«Астана» түзде «Пармаға» овертаймда есе жіберіп алды

13.01.2020, 10:00    Оқылғаны: 1071
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы түзде, ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті матчында, «Парма» клубына овертаймда есе жіберіп алып, екеуара кездесулер тарихында Пермде бірінші рет ұтылды.

Елорда командасының барлық жанкүйерлері «Астана» мен «Парманың» бұған дейінгі кездесулері статистикасына сенім артып, үміттенген еді. Ол бойынша біздің жігіттер Пермде ешқашан ұтылмаған болатын. Алайда алаң иелері, әрине, бұл статистиканың тамырына балта шауып, өз жерінде «Астананы» бірінші рет ұту үшін барын салды. Осылайша, бұл ойында дода көрігі мейілінше қыза түсті. Матч басталған бетте Эмиль Райковичтің ойындағыларын алаңда жүзеге асыруға Душан Ристич, Александр Жигулин, Джеймс Флоренс, Малкольм Хилл және Вадим Щербак бестігі шықты.

Душан Ристич ортада лақтырылған допты қағып ала алмай, оны өзімен таласа секірген қарсыласы қапы қалдырды. Осыдан кейін алаң иелері алғашқы шабуылдарында болмаса да, іле-шала есеп ашты. «Астана» өзінің алғашқы шабуылдарын алыстан өрбітіп, шығыршықты қашықтан нысанаға ала бастады. Бірақ бұдан нәтиже болмады. Астаналықтардың қарша боратқан үш ұпайлық осындай алты мүмкіндіктерінің тек Малкольм Хиллдің орындауындағы біреуі ғана шығыршыққа дөп түсті. Ал «Парма» болса, кезең ортасына қарай 6 ұпай айырмасымен алға ұзап кетті. Бірақ Малкольм Хилл шабуыл кезінде қайтқан допты қағып алып, Александр Жигулин екі ұпай еншіледі. Яғни біздің команда есепті қысқарта бастады. Бірінші кезеңнің аяқталуына үш минут қалғанда, сол баяғы Жигулиннің үш ұпайлық соққысымен біздің команда бұл ойында есепті алғаш рет теңестірді. Алаң иелері табан тіресе тайталасып, біздің команданың алға шығып кетуіне жол бермеді. Бірақ соңғы минутта Джеремайя Хилл доға сыртынан нысананы дәл көздеп, «Астана» бірінші рет алға шықты. Алайда бірінші кезеңнің аяқталғанын білдіретін сирена шырылдағанда, таблода төрт екі маздап жанып тұрды. Екінші кезеңде табан тірескен дода көрігі одан әрі қыза түсті. Біздің жігіттер суырылып алға шыққандарымен, пермдіктер үнемі есепті теңестіріп отырумен болды. Әрі «Астананың» құйрық үзіп, алға шығуына мүмкіндік бермеді. Кезеңнің тең жартысы тура осылай өтті. Бірақ осыдан кейін біздің жігіттер жауапсыз және өте сәтті екі шабуыл ұйымдастырып, таблодағы есепте «Астана» +7 ұпай айырмасымен алға ұзады. Масквитис тайм-аут алса да, ойын барысына өзгеріс енгізе алмады. Десек те, «Парма» біздің жігіттердің есепті ұлғайта берулеріне жол берген жоқ. Кезеңнің аяқталуына бір минуттан сәл ғана асатын уақыт қалғанда, пермдіктердің жаттықтырушылар штабы тағы да бір тактикалық үзіліс алды. Ал бұл жолы одан нәтиже болды. Алаң иелері белсенді түрде есеп айырмасын қысқартумен ғана шектелмей, үлкен үзіліске дейін таразы басын өздеріне қарай аударып та үлгерді – 42:40.



Үшінші кезең басталғаннан бастап, Эмиль Райкович шәкірттерінің ойыны мүлдем үйлеспей қойды. «Астананың» 4 минутта қол жеткізген «жетістігі» Малкольм Хилл еншілеген екі ұпай ғана болды. «Парма» болса, бұл уақыт аралығында қарап қалмай, есеп айырмасын екі ұпайдан екі таңбалы санға дейін ұлғайта түсті. Үшінші онминуттықтың ортасына қарай «Астана» ойыншылары алаң иелерінің «дуаланған» шығыршықтарының «сиқырын» бұзып, доп сала бастады-ау, ақыры. Бірақ екпін алып алған пермдіктер тізгін тартар емес, есеп айырмасын одан әрі ұлғайта берді. Ол үшінші кезеңнің аяқталуына екі мимнут қалғанда, тіпті 20 ұпайды жуықтады. «Астана» үшін өте қиын жағдай еді, бірақ елорда баскетболшылары намысты қолдан бере қойсын ба?! Қалған екі минутты өте тиімді өткізіп, есеп айырмасын «–18-ден» «–11-ге» дейін қысқартты. «Астана» үшін үшінші кезең шектен тыс сәтсіз болды, бірақ оның соңында біздің жігіттер қарқындарын үдетіп, есеп айырмасын біршама қысқарта түсті. Енді есеп айырмасы соншалықты үрейлі емес еді. Соңғы кезең Қазақстан командасының ойыншылары үшін екпінді басталды. Олар екі рет қарсыластарынан допты тартып алып, шабуыл ұйымдастырды, бірақ екеуінде де мүлт кетті. Ал бұл онминуттықтағы есепті пермдіктер ашты. «Астана» өзіне ауадай қажет ұпайларға шүмектетіп тер төге қол жеткізумен болды. Бірақ «Парма» да айылын жимай, шабуылға шығып, өз басымдығын уысынан шығармауға тырысты. Әйтсе де, есеп айырмасы баяу да болса, қысқара берді. Алаң иелері қанша тайталасса да, «Астана» жоспарлы түрде есепті теңестіруге кірісті. Сөйтіп, матчтың аяқталуына бір жарым минуттан сәл ғана асатын уақыт қалғанда, Джеремайя Хиллдің арқасында таразы басы теңесті. Бұдан кейін де екі рет талпынып көрген, соңғы секундтарда шабуылға шыққан «Астананың» жеңісті жұлып алар мүмкіндігі болды-ақ. Бірақ сәті түспей, ойын овертаймға созылды. Есеп – 86:86.

Екі команда да шектен тыс шиеленісті додадан әбден титықтап қалды. Сондықтан қосымша бес минут ойын уақыты екеуіне де қиынға соқты. Әрбір ұпай алтынға пара-пар еді, ал кез келген қателіктің түзелмейтін кесірі болуы тиіс-тін. Овертаймның жартысында командалар иық тіресе өткізді, әрі матчтың қалай аяқталарын болжау да мүмкін болмады. Бірақ осыдан кейін «Парма» өз жанкүйерлерінің қызу қолдауының арқасында ширыға түсіп, кішігірім гандикапқа қол жеткізді. «Астана» ойыншыларының шаршап қалғандықтары байқалды. Әйтсе де, біздің команданың да мүмкіндігі болды. Бірақ доп ең қажетті сәттерде шығыршықа түспей қойды. Осылай, «Парма» өз тарихында алғаш рет Қазақстан командасын Пермде жеңді – 100:91 (22:22, 20:18, 25:16, 19:30, 14:5).
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» — бұл ойында ең көп ұпай еншілеген нәтижелі ойыншы Малькольм Хилл болды. Ол бүгін 26 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды. Джеремайя Хилл де 20 ұпайдан артық жинады – 21 ұпай, 4 рет доп қағып алды және 4 пас берді. Душан Ристич бүгін кезекті дабл-даблымен қуанта алмады, бірақ оған мейілінше жақын болды – 9 ұпай және 11 рет доп қағып алды. Ал Джеймс Флоренс пен Стефен Холт өз көрсеткіштерін 10 ұпайдан асырды. Джеймс 12, ал Стефен 11 ұпай еншіледі.
  • «Парма» — сөз жоқ, бүгін Адас Юшкевичюс көсіле сілтеді – 21 ұпай, 5 рет доп қағып алды және 5 пас берді. Марекс Мейерис дабл-дабл орындап, көзге түсті – 16 ұпай және 11 рет доп қағып алды. Ал Николай Жмако өз командасына 19 ұпай қосты.


«Парма» клубының бас бапкері — Казис Максвитис:
— Бұл өте құбылмалы ойын болды. Мен командамның жанкештілік танытқанына ырзамын, әсіресе, олар үшінші кезең мен овертаймда көңілден шықты. Өкініштісі, қарсыласымыздың есепті қысқартуына мүмкіндік беріп қойдық, сөйтіп овертаймда тер төгуге тура келді. Мұның себептерінің бірі аптаның ортасынан бері Лоренцо Уильямс пен Максим Григорьевтің кішігірім жарақат алып қалуларынан секілді. Ал Роберт Джонсон жалпы жаттығу жұмыстарына қатыса алмаған болатын. Бірақ мен өз жігіттерімнің қайсарлықтарына және ойын өрісін өзгерте алғандарына және овертаймда жеңіске жеткендеріне дән ризамын.

«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович:
— «Парманы» жеңісімен құттықтаймын. Жанкүйерлер үшін бұл өте қызық ойын болды. Біз қарсыласымыздың екі рет ұпай айырмасы бойынша қара үзіп кетуіне мүмкіндік беріп қойдық. Бірақ біз одан кейін 18 ұпай айырмасын да қысқартып, дода көрігін қыздыра түстік. Матчтың соңғы секундтарында доп бізде болды, әрі өзіміз жоспарлағандай, дәл соққымен жеңісті өңгеріп кетер мүмкіндік те болды. Алайда, өкінішке қарай, оны жүзеге асыра алмадық. Овертаймда 9 ұпай айырмасымен есе жіберіп қойдық. Мен мұны өте көп деп есептеймін.



Салдары: «Астана» Пермде жеңіліп қалған соң, тағы да плей-офф аймағынан тыс қалып, турнир кестесінде 9-шы орынға сырғыды. Ал «Парма» өз орнынан қозғалған жоқ, сол бұрынғысынша төменнен санағанда екінші, яғни 12-ші орында тұр.

Келесі матч: 17 және 18 қаңтар күндері астана баскетболшылары Қостанайға қонаққа барып, Ұлттық лига аясында «Тобылмен» екі рет додаға түседі. Ал ВТБ Бірыңғай лигасысындағы келесі ойынын Эмиль Райковичтің шәкірттері 26 қаңтар күні, өз алаңында Польшаның «Зелена Гура» клубымен өткізеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»