«Астана» Польшада түздегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді

23.12.2019, 10:00    Оқылғаны: 530
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы 2019 жылғы соңғы матчын Польшада өткізіп, «Зелена Гура» клубынан басым түсті. Бұл – біздің команданың биылғы маусымдағы, түздегі алғашқы жеңісі.

Поляктармен өтетін матчқа дейін «Астана» төрт рет ұтылып қалған болатын. Ал бұл біздің жігіттердің 2019 жылғы соңғы матчтары екенін ескерсек, олардан тек жеңіс күттік, әрине. Бұл ойындағы маңызды жәйт, «Астананың» үр жаңа ойыншысы Джеймс Флоренстің алғаш рет елорда клубы сапында алаңға шығуы болды. Ол бұдан дейін «Зелена Гураның» намысын қорғаған, ал бүгін бастапқы бестікте ойынға шықты. Біздің бастапқы бестікте одан басқа Малкольм Хилл, Душан Ристич, Александр Жигулин және Вадим Щербак ойнады.

Доптың ойынға қосылуы түсініксіздеу болса да, допты иелену құқығы «Астанаға» берілді. Ал біздің Вадим Щербак үш ұпайлық соққысымен есеп ашты. Матчтың бірінші минутында Джеймс Флоренс «Астана» сапындағы және ВТБ Бірыңғай лигасы додасындағы алғашқы ұпайларын еншісіне жазды. Ол да үш ұпайлық добын шығыршыққа дөп түсірді. Бірінші кезеңдегі ойын, әсіресе Эмиль Райковичтің шәкірттерінің қимылдары өте жылдам болды. Олар ойынның 5 минут уақыты өткенде 15 ұпай еншілеп, алаң иелерінен 7 ұпай озық тұрды. Десек те, Польша командасы жеңісті қолдан бермесін көрсетіп, тайталасып бақты. Әрі «Зелена Гура» дода көрігін қыздыра түсіп, есеп айырмасын қысқарта бастады. Сөйтіп, бірінші кезеңнің аяқталуына бір минут қалғанда небәрі бір ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Әйтсе де, біздің команда бірінші кезеңді +3 айырмасымен аяқтады. «Астана» бірінші кезеңнің басынан аяғына дейін алда болды. Бірақ екінші кезеңде лидер рөлін уысында көп ұстап тұра алмады. Үшінші минутта Польша баскетболшылары жергілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөлеп, алға шықты. Алайда небәрі екі минуттан кейін Қазақстан командасы таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударды, Әрі сәл ғана басымдықты кезең біткенше уыстарынан шығармай, ұстап тұрған. Бірақ соңғы секундтарда алаң иелері алға шығып, матчтың бірінші жартысында бір ұпай айырмасымен басым болды – 43:42.



Үшінші кезең басталған бетте, «Астана» Душан Ристичтің соққысынан соң қайтадан алға шықты. Бірақ бұдан кейін алаң иелері таразы басын тағы да өздеріне қарай аударып алды. Олар тіпті есеп айырмасын бес ұпайға дейін жеткізді. Бірақ мұны басымдық деп айтуға да келмейтін еді. Ол ойын өрбісінен де байқалып тұрды. Жалпы, «Зелена Гура» ойыншылары үшін бұл кезең аса сәтті болды. Бірақ олар екпін алып, алысқа ұзап кете алмады. Ал үшінші кезең аяқталуға айналғанда, «Астана» ойынды тепе-тең дәрежеге жеткізді. Поляктар есепті теңестіруге жол бермеуге қалай тырысса да, «Астана» соңғы минутта таразы басын теңестіріп, тіпті бір ұпай айырмасымен алға шықты. Бұл да біздің команданың жеңіске жетуіне сенім ұялататын басымдық емес еді. Ал дода көрігі мейілінше қыза түсті. Әрине, соңғы бес минуттағы ойын өрбісі әр ұпай үшін жанталасқан, табан тірескен дүлей додаға ұласты. Ойынның қалай аяқталарын болжау мүлде мүмкін емес еді. Шектен тыс шиеленісті ойында әрбір ұпайдың шешуші рөл атқаруы мүмкін екендігін екі команда да жақсы түсінді. Соңғы 10 минуттағы ойын осылай тартысты өтті. Кезең басталғанда, «Астана» алда тұрғанымен, матчтың аяқталуына алты минут қалғанда есеп қайта теңесті. Яғни бәрі де әлі алда еді. Матч соңында «Астана» қайтадан алға шықты, бірақ жеңістен айырылып қала да жаздады. Бірақ алаң иелері матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда, өте маңызды үш ұпайлық соққыларын шығыршыққа дөп түсіре алмай жаза басты. Бұдан кейін біздің жігіттер биылғы маусымда түздегі алғашқы жеңістеріне қол жеткізді – 78:81 (23:26, 20:16, 18:20, 17:19).
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» — Душан Ристич шығыршықтан қайтқан допты қағып алудан ВТБ Бірыңғай лигасындағы өзінің көшбасшылық мәртебесін нығайта түсіп, бұл ойында тағы да дабл-дабл авторы атанды – 19 ұпай және 17 рет доп қағып алды. Джеймс Флоренс алғашқы ойынын өте табысты өткізіп, өзінің бұрынғы командаластарын сан соқтырып, 25 ұпай еншіледі және 3 пас берді. Ал Малкольм Хилл үшін бұл ойын соншалықты сәтті болмады, десек те, ол 9 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды және 8 пас берді.
  • «Стелмет Энеа Зелена Гура» — Польша командасы сапында ерекше көзге түскендер: олардың ең бойшаң ойыншысы Ивица Радич – 19 ұпай және 8 рет доп қағып алды, сондай-ақ Тони Мейер – 13 ұпай және 4 рет доп қағып алды.


Матчтың үздік ойыншысы – Джеймс Флоренс. Америкалық қорғаушының «Астана» сапындағы дебюті өте табысты болды: Флоренс матчтың ең көп ұпай еншілеген ойыншысы болды, 7 үш ұпайлық доп салды (маусымдағы ең үздік нәтижені қайталады) және астана командасының соңғы және шешуші соққыларына сүбелі үлес қосты – 11 ұпай соңғы кезеңде. Бұл ретте, Душан Ристичті де бөле-жара атап өтпеу мүмкін емес. Ол бүгін гроссмейстерлік көрсеткішке сәл-пәл ғана жетпей қалды – 20 ұпай + 20 рет доп қағып алу.

«Зелена Гура» клубының бас бапкері — Жан Табак:
— Біз қарымды командаға қарсы тәп-тәуір ойын үлгісін көрсеттік. Бәрі де соңғы кезеңнің ақырғы 5 минутында шешілді. Өкінішке қарай, белгілі бір ойын бөлігінде біз бірде-бір ұпай еншілей алмай, жеңістен айырылып қалдық. Әйтсе де, мен өз жігіттерімнің қалай ойнайтындығын және қай бағытқа бет алып бара жатқанымызды мақтан тұтамын. 

«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович: 
— Мойындауым керек, бұл біз үшін үлкен жеңіс болды. Биылғы маусымда «Зелена Гура» өте жақсы ойнап жүр. Осындай азулы командадан басым түскен маңызды жеңістері үшін өз жігіттеріме алғыс жолдағым келеді.

Салдары: Осындай маңызды жеңісінің арқасында «Астана» екі саты жоғары өрлеп, турнир кестесінде 9-орынға орналасты. Ал «Зелена Гура» қазір 11-орынды иеленіп тұр.

Келесі матч: Жаңа жылдағы бірінші демалыста, яғни 5 қаңтарда жексенбі күні, елорда баскетболшылары өз алаңында Красноярскінің «Енисей» клубын қабылдап, ВТБ Бірыңғай лигасысындағы келесі ойынын өткізеді. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»