болды – 12 ұпай және 3 рет допты тартып әкетті. Ал Александр Жигулин, Дмитрий Гаврилов және Рустам Мырзағалиев бүгін 10 ұпайден еншіледі.
  • «Синегорье» – қарсыласымыздың сапында командаға жақында ғана қосылған америкалық шабуылшы Карим Брютон үздік болды – 19 ұпай және 4 рет доп қағып алды. Қазақстан шабуылшысы Василий Петришинец 9 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды.

Салдары: біздің командаға да, қарсыласымызға да бір ойын қалды. Турнир кестесіндегі жағдай өзгеріссіз қала береді. Ал елорда командасына ел чемпионатының негізгі бөлігін жеңіліссіз аяқтау үшін бір жеңіс қана қалды.

Келесі матч: ертең, яғни 5 ақпан күні «Астана» мен «Синегорье» арасында, биылғы Ұлттық лига чемпионатының негізгі бөлігіндегі соңғы ойын өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.
 

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында елорда командасының ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, өз алаңында, өткізетін алдағы ойындарына билеттер сатыла бастады – 10 ақпан күні ЦСКА (Мәскеу) және 14 ақпанда «Химки» (Мәскеу облысы) клубтарымен.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»