«Астананың» жаңа жылдағы бірінші қарсыласы – красноярскілік «Енисей»

27.12.2019, 10:00    Оқылғаны: 855
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы жаңа жылдағы бірінші ойынын өз алаңында өткізіп, 5 қаңтар күні елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Красноярскінің «Енисей» клубын қабылдайды.
 


«Енисей» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск қаласынан, 1981 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, FIBA Еуропа кубогы додасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2011


Бас бапкер:

Биылғы маусымда команданы хорват маманы Дражен Анзулович жаттықтырып жүр. Дражен маусым аралығында бұл қызметте ресейлік Олег Окуловты алмастырды. Ал ол өз кезегінде, Красноярск командасында төрт жыл қатарынан тер төккен болатын. Анзулович Югославияда туған, ойыншы ретіндегі карьерасын түгелдей дерлік Загребтің «Цибонасында» өткізген. Осы ұжыммен Югославия чемпионы болып, FIBA Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған. Алғашқы бапкерлік тәжірибесін 2001 жылы бастап, «Загреб» клубының тізгінін қолына алған. Ал 2003 жылы Дражен «Цибонаға» оралып, бас бапкер болып бекітіледі. Әрі төрт маусымда үш рет Хорватияның премьер лигасында топ жарады. Бұдан кейін ол Ресейдегі «Урал Грэйт» командсына барады. Бірақ дәл осы маусымда «Спиру Шарлеруа» командасына бас бапкер болып, осы ұжыммен бірден Бельгия Кәсіпқой лигасында топ жарады. Ал келесі маусымда олармен тағы да чемпион атанып, Бельгия кубогы мен Суперкубогында жеңіп алады. 2009/2010 маусымында ол Рамунус Бутаутасты алмастырып, «Донецк» командасына бас бапкер болып тағайындалады. Әрі бірінші маусымда-ақ ВТБ Бірыңғай лигасына қатысады. 2010/2011 маусымында Анзулович өз Отанына оралып, қайтадан «Цибона» клубының тізгінін қолына алады. Әрі Хорватия кубогын жеңіп алады. Одан кейін Хорватияның тағы бір командасын, атап айтқанда, «Цедевита» клубын жаттықтырады. Содан кейін, екі маусымдай уақытқа созылған үзілістен соң, Польшаның «МКС Домброва-Гурнич» командасына бас бапкер болады. 2016/2017 маусымында Хорватия құрамасының бас бапкеріне көмекші болып, одан кейін Қытайдағы «Нанкин Монкей Кинг» командасына ойысады. Былтырғы маусымда Дражен Анзулович Хорватия құрамасының бас бапкері болып, өз елінің қырандарымен Станкович кубогын жеңіп алды.

Дражен Анзулович

Команда құрамы:

Маусым аралығында команда сапындағы легионерлері түгелдей ауысты. Кеткендердің арасында америкалық қорғаушылар ДиЭнджело Харрисон мен Джон Роберсон, сондай-ақ америкалық шабуылшы Алекс Янга және Латвияның орталық шептегі ойыншысы Мартиньш Мейерс болды. Сонымен қатар, командадан америкалық шабуылшы Майкл Брузевиц және Украина қорғаушысы Денис Лукашов та кетіп қалды. Маусым аралығында «Енисеймен» үш ресейлік ойыншы да келісімшарттарын ұзартпады – қорғаушы Василий Заворуев, шабуылшылар Александр Лавников және Глеб Голдырев. Ал ресейлік бес ойыншы Краснодар командасының намысын қорғауды одан әрі жалғастырды. Тәжірибелі шабуылшы Артем Комиссаров өз карьерасын «Красный Октябрь» командасында бастап, «Зенит» және «Урал» клубтары сапында ойнаған. Артем – Ресей кубогының күміс жүлдегері, сондай-ақ ВТБ Бірыңғай лигасының, Ресей чемпионатының және кубогының қола жүлдегері. Красноярск командасы сапында үшінші маусым ойнап жүр. Қорғаушы Денис Захаров та үшінші маусым қатарынан ойнайды, бірақ ол жалпы алғанда, «Енисей» сапында төртінші маусым өнер көрсетеді. Сонымен қатар, «Локомотив-Кубань», «Нижний Новгород», «Динамо Мәскеу» және «Спарта и К» командалары сапында ойнаған. Ол – Ресей кубогының күміс жүлдегері және Жоғарғы лигасы мен Суперлигасының қола жүлдегері. Қорғаушы Иван Викторов Красноярск командасының намысын екінші маусым қорғайды. Бұған дейін «Нижний Новгород» және «Химки-Подмосковье» клубтары сапында ойнаған. Орталық шептегі Илья Попов өз карьерасын «Спартакта» бастап, «Нижний Новгород» және «Спартак-Приморье» командалары сапында өнер көрсеткен. Былтырғы маусымды «Енисей» құрамында бастап, Швейцарияның «Лайнс де Женев» клубына жалға беріліп, сонда аяқтаған. Илья – Ресей Суперлигасының, Швейцария чемпионатының және Ресей кубогының екі дүркін күміс жүлдегері. Қорғаушы Сергей Митусов – «Енисейдің» жергілікті жас ойыншысы, команда сапында 2015 жылдан бері. Сондай-ақ, орталық шептегі Игорь Каныгинді де атап өту керек. Ол былтырғы маусымның наурыз айында командадан қуылған, бірақ биылғы маусымда «Востоке-65» сапындағы ойындарынан кейін қайтып келді. Красноярск командасында ол 2016 жылдан бері ойнайды. Ал бұған дейін үш жыл «Локомотив-Кубань» клубының намысын қорғаған.

Биыл «Енисейдің» құрамын бес бірдей америкалық ойыншы толықтырды. Қорғаушы Дариус Моррис негізінен АҚШ-та ойнаған. «Лос-Анджелес Лейкерс», «Филадельфия Севенти Сиксерс», «Лос Анджелес Клипперс», «Мемфис Гризлис» және «Бруклин Нетс» сынды командалар сапында болған. Сонымен қатар, ҰБҚ Жетілу лигасындағы «Лос -Анджелес Ди-Фендерс», «Рио Гранде Вэллей Вайперс» және «Санта-Круз Уорриорз» командалары сапында ойнаған. Дариус сондай-ақ Қытайдың «Гуандон Саузерн Тайгерс» клубы сапында өнер көрсеткен. Қорғаушы Дэвион Берри өз карьерасын Италияның «Торино» клубы сапында бастаған, одан кейін ҰБҚ Жетілу лигасындағы «Мэн Рэд Клавс» және «Рэпторс 905» командалары сапында бақ сынаған. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея, Грекия және Германия командалары сапында ойқастаған. Шабуылшы Гарлон Грин карьерасын Австралияда бастағанымен, Жапонияға тез ауысып кеткен. Одан кейін Германия мен Бельгияда көзге түскен. Гарлон былтырғы маусымды «Химки» сапында бастаған, бірақ Израильдің «Хапоэль» командасына ауысып кеткен-тін. Орталық шептегі Дастин Хог кәсіби деңгейдегі ойынын Грекияда бастап, Италияға ауысып кеткен. Сондай-ақ Қытайға барып, біраз сонда ойнаған. Қорғаушы Чавон Льюис Литва мен Польшада ойнаған, былтырғы маусымды Эстонияның «Калев» клубы сапында өткізді. Биылғы маусымды «Нижний Новгород» құрамында бастап, бірақ «Енисейге» ауысып келді. Орталық шептегі, тәжірибелі хорват қыраны Томислав Зубчич – Хорватияның бес дүркін чемпионы, Хорватия кубогының үш дүркін жеңімпазы, сондай-ақ Адриатик лигасының және Литва чемпионатының күміс жүлдегері. Ол хорват, литва, түрік, неміс және испан командалары сапында, сонымен қатар Босния және Герцеговина ұжымы құрамында ойнаған. Бұлардан бөлек, Томислав ҰБҚ Жетілу лигасындағы «Оклахом Сити Блю» командасы және ВТБ Бірыңғай лигасындағы «Автодор» және «Нижний Новгород» клубтары сапында өнер көрсеткен. Сондай-ақ, биылғы маусымда «Енисей» сапында серб қорғаушысы Никола Ребич ойнап жүр. Ол – Адриатик лигасы мен Сербияның екі дүркін чемпионы және Сербия кубогының иегері. Никола негізінен Сербия командалары сапында ойнаған. Бірақ былтырғы маусымды Испанияда, содан кейін Црна Горада өткізді. Командаға биыл қосылған ресейлік жаңа ойыншы Александр Гудумак болды. Алайда оны жаңа ойыншы деп айта алмаймыз. Себебі ол «Енисейде» 2017/2018 маусымында ойнаған. Сонымен қатар, ЦСКА, «Автодор», «Красный Крылья», «Нижний Новгород», «Сахалин» және «Востока 65» командалары сапында болған. Әрі Александр ВТБ Бірыңғай лигасы мен Ресей чемпионатында екі рет алтынмен апталған, Суперлигада чемпион болған. Сонымен қатар, қазір «Енисей» құрамында жас шабуылшы Илья Усольцев бар, ол бұған дейіе «Зенит» пен «Локомотив» сапында ойнаған.

Баскетбольный клуб Енисей 2019/2020

Команда көшбасшылары: Дэвион Берри биылғы маусымда «Енисейдің» барлық ойындарында өнер көрсетіп, орта есеппен алаңда 30 минуттан өткізіп жүр. Әрі ойын сайын 20 ұпайдай еншілеп келеді. Дастин Хог бастапқы бестікте жиі ойнап жүрген жоқ. Бірақ ол мұның командада тиімділігі және орта қашықтықтан нәтижелілігі бойынша лидер болуына кедергі болар емес. Сондай-ақ шығыршық түбінде көзге түсіп, орта есеппен бір ойында 6,6 рет доп қағып алып, көш бастап келеді. Сонымен қатар, команда көшбасшыларының бірі Томислав Зубчич болып есептеледі. Америкалықтар Дариус Моррис пен Гарлон Грин соңғы ойындарда алаңға шықан жоқ. Ал ресейліктер Денис Захаров пен Артем Комиссаров және серб Никола Ребич үнемі алаңға шығып, жаттықтырушылары құрамының сеніміне ие болып жүр.

Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» 2019 жылды жеңіспен аяқтап, түзде «Зелена Гура» командасын тізе бүктірген. Бірақ жалпы саны 10 ойын өткізіп, турнир кестесінде 11-орынға табан тіреп тұр. «Енисей» болса, бірінші ойында-ақ көпшілікті қайран қалдырып, өз алаңында ЦСКА командасын жеңіп кетті. Рас, одан кейін өз алаңында «Химки» клубынан ұтылып қалды. Содан соң екі рет жеңіске жетіп, түзде «Парманы», өз алаңында «Автодорды» сан соқтырып кетті. Бұдан кейін түзде «Зенитен» ұтылып қалды да, сырт алаңдағы шиеленісті ойында «Цмоки-Минск» клубын қапы қалдырды. Әрмен қарай «Локомотив-Кубань» жігіттерін өз жанкүйерлері алдында тізерлетіп, түзде «Калев» пен «Нижний Новгород» клубтарына есе жіберіп алды. Сөйтіп, «Енисей» 5 жеңіс, 4 жеңіліспен турнир кестесінде 5-орынды иеленіп тұр.

Кездесулер тарихы: «Енисей» де «Астана» секілді ВТБ Бірыңғай лигасына 2011/2012 маусымында қосылған. Бірақ бұл екі ұжым алғаш рет алаңда 2014/2015 маусымында кездесті. Бірақ Лига аясында емес, жолдастық кездесуде додаға түсті. Онда Қазақстан командасы жеңіске жетті. «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы матчта да басым түскен, бірақ екеінші ойында ұтылып қалды. 2015/2016 маусымында «Енисей» екі матчта да басым түсті. Соңғы үш маусымда әр команда өз алаңында басымдық танытып, түзде жеңілістің кермек дәмін татып келеді. Жалпы, «Астана» мен «Енисей» өзара 11 рет кездесті. Оның 10-ы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өтті. «Енисей» 6 ойында жеңіске жетіп, «Астана» 4 рет басым түсті.

Қызықты деректер:

  • Соңғы үш маусымда «Астана» өз алаңында «Енисейден» ұтылған емес.
  • Қазақстан командасы жеңіске жеткен жағдайда екеуара кездесулердегі нәтиже теңеседі.


Матч жексенбі күні, 5 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сондай-ақ QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»